Жер киесін тани білейік

Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсетілген Қазақстанның киелі орындарын анықтап, тізбесін жасауға бағытталған «Киелі Қазақстан» бағдарламасын орындауға арналған дөңгелек үстел шарасы өтті. 

Оған аудан әкімдерінің орынбасарлары мен мәдениет бөлімдерінің және музейлердің басшылары қатысты. Шараны ашып, жүргізген облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева Мемлекет басшысының мақаласында көтерілген еліміздің киелі орындарының географиясын жасау мәселесіне арналып облысымызда бірнеше мәжіліс өткізілгендігін және осы бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылғандығын айта келе,  еліміздің киелі орындарының картасына енген 100 тарихи ескерткіштердің 10-ы біздің облысымыздың аумағында екендігін, десек те бұл бағытта әлі де көп шаруалар атқарылуы қажеттігін  атап өтті.
Осы шараға арнайы келген Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, биылғы жылдың соңына дейін баспадан шығатын Астана қаласы мен Ақмола облысының тарихи танымал тұлғалары мен ескерткіштерін қамтитын  энциклопедия құрастырылуда. Онда, облысымыздың барлық өңірлеріндегі тарихи ескерткіштер жан-жақты қамтылатын болады. «Киелі орындары мен тарихи ескерткіштері мүлде жоқ өңірлер де бар, осыған орай, мұндай өңірлерде зерттеу жұмыстары жүргізілуі қажет» ,– деген ғалым облысымыздың аумағындағы ондай ескерткіштер  мен  орындар жайында жан-жақты айтып берді. Қорғалжын, Ерейментау, Атбасар, Бурабай аудандарының аумағында орналасқан ондай ескерткіштер мен орындар жақсы зерттелген және  халыққа біршама танымал болса, Астрахан, Ақкөл, Жарқайың сияқты аудандарда тарихи ескерткіш те, киелі орындар да жоқ деген жөн емес дейді тарихшы.
Шындығында, қазақтың елді мекендері мен жер-су атауларының бәрінің астарында аңыз және тарихи шындық бар. Мәселен, тарихи ескерткіштері жоқ деп саналып келген Аршалы ауданының аумағындағы Домбыралы, Моншақты деген жер атауларының арғы негізінде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырындағы Айбас батырдың сапарға шығып, жолда әртүрлі заттарын қалдырып кетуінен туған аңыз жатыр деп санайды ғалым. Аталмыш жырда Домбыралы да, Моншақты атауы да бар. Яғни, бұл аңыз әңгімелерді зерттеп, зерделей отырып, сол өңірдегі тарихи ескерткіштер мен киелі орындарды табуға болады деген сөз.
Тарихи ескерткіштерді қорғау орталығының директоры Қуаныш Шақшақов республикалық киелі орындар картасына облысымыздан енген нысандарға жан-жақты тоқталды. Ондай ескерткіштердің қатарында Ерейментау ауданының аумағында орналасқан Құмай ескерткіштер кешені, Бытығай кесенесі, Бурабай ауданындағы Абылай хан алаңы мен осы кешенге кіретін тарихи орындар, аңыз әңгімелерге негіз болған Оқжетпес шыңы, Целиноград ауданындағы Қабанбай батыр кесенесі, Жақсы ауданының аумағындағы Баубек батыр мазары сияқты орындар бар. Киелі орын деп аты айтып тұрғандай, мұндай жерлерге халық көп барып, кие тұтып мінәжат етуі керек. Өкінішке орай, облысымыздың аумағында орналасқан осындай киелі орындарға баратын адамдар онша көп емес. Тіпті, Ерейментау ауданының тұрғындары сол өңірде орналасқан Құмай тарихи ескерткіштер кешені туралы ештеңе білмейді екен. Осы орайда, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерейментау аудандық мәдениет бөлімі мен музей басшылығына  барлық аудандарға хат жазып, тарихи ескерткіш туралы мәліметтерді жіберуді тапсырып, содан кейін мектеп оқушылары мен оқу орындары студенттеріне аталмыш тарихи орынды таныстыру үшін саяхаттар ұйымдастырылғаны жөн болар еді деген ұсынысын білдірді.
Тарихи ескерткіштерді қорғау орталығы директорының айтуынша, республикалық киелі орындар картасына енуге лайықты орындар облысымызда әлі де аз емес. Оған қоса, зерттелмеген тарихи ескерткіштер де әр өңірде жетерлік.
Яғни, бұл бағытта әлі де көп жұмыстар атқарылуы тиіс.
–Сіз құрастырып жатқан энциклопедияға енуге тиіс тарихи тұлғалардың арасында осы өңірден шыққан Қанай би, Мәлік Ғабдуллин және Мыңбай Ысқақов болуға лайықты, –деді М.Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек. –Қанай би үш жүздің басын қосқан атақты Абылайға қорған болып, оның сондай биікке жетуіне қолғабыс берген Атығай-Қарауылдың көсемі, Мәлік Ғабдуллин қазақтан тұңғыш Батыр атағын алған адам және батырлар жырын зерттеген ғалым, ал, Мыңбай Ысқақов қазақ күнтізбесін жасаған талантты математик ғалым.
Дөңгелек үстел басындағы бас қосуда айтылған жайлардың бәрі облысымыздың аумағында зерттелмеген тарихи ескерткіштер мен киелі орындардың әлі де көп екендігіне, алдағы уақытта осы бағытта жұмыстар жүргізу, сөйтіп, киелі орындар мен тарихи ескерткіштер картасын толықтыру керектігі жайындағы пікірлермен тоғысты. Астанадан келген ғалым Жамбыл Артықбаев жыл соңына дейін жарық көретін энциклопедиялық жинақтың осымен бітпейтінін, алдағы жылдарда жалғасатынын айта келіп, жергілікті құзырлы органдар өз өңірлеріндегі киелі орындарды ашу бағытындағы жұмысқа  көмек көрсетсе деген тілегін жеткізді.
Жергілікті жерлердегі киелі орындарды анықтау, оны халық көп баратын шын мәніндегі киелі жерлерге айналдыру – ең алдымен, ұлттық санамызды жаңғыртуға және жастарымыздың бойындағы елжандылық, ұлтжандылық, яғни, отансүйгіштік қасиеттердің дамуына игі ықпалын тигізетіні анық. Бұл мәселенің маңыздылығы да осында болса керек.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар