Латын әрпін қолданған елміз

Латын әліпбиіне көшу – бізге бірнеше мақсаттың басын біріктіруге мүмкіндік береді. Жан-жақты ойластырылған жоспардың түбі жеңіс болары хақ. 

Жемісті жылдардан жеңістің шыңына дейін үлкен қайрат, селкеусіз сенім керек. Латын әліпбиінің арқасында біз, компьютердің тілін еркін түсіне аламыз. Ал,  ғылымның тілі қашанда латынның тілінен еншісін бөліп алмақ емес. Біздер Мәңгілік еліміздің болашағы «Үш тұғырлы» тілде екенін мойындауымыз керек. Жастар жаңа күннің жаршысы екенін ескерсек, біздің балаларымыз бен немерелеріміз ағылшын тілін мектеп қабырғасынан меңгеруде.  Яғни, олар, латын әліпбиін онсыз да біледі деген сөз. Жастар жағынан қиыншылық туындамайды деп толық сеніммен айта аламын.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты өз мақаласында айтқанындай, алдағы уақыттағы орындалатын, нақты жоспарлы мақсаттарға қадамдар  сәт-cәтімен болуы керек.  «Асықпаған арбамен қоян алады» деп қимыл жасау бізге тән. Барын бағамдап, салдарын сараптап барып іске кіріспек керек. Латынға көштік деп, түн баласында үдере көшкен ауылдай болып, артымызда бықсыған ошақтың оты қалмауы тиіс. Тарих толқыны тасуды талап етуде, шегеретін һәм шегінетін шақ емес. Болашақ – осалдықты кешірмейді.  Кім ғылымға жақын, кім техниканы меңгерген, кім бәсекеге қабілетті болса, заман соның
жолдасы. «Жүрген жолыңнан
бұрын, көргенің көп болсын» дейді халық даналығы.
Тіліңді жоғалтсаң, өзіңді жоғалтқаның. Таяқтың екі ұшы бар секілді, бұл тіл мәселесінің де екі ұшты болып тұрған шағы екенін жасыра алмаймыз. Келер күннің шындығын көріп тұрып, жоқ деу дұрыс емес. Бүгінге бейімделген адам, ертеңге неге бейімделе алмайды?! Бір туға біріккен екенбіз, онда бүгініміз бір, болашағымыз да бір. Біз латын әліпбиін бұрын да қолданған елміз. Ендеше  көкірек көзі ояу, оқыған, қазақ жұртының күллі азаматы игі істен қалыс қалмауы тиіс. Болашақ кемел болсын десек, латын әліпбиіне көшуіміз жедел болсын.
Сағынай СЕЙІТЖАНОВ,
Астрахан аудандық  ардагерлер кеңесінің төрағасы,  Астрахан ауданының құрметті  азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар