Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Үкілі Ыбырайдың мәңгілігі - АРҚА АЖАРЫ

Үкілі Ыбырайдың мәңгілігі

Қазақтың ән өнеріне өзіндік айшық, ерекше сипат алып келген дүлдүл өнерпаз, асқақ әнші Үкілі Ыбырайдың  есімі облыстық филармонияға беріліп, «Қалдырған сөзім – аманат!» атты тақырыпта өнер ордасының 71-ші маусымының ашылу салтанаты болып өтті. 

Республикалық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен мәдени шараға облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, сөз сөйлеп, өнер мерекесіне арнайы келген құрметті қонақтарға жүрекжарды тілегін жеткізді. Көкшетаулықтар мен қала меймандарын хас шеберлігімен тәнті еткен өнер жұлдыздарына облыс әкімінің атынан ықылас гүл шоқтары табыс етілді.
Аталмыш шараға киелі Айыртау өлкесінің алғысын арқалап, арнайы келген Айыртау  ауданының әкімі Ағзам Тастамбеков те сахнаға көтеріліп, жиналған жұртшылық алдында сөз сөйлеп, өнер ордасына Үкілі Ыбырайдың есімі беріліп жатқандығын зор қуанышқа балап, бұл біртұтас ұлттың абыройы екендігін баса айтып, облыс басшылығына ризашылығын білдіре келе, филармонияға ескерткіш сыйлық табыс етті.

Жұрт елең еткен жаңалықтың бірі жаңа маусымның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының халық әртістері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Қайрат Байбосынов пен Нұржамал Үсенбаева қатысты. Бұл әсіресе, жастайынан ән өнеріне қанып өскен, уызынан жарыған киелі Көкше өңірінің өнерсүйер қауымы үшін үлкен сый болды десек артық айтқандық емес.
Ән мен күй шыққан күн мен туған айдай дала жұртының тал бесіктен жер бесікке дейінгі жан серігі десек, қазақтың ән өнері сонау көне заманнан бері қалыптасқан халқымыздың асыл қазынасы ғой. Содан болар, кешегі сал-серілердің асқақ әндері шырқала бергенде ән болып лапылдаған ыстық сезім көңіл жазирасынан шарықтай жөнелетіні бар.
Сахна шымылдығы ашылып, аппақ нұрға оранған бұлбұл үнді  Нұржамал Үсенбаева Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін» шырқай жөнелгенде, көпшілік қошаметпен көмкерді. Бұл ән атақты әншінің орындауында тіпті құлпырып, асқақтап кетеді екен. Облыстық филармония әртістері дайындаған прологтан бастау алған концерттік бағдарлама барысында К.Күмісбеков атындағы  қазақ халық аспаптар мен эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрлерінің сүйемелдеуімен өңіріміздің айтулы әншілері де өз өнерлерін ортаға салды. Өнер кешінде Абылай ханның, Құрманғазының, Ықыластың, Нұрғисаның құлақ құрышын қандыратын сұрапыл күйлері, Ақан сері мен Үкілі Ыбырайдың, халық әндері мен қатар жергілікті композиторлардың да әндері орындалды. Мәселен, ақын Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған композитор Иран Тасқараның «Үкілі Ыбырай қайда жатыр?» әнін халық жылы қабылдағанын айта кетсек артық болмас. Оркестрдің сүйемелдеуімен орындаған облыстық филармонияның әншісі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Жанат Есов бұл әнді жүрекке жеткізіп, әсерлі шырқап берді. Әнді  тыңдап отырғанда, бейтаныс әуен ішінен қазақтың мінезіне тән кеңдікті, дархан көңілін, тектілігін, өрлігін танығандай боласың. Өйткені, ән тақырыбы есіңе өзіңе таныс жерлерді түсіретіні бар.  
Концертте  Қайрат Байбосыновтың шәкірті Айтбек Нығызбаев та өнер көрсетіп, халықтың ықыласына бөленді. Маусымның ашылу салтанатына арнайы келген  Айтбек әншінің орындауындағы  Үкілі Ыбырайдың соңғы әні мен «Қызыл асықты» көпшілік сүйсіне тыңдады. Ұстазының өнегесі мен ұлағатын алған Айтбек Нығызбаев ел көңілінде жақсы әсер қалдырды. Сонымен қатар, бұл кеште атадан мұра болған  жақсы аты мен ізгі мұратын жалғастырып жүрген Үкілі Ыбырайдың шөбересі, танымал қобызшы Беркінбек Зарапұлы да өз өнерін ортаға салып,  көпшілікті тәнті етті.
Сиқырлы саздың тылсым сырына бойлаған көкшелік өнерсүйер қауым өнер дүлдүлдеріне дән риза болып,  ақжарма тілектерін арнап, тарқасты.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Суретте: әнші Айтбек Нығызбаев.

Суреттерді түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.

 

Суретте: Қазақстан Республикасының Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева кештің көркі болды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар