Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың

Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан.  

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің  ғалымдарынан құрылған экспедиция  мүшелері Зеренді мен  Сандықтау аудандарындағы тарихи  маңызы зор нысандарды зерттеп қайтты.
Ең алдымен, экспедиция мүшелері зерлі Зерендіде орналасқан Балқадиша Ыбырайқызының  ескерткішіне барды.
Қызы едің, Ыбырайдың Балқадиша,
Бұралған белің нәзік,  тал Қадиша.
Сексен қыз, серуенге шықсадағы,
Ішінде шолпан жұлдыз, жарығым, сен Қадиша, –  деген Ақан серінің әніне арқау болған Балқадиша Кеңөткел деген елді  мекенде дүниеге келген. «Балқадиша – сұлулығымен ғана емес, өзінің парасатты болмысымен  барлық қазақ қыздарына үлгі боларлық», – дейді профессор  Аманжол Ыдырысұлы. Бұдан соң Кенесары ханның кеңесшісі  болған Қарауыл руынан шыққан  әулие көмекей Бөгенбай бидің мазарына барып, оның  рухына құран бағышталды.  Жан-жағы әсем қоршалған  үлкен мазарды  ауыл халқы өз күштерімен көтерген екен.  «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей,  ел халқы  осылайша әділдігімен танылған бидің аруағын құрметтеп, осындай игі жұмыс жасаған. Алайда, бұл мазар  тарихи ескерткіштерді қорғайтын арнайы мекеменің  бақылауында болса, нұр үстіне нұр болар еді.
Сандықтау ауданы  өзінің мазмұнды тарихымен ерекшеленеді.  Бұл ауданның тарихы ерте замандардан бастау алған. Мәселен, Кенесары көтерілісі қайғылы аяқталғаннан кейін  қазақ батырлары  ел үшін қасық қанын қиып, жерін аман алып қалу керектігін жақсы түсінді.  Осындай қиын-қыстау кезеңде  жаудың көзіне тік қарап, көтерілістерге батыл аттанған батырдың бірі Шамай. Ел ішінде оны қара шекпенділер уландырып өлтірген деген дерек бар. Аңыз бойынша денесіне у тараған батыр  есінен танып, Новоникольск ауылдық округі бұрынғы Құмдыкөл ауылының орман алқабына жерленген. Әттең, батыр бабаның басы әлі де дұрыс көтерілмеген.  Тарих беттеріне кеңірек сыр шертер болсақ, хан Кене алғаш рет атқа қонғанда  атасы Абылай ханның көзін көрген, жасы 100-ге таяу отырған  Шауыпкел батырға барып жөн сұраған екен. Сонда батыр:
Ақыл іздесең Қанайға бар,
Мал іздесең Есенбайға бар,
Көк найзалы  батыр іздесең
Қылды қарауыл  менен  Ноғайға бар, –
деген екен. Өлең шумақтарында айтылған  Қылды Қарауыл  руына жататын Көмекейден Қараболат, Бұқар, Жолдыбай, Сәуке тараған. Ал, Сәукеден Арлан мен Шамай туған.
    Мәшһүр Жүсіп  «Мес» деген  кітабында  Кенесары қосынының сарбазы, құралайды көзге атқан мергені, Наурызбайдың оққағары атанып, оны екі рет ажалдан алып қалған ержүрек адам деп   Кенжебай Ақпанұлын жазады. Осы Сандықтау топырағы ғана үшін  емес қазақ халқының бостандығы үшін күрескен  батыр бабамыздың  рухына дұға оқыттық. Мұсылмандық ғұрыппен, қайтыс болған батырдың басына тасты ұрпақтары орнатқан.
Каменка ауылының табиғаты  сөз жеткізгісіз сұлулыққа  тұнып тұр.  Осы елді  мекендегі орта мектепте ежелгі түрік дәуірінде жиі кездесетін тастан қашап жасалған адам бейнесіндегі балбал ескерткіші бар. Бұл ескерткіш 1999 жылы осы ауылда табылған. Содан бері мектеп мұражайының құнды жәдігерлерінің біріне айналды. Тіпті, мектеп оқушылары осы балбал тас жайында ғылыми жұмыстар жазып, түрлі байқауларға қатысыпты. Бұдан басқа, мектеп мұражайында 300 жылдық тарихы бар Библия  кітабы, Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға аттанған азаматтардың хаттары әлі күнге дейін сақталып,  мұра болып тұр.
Осылайша көкшелік ғалымдар Зеренді мен Сандықтау ауданындағы  өткен күннің белгісіндей болған тарихи ескерткіштер мен  жәдігерлерді аралап, жергілікті батырлардың ғұмыр  жолымен жақынырақ танысып, Елбасы мақаласын іске асыруда атқаратын жұмыстарды саралады.  Сонымен қатар, көрікті өлкенің болашағы зор екендігі де экспедиция барысында көзге анық көрініп тұрды. Бастысы,  өз туған  жерінің тарихын құрметтейтін азаматтар ел жұмысына араласып, өңіріміздің болашағы  жарқын болуына  бір кісідей атсалысқаны  игілікті іс болмақ.

Назгүл РАБИЛОВА.
Зеренді – Сандықтау – Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар