Арқаның ақ таңымен ілесіп, Аудан күніне орай, ереймендіктер Малтабар ауылына қарай ағылды. «Мереке құтты болсын! Елімізге құт-береке дарысын!»,–деп бір-біріне ақжарма тілектерін арнаған аудан тұрғындары мен меймандары алаңға көп жиналды. Салтанатты шарада аудан әкімі Ермек Нұғыманов жиналған жұртшылыққа жүрекжарды ақ тілегін арнады.
Топырағында қарт Бөгенбайдың ізі қалған, аспанында Үмбетей жыраудың асқақ үні қалықтаған киелі Ерейменнің жеріндегі дүбірлі тойдағы шат көңіл алаңға жиналған қарақұрым халықтың бойынан сезіліп-ақ тұр. Ауданға қарасты ауылдық округтер мерекеге арнап 25 киіз үй тігіпті. Анадайда сол ақшаңқан киіз үйлер өзіне ұмсындырып, менмұндайлайды. Сахна мерекеге сай безендірілген. Алдымен, «Елдіктің бастауы, ерліктің дастаны – Ерейментау!» деп аталған хореографиялық композиция көрсетілді.
Ән ырғағымен жарасымды билеген жастарды көріп, шын тәнті боласың. Балалар асық ойнап, салтанатқа сән берсе, боз кілемде балуандар белдесіп думан көрігін қыздырды. Ақ жаулықты әжелер, ұлттық киім киген қыздар көпшілікке бауырсақ ұсынып, қымыздан ауыз тигізіп жатты. Салтанатты шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Ермек Нұғыманов жұртшылықпен жарқын жүздесіп, халыққа игі тілегін арнады. Елдің өткені мен бүгініне тоқтала келіп, аудан әкімі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының негізі ел арасындағы татулық пен бірлікті, көпұлтты мемлекеттегі ұлтаралық ынтымақтастықты сақтау екенін айта келіп, аталмыш шара Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген бағдарламалық мақаласы аясында өткізіліп отырғандығын баса айтты.
– Өткенсіз бүгін жоқ, деген қағиданы көңілге ұялатып, ата-бабадан мирас болып қалған еліміз, жеріміз, тіліміз, ділімізді сақтау, сақтап қана қоймай, сол құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, бүгінгі буын, ер азаматтардың міндеті,–деп бастады сөзін аудан әкімі. –Кезінде халқымыздың тағдыры таразыға тартылып, алаш баласының басына күн туған заманда ел намысын ту етіп атқа қонған Қанжығалы Бөгенбай, Жантай, Атан, Досай, Үрпек, Орта жүзге ұран болған Айдабол Олжабайдай ерлердің батырлық келбетін, даңқын әсірелеп, Үмбетей жыраулардың, Бапан, Саққұлақтай билердің даналығын халық жүрегіне ұялату басты мақсат. Өткен жылы Үмбетей бабамыздың Жантай батыр дастанының желісімен, менің арнайы ұсынысым бойынша ұйымдастырған «Жантай батыр жорығының ізімен» атты тарихи-танымдық экспедиция мүлгіп жатқан тарих сырын ашты десем қателеспейміз. Биылғы жылы да осындай шара ұйымдастырылып, Ерейменнің киелі жерлерін аралап, деректі фильм түсіріп, халық назарына ұсындық. Осы орайда, ауданымызға арнайы келген университет ғалымдары мен құрметті қонақтарға, ел азаматтарына зор алғысымызды білдіремін,–деді аудан басшысы өз сөзінде. Айта кету керек, ереймендіктер тарихты тереңнен зерделеп, өткеніне құрметпен қарайтын, ұлыларын ұлықтай білетін ел. Атадан қалған осы бір үрдісті аудан басшысы да қызу қолдайды. Бір атап өтерлігі, аудан әкімі Ермек Нұғыманов қай қызметтің тізгінін ұстаса да жүрген жерінде қазақтың мәдениетін, өнерін, тілін, ділін, тамыры терең тарихын аса қатты бағалайтын, зердесі биік ұлт жанашыры екендігін танытып жүреді.
Аудан күні осымен төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Ерейменнің айтулы аптал азаматтары еліміздің түкпір-түкпірінен мына тойға ат басын тіреп арнайы келіп отыр. – Ерейментау ауданы ежелден киелі жер атанған. Бұл баһадүр батырлар, ақиық ақындардың елі. Барлығыңызды мерекемен құттықтаймын! Ырыс пен игіліктер молынан болсын,–деген аудан әкімі жыл бойы еселі еңбегімен елге үлгі болған кәсіпорын басшылары мен озат еңбеккерлерді марапаттап, арнайы дипломдар мен ескерткіш сыйлықтарды табыс етті.
Әкімнің жылы лебізді құттықтауы жиналғандарды қанаттандыра түсті. Балуаны белдесіп, сал-серісі жарасқан, күміс көмей әншілері әннен шашу шашқан, алтыбақаны тербетілген, сауда-саттық қызып, әр үйдің маңында қазан көтеріліп, ет пісіп, белдеуге ат байланғанын айта берсе сөз жетпейтін дүркіреген той дүбірі көрініс тапты. Біз үшін бәрінен артығы да, қымбаты да мақтанышпен марқаятынымыз да ол елдің, жұрттың, жалпы халықтың пейілі мен ниеті, ақжарқын көңілдері мен бірлігі болды. Қашанда небір игі істердің бастауында тұратын Ереймен өңірінде ғасырлар тоғысып, жылдар жаңғырып, ұрпақтар ғибрат алатын үлкен шара дүбірлеп өтті десек те артық айтқандық емес. Сауда-саттық та қыза түсті. Ауданның қолөнер шеберлерінің көзтартар бұйымдарын жиналған жұртшылық аса бір қызығушылықпен тамашалады.
Кең даланың төсін дала сахнасына айналдырған бір шаңырақ астында ұйысқан әртүрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері бірліктің туын биік ұстап, шаттықтың шуақты нұрын себезгілетіп, шұғылалы биден шашу шашты. Ереймен елінің өнерпаздарының орындауындағы халықтың әуезді әндері де құлақтың құрышын қандырып, күмбірлі күйлері жүрек пернесін шертті.
– Аудан күні мерекесін асыға күтеміз. Бүгінгі салтанатты шара өте жақсы ұйымдастырылған. Біздің ауданның өнерпаздары шетінен мықты. Ән десең – ән, күй десең – күй, би десең – биі қандай! Қолөнер шеберлерінің бармағынан бал тамған. Жиналған халықтың да көңіл-күйі керемет. Осындай мерекені ұйымдастырған облыс, аудан басшылығына зор алғысымды білдіремін. Осының барлығы елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің арқасы. Халық Елбасының сындарлы саясатын әркез қолдайды. Еліміз тыныш, халқымыз аман, іргеміз берік болсын,–деп ізгі тілегін білдірді Ерейментау ауданының құрметті азаматы Манап Бектасұлы бізге берген сұхбатында.
Әрине, қазақтың тойы бәйгесіз өткен бе, бұл жолы да Астана, Қарағанды, Павлодар сияқты еліміздің басқа да өңірлерінен бабы келіскен сәйгүліктерін баптаған шабандоздар келді. Жарыс қорытындысы бойынша 20 шақырымдық аламанда Павлодар облысынан келген керекулік Мұхтар Асқар тізгіндеген сәйгүлік мәре сызығынан бірінші болып өтсе, тоқ бәйгеде қарағандылық Мерей Нұрдин өзгеден оза шапты. Жабы жарыста жаңажолдық Нұрлан Шүкеевтің ақ боз атының маңдайы жарқырап, мәре сызығын бірінші болып кесті. Көпшілік қызыға күткен көкпаршылар сайысында Жолбасшы ауылының командасы (команда капитаны Қуандық Сәбитов) бірінші орыннан көрінді.
Сондай-ақ, балуандар күресі де қызықты өтіп, жас жеткіншектер болашақта мықты спортшы болатындықтарын көрсетті. Айта кету керек, Ереймен елінде қазақ күресі жылдан-жылға дамып келеді. Оған дәлел осы өңірдің балуаны Ербол Нұрланұлы ел абыройын асқақтатып, Ақмола барысы атанған. Дүбірлі додада Түйе балуан атағын жеңіп алып, жүлделі 1 орынды қанжығасына байлаған астаналық Ғани Сидильдаев жеңіс тұғырынан көрінді.
Ұлыларын ұлықтаған, төл тарихын ұмытпаған Ереймен елінде осындай дүбірлі той өтті. Бұл арада осы бір игі шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, тәрбиелік мәнімен тағылымы зор тамаша істерге бастамашы бола білетін аудан басшылары мен тиісті мамандарының еңбектерін атап өту керек. Қырманы астыққа, өрісі малға толы, берекесі мен мерекесі жарасқан Ереймен елі Аудан күнін көтеріңкі көңіл-күймен, алдағы күндерге үкілі үмітпен, ізгі тілекпен осылайша қарсы алды.
Суретті түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.
Ерейментау ауданы.