ЕРЕЙМЕНТАУДАҒЫ Құмай этнопаркі

Ерейментау ауданындағы «Құмай» түркілік археологиялық-этнографиялық қорым ескерткіші Қазақстанның қасиетті жерлері картасына енгізілмекші. Қорым шет ел ғалымдарының да назарын аударуда. Олар Қазақстанның мәдени мұраларының экспозициялары негізінде туризмді дамыту мен мұражайтану, этноархеологияны ғылыми-зерттеу тұрғысынан инновациялық тұжырымдарды қамтыған көрнекті жобаға әбден лайықты деп бағалауда. Бұл жоба Орталық Азиядағы бірегей кешенге айналуы әбден мүмкін. 

Ұшы-қиырына көз жетпейтін сары даланың әр белесі, әр төбесі қойнына тылсым тарихтың таңғажайып қазыналарын уақыттың шымылдығымен қымтап, мүлгіп жатыр. Қорым Ерейментау ауданындағы Жыланды тауының етегінде. Алғаш рет 2009 жылы табылған. Содан бері белгілі тарих ғылымының докторы, түркітанушы Айман Досымбаеваның жетекшілігімен жан-жақты зерттелуде.
Алдымен, бір ауыз сөз атауы жайында. Жыланды тауын жиектей аққан Құмай өзенінің жағалауындағы аумағы атшаптырым алқапта жатқандықтан, осы жердегі қорымдар ғылыми айналымға осындай атаумен енгізілген. Аз дүние емес. Мәселен, түркілік ғұрыптағы «Қос батыр» тас мүсінді қоршауы, қола дәуіріне тән бейіт, бағзы заманғы Қарағайлы-1, Қарағайлы-2, Қарағайлы-3 тас қоршаулары, сондай-ақ, қола дәуірінің жәдігері Қарағайлы қорымы, «Мұртты» қорғандары, ежелгі қоныстың орны мен тас мүсіндер, Балықты-1 қорғаны, сондай-ақ, орта ғасырлық жерлеу құрылымдары аса құнды ескерткіштердің  қатарында. Яғни, қаншама қазынаны бейсауат көзден жасырып жатқан осынау қорымдарды топырақтан аршып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында ата-бабаларымыздың өмір сүру салтынан, сол дәуірдегі өзгеше өркениеттен мол мағлұмат алуға әбден  болады. Демек, көне дәуірдің көрінісін көз алдыңа әкелетін осы бір деректі дәйектер бағзы заманның бейнесін әйгілейтін мазмұны мол жиынтық.
Ендігі арада құнды жәдігерлерді ашық аспан астында ақ жауынға тоздырып, өкпек желге өңін тайғызбай өнеге қылатын уақыт жеткен тәрізді. Яғни, туристік кешенге айналдырса тіпті, тамаша болар еді. Бұл – болашақтың шаруасы.
Ел аумағында сонау қола дәуірден бері үздіксіз қолданылып келе жатқан ежелгі металлургия дағдысы, дәстүрлі қолөнердің көптеген түрлері, керамикалық, зергерлік, былғары, мата бұйымдары, сондай-ақ, қару үлгілерін жасау тәрізді әлемдік тәжірибеде аналогы бар мұраларды сақтау жөніндегі идея ғалымдардың қызығушылығын тудырып отыр. Қорым шет ел ғалымдарының да назарын аударуда. Олар Қазақстанның мәдени мұраларының экспозициялары негізінде туризмді дамыту мен мұражайтану, этноархеологияны ғылыми-зерттеу тұрғысынан инновациялық тұжырымдарды қамтыған көрнекті жобаға әбден лайықты деп бағалауда. Бұл жоба Орталық Азиядағы бірегей кешенге айналуы әбден мүмкін.
Азуын айға білеген асыл ата-бабаларымыздың мәңгілік рухының ешқашан өшпейтіндігін дәлелдейтін жәдігерлер құпиясы жаңа арнамен өрістемекші. Қазақстанның қасиетті жерлері картасына енгізілген осы бір қорымның тілін тапқан текті ұрпағына тамылжыта айтар дерегі әлі де аз емес.

Қуаныш Шақшақов,
Ақмола облыстық тарихи-мәдени  мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар