Сүйінші, сұлу Көкше, Арқа жұрты!.. ардағы қалың елдің Үкілі Ыбырай есімі облыстық филармонияға берілді

Ақиық ақын Сәкен Сейфуллин аса көрнекті композитор, Орта жүздің ішінде алдына әнші салмаған Үкілі Ыбырайды «Әні бар «Гәкку» деген аңқылдаған» деп сипаттаған болатын.

Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған Арқа өңіріндегі ұлттық мәдениетіміздің аспанына шалқар шабыт пен сәулелі нұр шашқан теңдесі жоқ өнер иелерінің айшықты шоғырының нақ ортасында Үкілі Ыбырай есімі шексіз құрметпен аталар еді. Бұл құрмет ұлттық өнерге, ән өнеріне, әнші-сазгер Үкілі Ыбырайға деген туған халқының құрметі. 

 

Ендігі әңгіменің соқталы жері Үкілі Ыбырай есімін мәңгілік мұра ету жайы. Осы бір мәселені Көкше жұртшылығы өткен ғасырдың соңынан бері көтеріп келді. Әйтсе де, күткендегідей нәтиже шыға қойған жоқ. Бізге белгісіз себебі мен салдары көп болды. Әйтеуір, ұлтжанды азамат, елдің сөзін сөйлейтін еріміз, сенатор Жабал Ерғалиевтің Үкіметке депутаттық сауал жолдап, осы мәселені бар ынта-ниетімен көтеріп, депутат ретінде де, ең бастысы азамат ретінде де араласуының арқасында ақ түйенің қарны жарылған зор қуаныш болып отыр.  
Сол үшін де алғыс айтуымыз керек, көпке ортақ қуаныш құтты болсын, ағайын. Зайыры бұл ұсақ-түйек мәселе емес. Бүгінгі күні ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына орай бір сәт қалғып кеткен қаншама мұрамызды жинақтап, екшеп, келер ұрпақты кәдесіне жаратуға тырысып жатырмыз. Сол ізденістің бір көрінісі осы жерде.
Үкілі Ыбырай есімі аталмай, лайықты бағасын ала алмай жүргенде жабырқаулы едік. Оның үстіне артына өлмес мұра қалдырған, әнсүйер қауымын әсем әндерімен сусындатқан, мазмұнды да мағыналы, ырғақты да сұлу иірімді әндері қазақ жұртының мөлдір аспанында қалықтап, тыңдаған жанның ет жүрегін толқытып, құлағынан кіріп, бойды алып, рухани азық беретін тамаша өнерімен тағылымды өнеге ұқтыратын тарлан өнер иесінің абзал есімі қала сыртындағы автокөлік гараждарының артындағы елеусіздеу, бар болғаны 7-8 үйі бар шолақ көшеге берілгендігі орны толмас өкініш еді. Бүгін сол өкініштің орны толған күн болды. Жер шоқтығы Көкшетауға өнер сапарымен болсын, зәуі бір себептермен болсын жолы түскен, ұлы өнердің ордасы – облыстық филармонияға соққан жұрт бұдан былайғы уақытта ұлы өнер иесінің асқақ есімі берілгендігін көріп, көңілдерін қуаныш билейтіні сөзсіз. Бұл жер жалғыз Үкілі Ыбырайдың ғана емес, Біржан сал, Ақан сері тәрізді тұлғаларымыздың, халық әндерінің шығармалары шалқитын қасиетті орын. Үкілі Ыбырайға көрсетілген құрмет Көкшетаудың ән әлеміне, сол әлемнің теңдесі жоқ тамаша тұлғаларына көрсетілген құрмет деп ұғамыз. Қасиеті де сонда, киесі де сонда. Сол қасиетті орынға әбден лайықты ат беріліп,  әділеттілік салтанат құрып отыр.  
Бұл да болсын Елбасының халқымыздың рухани әлеміне назар аударуының нәтижесі деп білеміз. Тіршіліктің қым-қуыт қарбаласымен жүрген қаншама жұрт туған жерін, туған жерінің тұлғаларын ойына алып, өткеніне үңіліп жатыр. Демек, рухани жаңғыру ең алдымен адамдардың санасының жаңғыруы деп айтатын болсақ, қателеспес едік.
Бүгінде облыстық филармонияның ілкіден келе жатқан ұлы өнерді жалғастырушы жас толқыны аталарының атына сай табысты еңбек етіп келе жатқандығын әбден білеміз. Өйткені, өнер ордасы – Көкшетаудың жезтаңдай әншілері Астананың асқақ сахнасында да, кең байтақ еліміздің өзге өңірлерінде де бағзы замандағы ел даңқына сай табысты өнер көрсетуде. Осылайша ұлы өнердің сабақтастық сорабы мәңгілік үзілмей, желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақтың санасына шапағат нұрын құйып, қасиетті өнердің өлмес рухымен тәрбиелей беретін болады.
Гәкку болып, қайтқан қаздай қаңқылдаған Үкілі Ыбырай әні, ұлы өнерпаздың рухы жер-көкті шарлап келіп, Сарыарқаның сайын даласын ән лебімен тебіренте тербелтіп, ұлы өнердің уығын шанышқан өнер шаңырағына қайта келіп қонды. Дауылпаз, асқақ үн үдей түскендей. Әсем саз әуелене шырқалып бара жатқандай.
Бүгін той. Өнер тойы. Қуаныштың лебі Көкшенің көгілдір тауларының сорабынан асып, Оқжетпестей биіктеп, Айнакөлдей толқып, жүрегі өнер деп соққан бар қазақтан сүйінші сұрайтындай. Несі бар, сұраса сұрайтындай-ақ қуаныш қой бұл. Сол қуаныш құтты болсын, ән сүйген, өнер сүйген қымбатты қауым!..

Қадыржан ӘУБӘКІРОВ,
еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар