Сөмкең неге ауыр, балақай?!.

Біз де алғаш мектеп табалдырығын аттағанымыз, алғашқы ұстаздың алдында отырғанымыз есте. Енді мектепте немерелеріміз оқиды, соларға бәйек болып, солардың келешегіне алаңдаймыз. 

Жуырда биыл бірінші сыныпқа барған ұлдың сөмкесін қолыма алсам, зілдей. Таңданғаннан:
 – Сөмкең қалай ауыр?– деппін. Сол арада неше келі тартады екен, өлшеп көрсе деген ой да келіп қалып, әрі-сәрі күй кешкенім.
Сөмкенің ауырлығы кітаптың, сабақтың көптігінен ғой. Бірінші сынып емес, оған дейінгі «нолевой» сыныптың өзінде оқулықтан аумайтын жұмыс дәптерлерін қоса есептегенде бақандай 25 кітап бар екен. Рас, ол кітаптар көлемі жағынан жұқа. Бірақ, мұғалімдердің өздерінің айтуынша, әлі жетіге де толмаған, көбіне алты жастағы балаларға тым көп.
Алайда, осы күні бұл жағын халықтан, сол мұғалімдерден кім сұрап жатыр?! Сол алты жастағылардың сабақ кестесін қарасам, төрт сабақтан кем күндері жоқ. Кейде бес-алты сабаққа барып қалады. Оның есесіне екі күн демалыс. Сабақтың ұзақтығы да бес минутқа қысқарған. Дегенмен, мәселенің мына бір тұсы… Әлден жаратылыстану, көркем әдебиет, драма (!) пәндері. Ағылшын тілі болса-болмасын. Нөлдік сыныптан енгізіп қойған. Қысқаша ҚМУ деп атайтын пән тағы бар. Бұл не болды екен? Сөйтсек… «Қауіпсіз мінез-құлық негіздері». Атының шалағайлығы сонша, мектеп табалдырығын аттаған бала түгілі, үлкендер түсінбейді.
Енді аты-жөнін жазбай-ақ қоюымызды өтінген ұстаз пікіріне келейік. Иә, бізде қазір осы тайсақтау синдромы көбейіп кеткен.
–Балаларын қазақ сыныбына беріп жатқан ата-аналардың көбінің сөз саптасы орысша. Әйтеуір, үйдегі ана тілімізге жаны ашитын үлкендердің айтуымен осылай істеген жастар. Кей оқулықтардың атауын да ұғына қоймай, кәдімгідей қиынсынады. Осыдан келіп мектепте де, үйде де құдай берген ұялы телефонымызға дамыл жоқ. Сұрақтан сұрақ. Өйткені, оқу бағдарламасы әлден тым күрделі. Үйге берілген тапсырмалар ауыр соғып, ата-аналар хабарласа қалғанда, өзің де «алты жастағы балаға осының шынында не керегі бар екен?» – деген ойда қаласың. Міне, қазіргі оқудың бала тұрмақ, ата-анаға, мұғалімдерге де оңай еместігін осы айтылғаннан-ақ аңғаруға болады. Өзіміз білетін кешегі Кеңес Одағы білім сапасынан әлемдегі алдыңғы орындардың бірінде еді. Қазіргідей бір оқулықтың өзі жүз құбылды ма?!. Жоқ. Барлық мектепке бір «Мектеп» баспасы жетуші еді ғой. Сол кітап, сол оқу бағдарламасымен талай буын оқитын. Бұрын да, бертін де ол бағдарламаны бала өзі игеріп алып кетуші еді. Ал, қазір жанына бір адам керек. Бала түгілі, сол үлкеннің өзі оқулықтағы үй тапсырмаларын түсінбей жатады.
Себебі, осы дені дұрыс оқулық мәселесінің өзі бітпес жырға айналған. Мектепте де, ата-аналар арасында, Үкімет пен Парламентте де осы әңгіме. Яғни, әр баспа бір шығаратын сол мектеп кітаптарының сапасы сын көтере бермейді.
Жаңа оқу жылының басталғанына әлі бір-ақ ай. Соның өзінде кей оқулықтағы қателер, екі тілде араласып кеткен, түсіп қалған беттер биыл да көп тостырған жоқ. Білім жүйесіндегі толассыз реформалар, жөн-жосықсыз эксперименттер елді шаршатқаны сонша, жуырда осы мәселеге арналған парламенттік тыңдауларда Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл реформаны тоқтата тұру туралы пікір білдіргені бекерден-бекер емес.
Қазір Қазақстанда әрбір төрт жыл сайын оқулық жаңартылады екен. Білім жүйесіне енгізілген соңғы өзгерістер бар, биыл да мектеп кітаптары 27 миллиард теңгеге қайта басылды. Бірақ, бұдан бала үшін кітап қиындамаса, жақсарып кетпегенін айтады мұғалімдер.
Сонымен, біз көрген етектей тоғыз кітап, одан аумайтын алты жұмыс дәптерімен сөмкең сенің шынында да ауыр, бірінші сыныптағы балақай. Иығың талып, еңкіш тартып, мектепке қарай асығып барасың. Асық білімге! Сөмкең ауыр болса да, өмірің ауыр болмасын!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар