Отбасы – басты құндылық

Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова  облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының кезекті
отырысын өткізді. Кеңес барысында гендерлік саясатты ілгерілету жөнінен алға қойылған міндеттер мазмұнды әңгіме арқауына айналды.

Отырыста  облыс әкімінің орынбасары Айна Ермекқызы Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында  айтылған маңызды міндеттерді саралап айта келіп, алда атқарылуға тиісті маңызды істерге тоқталды.
– «Әйелдер – отбасы тірегі, яғни – мемлекет тірегі. Біздің еліміздің болашағы біздің бүгінгі баланы тәрбиелеуімізге тікелей байланысты» деп Елбасымыз айтқандай,  аналарсыз қоғамды елестету мүмкін емес. Қазіргі таңда әйелдер саясатта, бизнесте, экономиканың барлық салаларында ер азаматтармен қатар еңбектеніп, қабілет дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп қана қоймай, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда, – деді ол өз сөзінде.
Жиында мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының гендерлік аспектілері, өңір халқының репродуктивті денсаулығын сақтау бағытында қолданылып жатқан шаралар мен кәсіпкер-әйелдерді қолдау, нәзікжандыларды зорлық-зомбылықтан сақтап қалу мәселелері қаралды. Отырыста Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова облыс орталығында нәзік жандылардың басқару органдарындағы үлес салмағына нақты талдау жасап, гендерлік саясат бо-йынша атқарылып жатқан нақты істерге тоқталып өтті.
Әлеуметтік саладағы маңызды жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында құрылған өңіріміздегі 290 үкіметтік емес ұйымдардың 70 пайызын әйелдер басқарады екен. Көкшетау қаласындағы жергілікті тұрғындардың 53 пайызын қыз-келіншектер құрайды. Қазіргі таңда облыс орталығындағы  шағын және орта бизнес саласының 30 пайызы нәзік жандылардың қолында. Алайда, отбасында зорлық-зомбылық көріп, тағдырдың тауқыметін тартып жүргендер де аз емес. Мәселен, үстіміздегі жылдың өзінде Көкшетау қаласында  әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетудің 220 фактісі тіркеліп отыр. Оның ішінде жүрек түршіктірер деректер де кездеседі.
Осыған орай, әйелдерді қиындықтан арашалап алу үшін «Дағдарыс» орталықтары ашылады деп жоспарлануда. Жиын барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова баяндама жасады. Шешен өз баяндамасында нақты деректер келтіре отырып, шынайы жағдаймен таныстырды. Сонымен қатар, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досхан Әміренов атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталды.  Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, құқық қолдану тәжірибесін күшейту, сонымен қатар, отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастарды қамтитын заңнаманы жетілдіру мәселелері туралы облыстық ішкі істер департаментінің аға инспекторы Асылгүл Сыздықова тереңірек айтып өтті. Алдағы уақытта да отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттау, қоғамдағы келеңсіз көріністердің түп-тамырына тереңірек үңілу сияқты орынды ой пікірлер де айтылды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар