Бауыржан Жүсіпбекұлы «Көкшетау автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жүргізуші болып жұмыс істейді.
Бүгінде жетпіске аяқ басқан кейіпкеріміз әлдеқашан құрметті зейнет демалысына шықса да, еңбек етуден еш жалықпай, отбасының асыраушысы, тірегі болып жүр.
Оның жұбайы Шолпан, ұлдары Марат және Данияр, қызы Гүлнәр да аталған серіктестікте еңбек етеді. Марат пен Данияр әкелері тәрізді автобусты тізгіндеп, қоғамдық көлікпен жолаушыларды тасымалдаса, жары мен қызы олардың жандарында кондуктор қызметін атқарады.
–Кіші ұлым Данияр екеуіміз бір автобусты жүргіземіз. Біріміз таңертең, біріміз түстен кейін шығып, бір-бірімізді алмастырып отырамыз. Жұмысым өзіме ұнайды. Әрине, кей кездері автобусымыз сынып, қиналып қаламыз. Бірақ, соған қарамастан, жұмысты жалғастырып келемін. Биыл серіктестік жаңа автобус берді. Күш-қуатым барда еңбектен қол үзбеймін, – дейді біздің кейіпкеріміз Бауыржан Жүсіпбекұлы. Ол «Көкшетау автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2001 жылдан бері жұмыс істейді. Одан бұрын Краснояр селосындағы «Бірлік» автобус паркінде қоғамдық көлік жүргізушісі, жекеменшік фирмаларда ауыр жүк көлігінің жүргізушісі де болған. Жалпы еңбек өтілі қырық тоғыз жыл.
«Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы» демекші, қай жерде қызмет етсе де, қарапайым жұмысшы өзінің еңбексүйгіштігімен, адалдығымен ұжым арасында абыройға ие. Жұмыстан қолы қалт ете қалса болды, қария балық аулауға асығады. Оның өмірі осындай тынымсыз еңбекпен өріліп жатыр. Еңбек адамның көркі болса, біздің кейіпкеріміздей қарапайым жандар заманымыздың көркі болып жүр.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.