Қариялар неге алаңдаулы?

Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі ай сайын мемлекеттік мекеме басшыларының зейнеткерлерді жеке мәселелері бойынша қабылдауын ұйымдастыруды қолға алған еді.  

Қарттар күні қарсаңында бірінші болып Көкшетау қалалық білім бөлімінің басшысы  Бейбіт Жүсіпов қарияларды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Қабылдауға келген зейнеткерлердің басым көпшілігі қара бастарының қамын емес, бүгінгі таңда қоғамды алаңдатып отырған мемлекеттік тіл, үш тілде білім беру, бес күндік оқу жүйесіне көшу секілді мәселелерді ортаға салды. «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов бүгінде мектептердегі, балабақшалардағы қазақ балаларының өз ана тілдерінде сөйлемейтіндігіне алаңдаушылық білдіріп, ертеңгі күні тіліміздің тағдырына зор нұқсан келтіретін бұл мәселені қоғам болып шешу қажеттігін айтты. Ол үшін таза қазақ тілінде білім беретін мектептер мен балабақшалар санын арттырып, әуелі ата-аналар балаларымен ана тілдерінде сөйлесулері қажет. Қалалық білім бөлімі басшысының айтуынша, қаладағы орта білім беретін 24 мектептің тек үшеуі ғана таза қазақ мектептері. Келер жылдары облыс орталығындағы Сарыарқа ықшам ауданында 900 орындық қазақ мектебі ашылады деп күтілуде.
«Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің өкілдері де қабылдауда мемлекеттік тіл мәселесін көтеріп, облыстық білім басқармасымен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қою туралы ұсыныс білдірді. Бірлестік мүшелері мектеп шәкірттеріне отансүйгіштікті, басқа да ізгі қасиеттерді насихаттау мақсатында  тәрбие сағаттарын өткізбекші.
Қариялар қабылдау барысында бастауыш сыныптардағы мектеп бағдарламаларының балалар үшін қиын екенін, сонымен қатар, орта білім беру ошақтарында футболды дамыту керектігін айтты. «Оқжетпес» балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол мектебі жанындағы ардагерлер кеңесінің тең төрағасы Виктор Павленконың пікірінше,  дене шынықтыру сабағының үшінші күні футбол сабағына арналса, балаларды жастайынан теңбіл допқа баулып, елімізде аталмыш спорт түрін мықтап дамытуға  болады. Бұл әдіс әлемге футбол тарландары ретінде танымал Испания мен Германия елдерінде бұрыннан бар көрінеді.
Көкшетау қалалық білім бөлімінің басшысы Бейбіт Жүсіпов айтылған ұсыныстардың бәрін назарға алып, оларды заң аясында шешуге тырысатынын, сондай-ақ, ұзақ жыл бойы ұстаздық етіп, қазір құрметті зейнет демалысында отырған қарттарға еңбек ардагері медалін беру туралы өтініш-тілектерін құзырлы органдарға жеткізетінін мәлімдеді.  
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар