Егіз лебіз ел ардағына арналды

Таяуда Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры гастрольдік сапармен Қостанайда болып, Иззат Сұлтановтың «Отбасылық құпия» комедиясын көрермендер назарына ұсынды. 

Жерлестеріміздің рухани сый-сияпаты жалғыз комедия ғана емес, елді елең еткізген тосын тартуы да бар еді. Осы театрдың актері Құмарбек Қалқатаевтың Қойшыбек Нарбаевтың сөзіне жазылған «Қазақтың Кәмшаты» және Қаратай Төлекеевтің сөзіне жазылған «Кәмшат апам» атты әндерінің тұсаукесері өткізілді.
Заманында күллі Кеңес Одағына атақ-даңқы мәлім болған Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кәмшат Дөненбаеваның есімі халқымыздың мақтанышына айналғалы қашан. Сазгер Құмарбек Қалқатаевтың ән әлеміндегі әдемі табысы – Кәмшат апайға арнаған қос әнінің шығу тарихы жайлы облыстық «Арқа ажары» газеті жазып, оқырмандарына жеткізген болатын.
–Кәмшат апамыздың ерен еңбегі жайында кітап та жазылған, фильм де түсірілген. Тек ән жазылмаған екен,–дейді Құмарбек Қалқатаев,–кейінгі ұрпақ даңғайыр диқанның еңбектегі ерлігін білуі керек-ақ. Осы әндерім арқылы еңбек адамын насихаттауды өзіме мақсат тұттым.  «Қазақтың Кәмшаты» әнін әнші Рәшида Ғалымова орындаса, екінші әнді автор тамылжыта орындап берді. Бүгінде жетпістің үшеуіне келіп отырған Кәмшат апайдың келіні Ақмарал Дөненбаева көкшетаулық өнер иелеріне ақ алғысын жолдады.
Еңбекті қадірлей білгенге, еңбек адамын құрметтей білгенге не жетсін, шіркін!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар