Химия пәнін ағылшын тілінде оқытуда

Еңбекшілдер ауылындағы орта мектептің мұғалімі Қарлығаш Шамшиева химия пәнін ағылшынша оқытып жүр. 

Сабақ басталды. Қарлығаш Төлегенқызы әдеттегідей сыныпқа кіріп, тақтаға бүгінгі күнді жазды. Содан кейін жаңа тақырыпты бастамас бұрын өткен сабақты тиянақтап, үй тапсырмасын сұрай бастады. Күмістің физикалық, химиялық қасиеттері жайында үй тапсырмасын оқушылар жан-жақтан қол көтеріп айтып жатыр…
Бала кезімізде «физика мен химия, қонбайды менің миыма» деп әзілдеп, түрлі реакциялар мен тәжірибелерді әзер ұғатын осындай ауыр пәнді Қарлығаш өзінің ана тілінде ғана емес, ағылшынша да оқытып жүр. Иә, туған тілімізде дұрыс түсіне алмайтын күрделі пәнді  бүгінгі жас ұрпақ шет тілінде меңгеруде. Ал, мұғалім болса, ағылшынша түсіндіріп, сайрап тұр. Соған қарап отырып, өзіңді бір шет елде жүргендей сезінеді екенсің.  
–Қазіргі заманның балалары нені болса да тез қабылдайды. Олар техниканың, Интернеттің тілін бесіктен белдері шықпай жатып, үйренеді. Өздеріңіздің кішкентай балаларыңызды немесе немерелеріңізді қарасаңыздаршы, қолдарына бір-бір смартфон, планшет ұстап алып, оның құлағында ойнайды. Олар барлығын тез ұғады. Сол сияқты пәнді шет тілінде үйренуден қорқудың қажеті жоқ. Қазір біздер үш тілде еркін сөйлейміз. Бұл балаларға болашақта шет мемлекеттердің жоғары оқу орындарына барып, білім алуларына да жол ашады, – дейді жаңашыл ұстаз. Жаңалыққа жаны құмар, жаңашылдықты қолдайтын заманауи ұстаздар осындай болар.
Облысымыздың қай ауданына барсақ та, химия пәні бойынша сабақ беретін мұғалімдердің жетіспеушілігі, жақын орналасқан екі ауылға бір мұғалім ғана бөлінетін жағдайларды көріп жатамыз. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Еңбекшілдер ауданының Невский және Андығожа батыр ауылдарының орта мектептерінде осы пәннен Қарлығаш Төлегенқызы сабақ беріп жүргенін көретін едім. Мұның басты бір себебі, бүгінгі таңда биология және химия пәндерінің мұғалімдерін бөлек-бөлек оқытуда шығар. Өйткені, осыдан бірнеше жыл бұрын бұл екі пән бойынша бір маман сабақ беретін. Ал, қазір бұл екі пән жоғары оқу орындарында екі мамандық ретінде оқытылатын болды. Және де мектеп бағдарламасында химия пәнінің сағаты аз. Ол 8-10 сыныптар арасында ғана оқытылып, 8-9 сағаттан аспайды.
–2014-2015 оқу жылында Донской орта мектебінде химия пәнінен сабақ бердім. Сағат саны аз болғандықтан, мектеп директоры қосымша үйірмелерді қосып, бір ставкаға жеткізіп берді. Жаңа жылдан кейін осы аудандағы Невский орта мектебінің директоры Көпжасар Тәшенұлы аптасына бір күн келіп, химиядан оқушыларға сабақ беріп кетуімді өтінді. Кей кездері екі ауылдың арасындағы жол қарлы бораннан кейін жабылып қалатын. Соған қарамастан, мектептің директоры бір амалын тауып, мені ауылдан алып кетіп жүрді. Кейін Еңбекшілдер ауылының бір азаматына тұрмысқа шықтым. Екі мектептің директорлары маған химия пәні мұғалімін табу қиын екендігін, жастардың ауылға келгілері келмейтіндіктерін айтып, менің жұмыс істеуімді қолқалады. Бірақ, отбасылы болған соң, еріңнің де абыройын ойлау керек. Сөйтіп, мен Еңбекшілдер ауылының орта мектебіне жұмысқа орналастым. Онда да химия пәнін оқытатын ұстаз жоқ екен, мектептің директоры Үміт Мұхамадиқызы мені қуана-қуана қарсы алды. Мұнда да химия пәнінің сағаты аз болып, қосымша вариативті сабақтармен толықтырды, – дейді Қарлығаш Шамшиева.
Қарлығаш Төлегенқызы Еңбекшілдер ауданының Аңғал батыр ауылында, қарапайым отбасында дүниеге келген. Бес баланың кенжесі. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде химия пәні мұғалімі мамандығын алып шыққан. Шет тілін жақсы меңгерген. Жақында аталмыш уни-
верситетте арнайы ұйымдастырылған жаратылыстану бағытындағы пәндерді шет тілінде оқытуға арналған екі айлық курста оқып, білім-білігін шыңдап қайтты.
–Жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде беру тәжірибесі былтырғы оқу жылында енгізілген еді. Барша жұрт үрке қарап, не болады дедік. Қазақта «көз қорқақ, қол батыр» демей ме. Ағылшын тілі пәні мұғалімі екеуіміз бірлесіп терминдерді аударып, оқушыларға жиі кездесетін сөздерді жаттатып, үйреттік. Жаз айларында облыс орталығында үйренген тәжірибеммен аудандағы әріптестеріммен бөлісіп тұрамын,–дейді сөзінің соңында ұстаз. Иә, бұл абзал жанның өз мамандығына шексіз берілгендігі болса керек.

Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА.
Еңбекшілдер ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар