Қымбатты достар! Осыдан 27 жыл бұрын, яғни, 1990 жылы желтоқсан айының он төртінші жұлдызында БҰҰ Бас Ассамблеясы 1 қазанды «Халықаралық қарттар күні» деп жариялаған болатын.
Содан бері елімізде жылдан жылға Қарттар күні дәстүрлі аталып өтуде. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Халқымызда «Қариясы бар елдің қазынасы бар», «Көп жасаған қария – ақылы теңіз дария» деген киелі сөздер бар. Қазақ дәстүрінде үлкенді сыйлап, ақылын тыңдап, алдынан кесе-көлденең өтпеген. Аға буынның мол тәжірибесі, сарқылмас даналығы және орасан күш-қуаты әрбір жанұяға ғана емес, бүкіл қоғамға пайдалы маңызды фактор болып табылады. Олар қоғамның дамуына белсене араласып, Қазақстанның іргетасын қалауға әрдайым өз үлестерін қосып келеді.
Әлбетте, тәуелсіз еліміздің бүгінгі жетістіктері болашаққа тыныш та еркін және қауіпсіз өмір сыйлаған ардагерлердің ерен еңбегінің, қажырлы жігерінің арқасы екені анық.
Жасы ұлғайған шағында әрбір қария өзіне бөлінер көңілге, мейірімділік пен көмекке зәру. Көпұлтты Қазақстан ардагерлері Елбасының саясатын әрдайым қолдайды. Елімізде ардагерлерінің басын біріктіріп отырған республикалық Ардагерлер ұйымы бар. Оның құрылғанына биыл 30 жыл толды.
Бүгінде отыз жылдық тарихы бар ұйым құрамында 1,8 миллионнан астам ардагерлер бар. Президентіміз Н.Назарбаевтың саясатына сай елімізде қарттарға лайықты құрмет пен қамқорлық көрсетіліп келеді. Зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерлерін көбейтуге байланысты қабылданған шаралар Қазақстанды ТМД елдерінің арасындағы жоғары зейнетақы төлеу деңгейіне көтерді. Дегенмен, елімізде әлі де болса әлеуметтік көмекке мұқтаж егде адамдар баршылық.
«Баталы ер арымас» деген, жастар үлкеннің батасын алуға ұмтылған. Халықаралық қарттар күні қарсаңында «Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Орталық Кеңесі еліміздегі барлық кәсіпкерлерге, еңбек ұжымдарының басшыларына ардагерлерге көмек көрсетіп, олар үшін осы атаулы күнді ерекше айлық мерекеге айналдыру жөнінде Үндеу жолдайды.
Кімде-кімнің үйінде қартайып отырған әке-шешесі немесе атасы мен әжесі секілді қымбатты «қонағы» болса, ол үйіне олардан артық құдайдың құрметті өкілі келеді деп ойламасын, егер үйдің иесі оларға дұрыс қарап, қамқорлық жасаса, қартайған ата-анасы оның отбасының құты болып табылады. Қарт кісіні құт-береке деп таныса – ол ұрпақтың көрегендігі. Ұрпағы құрметтеген ата-ана әр кезде де бақытты. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген сөз бар. Жастарымыз ата-анасының қадірін кешеуілдетпей түсінсе екен. Осы бағытта көмекке мұқтаж қарттарымызды ел болып қамқорлыққа алайық. Халқымызда «Көп түкірсе көл болар», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сияқты жақсы нақылдар бар. Ендеше, бір жұдырықтай жұмыла қимылдап елдігімізді көрсетейік. Еліміздің барлық өңірлеріндегі ардагерлер ұйымымен байланыс жасап, көмекке зәру егде адамдардың тізімін алып, мүмкіндікке қарай қаржылай, материалдық тұрғыдан көмек көрсетіп, өз үлестеріңізді қосуға шақырамыз.
Келешекке бейжай қарамайтын, елін-жерін, Отанын сүйетін патриот азаматтардың белсенділігі арқасында еліміздің болашағы жарқын болары анық. Ардагерлердің үндеуі түсіністікпен қабылданады деген сенімдеміз.
Қазақстан Республикасы
Ардагерлер ұйымының
Орталық Кеңесі.