Зейнетақы төлемін төлеу тәртібі өзгереді

Еліміз бойынша бірыңғай жинақтаушы зейнетақы (БЖЗҚ) қорының барлық филиалында Ашық есік күні өтті. Мұндай шара Ақмола облыстық филиалында да ұйымдастырылды. 

Ашық есік күні бағдарламасы аясында «Зейнетақы жинақтарын төлеу»  деп аталатын таныстырылым өткізілді. Онда еліміздегі зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға қатысты маңызды мағлұматтар жария етілді. Таныстырылымнан кейін барлық қатысушылар БЖЗҚ мамандарына өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кеңес алды.

Шараға қатысушылардың барлығы белгіленген кесте бойынша кімдердің зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар екендігі, зейнетақы төлемдерінің жыл сайынғы сомасы қалай есептелетіндігі, ерікті зейнетақы жарналары есебінен кімдердің зейнетақы төлемдерін ала алатындығы, шетелге тұрақты тұруға кетуге байланысты зейнетақы жинақтарын төлеу тәртібі, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру барысында қандай салық салынатындығы, сондай-ақ, зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аудару мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәліметтерге қанықты.
БЖЗҚ-ның Ақмола облыстық филиалының мамандарының айтуынша  таяу уақытта қор жұмысына бірқатар өзгерістер енгізілмекші.
Атап айтқанда, егер қазір зейнетақы төлемдері алушының таңдауы бойынша белгіленген кестеге сәйкес ай, тоқсан  және жыл сайын төленіп келсе, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен төленетін зейнетақы төлемдері тек ай сайын ғана жүзеге асырылатын болады. Бұл жөнінде Ақмола облыстық филиалының директоры Аяш Кеншінбаева өз сөзінде:
– Бұл норма зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру, оның ішінде бюджет қаражаты және зейнетақы жинақтары есебінен төленетін жинақтық зейнетақы мөлшерін арттыру мақсатында енгізіліп отыр. Басқа сөзбен айтқанда, құрметті демалысқа шыққан зйнеткер мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақыны және БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтары есебінен төленетін төлемдерді ай сайын алатын болады. Келешекте ортақ зейнетақы біртіндеп азайып, кейін мүлде тоқтатылатындықтан, мұндай төлемдердің салымшы үшін ай сайынғы табыс көзіне айналатындығы сөзсіз. Ал, ай сайынғы төлемдер мөлшерінің қандай болатындығы салымшының өзіне байланысты. Осылайша бүгінде еңбек етіп жүрген жандар үшін міндетті зейнетақы аударымдары өте маңызды мәселеге айналмақшы. Тағы бір айта кететін жай, ай сайынғы негізде жүзеге  асырылатын зейнетақы төлемдерінің мерзімділігі халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Егер алушылардың зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы ең төмен зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен (374 940 теңге) аспаған жағдайда, аталған сома алушыға БЖЗҚ-дан бір рет төленетіндігін айта кеткен жөн. Мемлекеттік кепілдік бойынша төлем алу үшін өтініш жазуға кімнің құқы бар деген сауалға келсек,  оған зейнетақы жасына жеткен ер  және әйел азаматтарымыз, мерзімсіз мүгедектігі бар жандар  (1-2 топтар), шет елге кеткен азаматтығы бар, азаматтығы жоқ салымшылар, қайтыс болған салымшының заңды мұрагерлерінің құқықтары бар, – деп атап көрсетті.

Қымбат-Ай ТОЙЛЫБАЙ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар