Латын әліпбиін жатырқамайық

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында 2025 жылға қарай толықтай латын әліпбиіне көшу жөніндегі айтқаны ақмолалықтардың көңілінен шығып отыр.

Облыс халқы латын әліпбиіне көшу тілдік негізі бір түркі халықтарымен жақындасуға игі ықпал етеді және интернет арқылы байланысқа шығуға оң әсерін тигізбекші деген пікірде. Осы орайда, «Арқа ажары» газетіне келіп түскен пікірлер топтамасын оқырман назарына ұсынып отырмыз. Өткен ғасырда он жылдан астам уақыт қазақтар латын әліпбиін қолданған болатын. Осыдан 26 жыл бұрын, 1991 жылы КСРО-ның ыдырауына байланысты қазақ елі өзінің егемендігін жариялап, жеке мемлекет құрды. Қазақ тілі мемлекеттік тіл деп Ата Заңымызда жазылып және «Тіл туралы» заң қабылданды. Халық болса, тіл де болады, бұл екеуі ажырамайды, тілді қоғамнан бөліп қарауға болмайды. Тарихтың кезең-кезеңінде жазу жүйесі қалыптасып, сондай-ақ, тілдегі сөздік қоры да толығып отырады. Оған дәлел, осы тәуелсіздік жылдарында тілдік қорымыз көптеген жаңа сөздермен, терминдермен толықты. Ол халықтардың қарым-қатынасы, көшіп-қонуы, өндірістік, мәдени байланыстардың нәтижесі.
 Қазақ жазуы үш түрлі жазу жүйесін басынан өткізіпті. Қазақстанда араб жазуы өткен ғасырдың 30-шы жылдарына дейін қолданыста болған. «Қазақ сөздерін араб алфавитімен жазуға болмайды, латын алфавитіне көшу керек деген ұсыныстар кеңес үкіметіне дейін де айтылып келген» – деп жазады «Қазақ жазуының тарихы қайда?» деген  еңбегінде филология ғылымдарының кандидаты М.Өмірбекова.
 Қазақстанның орталық атқару комитетінің «Қазақтың жаңа емлесі туралы декреті» жарияланғаннан кейін 1929 жылы 25 шілдеде қазақ тілі латын графикасына көшті. Латын графикасында 29 әріп бар, оның ішінде 9 да-уысты, 18 дауыссыз, сондай-ақ, екі (и, у) жарты дауысты дыбыстар. Латын графикасының негізгі ұстанымы фонетикалық болып, тек 1938 жылдың басындағы қаулыдан кейін бас әріппен жазу заңдастырылып, емленің негізгі  ұстанымы морфологиялық деп есептелді. Латын әріптеріне қосымша и, у, х, ф, в әріптері қосылды. Кеңес одағының басқа халықтары секілді 1940 жылы Қазақстан да кириллицаға көшті.
 «Бұл алфавитке көшу кезінде тіліміздің өзіндік ерекшелігі ескерілмей, дауыссыз әріптердің аты орыс тіліндегідей айтылып, ал дауыссыз дыбыстарды айтқанда алдынан, не артынан «ы» немесе «і» дыбыстарының бірін қосып айту қалыптасты. Мұндай тәсілді ғалымдар тілдің үйлесімділігі деп түсіндірді.  «Біздің қазіргі заманғы тіліміз даму барысында қайта құрылған, өзгеріске түсіп жаңарған жүйелер тобымен бірге, қайшылықтар, тілдің басқа жүйелік заңдылықтарымен үйлесе бермейтін құбылыстар тобынан тұратыны белгілі. Әрине, тіл тетіктерінің логикалық жетілгені соншалық, тіл қолданушылар ондай үйлеспеушілікті байқамайды», – дейді ғалым М.Өмірбекова.
Орыс әліпбиіне көшу салдарынан түркі тілдеріне ғана тән сингармонизм заңы ескерілмеді. Тілдің мұндай заңдылықтары, әр тілдің өзіндік ерекшеліктеріне байланыс-ты.  Тілге байланысты тұжырымын Ахмет Байтұрсынов ғылыммен жүйелеу керек деген екен. Қоғам қайраткерінің: «Біз де тіліміз бүлінбей сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқа тілде оқытуға тиіспіз. Қазақтың бастауыш мектебінде басқа білімдермен қатар, қазақ тілінің сөз, сөйлем жүйелерін де үйрету керек» деген сөзінің мәні бүгін де жоғалған жоқ.
  Әр жылдары қазақ тілін зерттеген ғалымдардың тұжырымдамалары біржақты дей алмаймыз. Тіл, әліпби мәселесінде ешқандай асығыстық, жеңілтектік танытуға болмайды.  Бала кезімізде әкеміздің латын әрпімен толтырылған түрлі құжаттарын оқитынбыз. Еш қиындығы жоқ секілді. Сондықтан, өз басым латын графикасына көшу бағдарламасын құптаймын.
    Өмірсерік ШАЙХИН.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар