Астығы мол, малы күйлі

Сандықтау ауданының әкімі Асылбек Исмағамбетов өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен өткізген брифингте биылғы жылы ауыл шаруашылығы саласының дами түскендігін атап көрсетті. 

Аудан басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысының ел халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы алдағы жұмыстарға ерекше бағыт-бағдар бергенін атап өтті. Үшінші жаңғырудың шешуші басымдықтарының бірі – экономиканың технологиялық жаңартылуын жеделдету. Бұл цифрлық технология базасында жаңа тиімді салаларды құру дегенді білдіреді. Сондай-ақ, Елбасы болашақ өсу моделінің ішіне агроөнеркәсіп кешені, транспорт, логистика, тұрғын үй рыногын дамыту, білім, денсаулық сақтау және тұрғындарды әлеуметтік қорғау кіретінін атап көрсетті. Бұл шаралардың бәрі жаһандық бәсекеге қабілеттілік және қазіргі заманғы талаптар жағдайында мемлекетті одан әрі дамытуға бағытталғанын атап өткен жөн. Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында ауданда барлық тұрғындардың қатысумен шаралар жоспары жасалған. Аудан әкімінің айтуынша, биылғы жылдың
9 айында өңірдің өнеркәсіп саласында 1,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Өнеркәсіп өндірісі құрамының 27,2 пайызын ауыл шаруашылығы құрылымдарының қосалқы өнеркәсібі құрайды.
– Өнеркәсіптік өнім өндірісіне шағын кәсіпорындар өз үлесін қосуда. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 16 миллиард теңгені құрады. Әртүрлі санаттағы шаруашылықтар 3,7 мың тонна ет, 17,5 мың тонна сүт, 4 миллион дана жұмыртқа өндірді. Сондай-ақ, ауданның шаруашылықтарында мал басы мен құс санының көбейгені байқалады. Тұрғындардың ірі қарасы тұқымын асылдандыру бойынша 29 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Екі сүт қабылдау орны жұмыс істейді. Сондай-ақ, үш сүт қабылдау орны мен екі мал бордақылау алаңын ашу үшін «Қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамынан несие алынды. Биыл «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 180 қой сатып алынды. Мал шаруашылығы саласын субсидиялау бойынша ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 123,4 миллион теңге алды. Ауыл шаруашылығы құрылымдары 2,8 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы техникасы сатып алды. Биыл 500 мың тонна астық жинап алынды. Гектар берекесі 18 центнерден айналды. Биылғы жылы субсидиялау бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге тұқым шаруашылығын дамытуға, минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтер бағасын субсидиялауға қомақты қаржы берілді,–деген аудан басшысы құрылыс жұмыстары көлемінің 410 миллион теңгені құрағанын айтып өтті. Бюджет қаржысы есебінен аудан орталығында 200 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, «Болашақ» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және 18 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Тұрғындар қаржысы есебінен 1075 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Тұрғын үй құрылысына тартылған инвестиция 224,1 миллион теңгені, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 3,5 миллиард теңгені құрады.
Аудан әкімі өз сөзінде облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен елді мекендер арасындағы көлік жолдары ағымдағы жөндеуден өткізілгенін, бес көпір мен аудандық маңызы бар автокөлік жолдары бойынша күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында облыстық маңызы бар «Балкашин-Шаңтөбе» автокөлік жолы бойынша жөндеу жұмысы басталыпты. Биылғы жылы елді мекендердің көшелерін жарықтандыру жұмысы белсенді жүргізілгенін атап өткен жөн. Бұл мақсатқа «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Бұл қаржыға 17 елді мекеннің көшелерін жарықтандыру бойынша жұмыс жүргізіліпті. Орталық алаңды жөндеуге аудандық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың ескерткіші қалпына келтірілді. Алаңға асфальт төселді. Субұрқақ пен балалардың ойын алаңы салынды. Келешекте орталық алаңға ұлт азаттық көтеріліске қатысқан Арлан мен Шамай батырдың ескерткішін орнату жоспарланған. Биылғы жылы демеушінің есебінен Шамай батыр бейітінің басы көтеріліп, тас қойылды. Одан әрі аудан басшысы негізгі азық-түлік тағамдары бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында аудан орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі жиі өткізілетінін атап өтті. Өңірде бір мыңнан астам шағын және орта бизнес кәсіпорындары жұмыс істейді. Мұндағы үш пен алты жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Жаз айларында төрт жүзден астам бала Приозерный селосындағы балалардың «Достық» сауықтыру орталығында дем алған. Бүгінгі таңда Каменка селосындағы №2 агротехникалық колледжде 161 оқушы фермер, дәнекерлеуші және аспаз мамандықтары бойынша дәріс алуда. Биыл «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 17 жас маман арнайы жәрдемақы алды. Олардың төртеуі бюджеттік несие есебінен баспаналы болды. Аудан әкімі денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларындағы қол жеткізген жетістіктерге тоқталып, журналистер қойған сауалдарға тұшымды жауап берді.

 

Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 16 миллиард теңгені құрады. Түрлі санаттағы шаруашылықтар 3,7 мың тонна ет, 17,5 мың тонна сүт, 4 миллион дана жұмыртқа өндірді. Сондай-ақ, аудан шаруашылықтарында мал мен құс саны өсті. 29 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 410 миллион теңгені құрады. Бюджет қаржысы есебінен аудан орталығында 200 орындық мектеп салынып жатыр. «Болашақ» дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 18 пәтерлік тұрғын үй құрылысы аяқталды. Жергілікті тұрғындардың өз қаржылары есебінен 1075 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысына тартылған инвестиция көлемі 224,1 миллион, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 3,5 миллиард теңгені құрады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар