Сананы оятатын шығарма керек

Театрдың жаңа маусымы көзі қарақты көрермен үшін елегізіп-елеңдететін, сағына тосатын, тәтті дәметкен баладай аңсары ауып тұратын сәт.

Таяуда біздің тілшіміз Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі Төлеубек Көңбайға жолығып, тілдескен болатын. –Құрметті Төлеубек Көңбайұлы, сөзіміздің басын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан бастау алған соны серпін, соқталы іс туралы сабақтасақ.
–Шынын айтуымыз керек, Елбасының осы бастамасы қоғамның барлық қатпарларында бір сәт қалғып кеткен  ойымызды жандандырған, дүр сілкіндірген дүние болды. Рас, біз өз театрымыздың жиырма жылдық тарихында осы бағытта еңбек етіп келе жатқанымызды ризашылық сезіммен айта кетуге болар. Біздің ұлт үшін атқарып жатқан ұлан-ғайыр жұмысымызды әр жыл сайын жаңа қойылымдармен толығып отыратын театр репертуарын ой таразысына салып безбендеген адам бірден байқар еді. Біз театр сахнасында халқымыздың бағзы заманғы тарихын, ұлттың басынан кешірген соқтықпалы-соқпалы тарихи жолдарын, ұлы перзенттерінің өмірі мен қайраткерлігін, Отанын сүйген ғажайып қасиеттерін, кісілік келбетін сомдаудан жалыққан емеспіз. Соның барлығы айналып келгенде біртұтас рухани әлемді құрайды. Белгілі драматург Сәкен сері Жүнісовтің театр директоры, режиссер Мұратбек Оспанов сахналаған «Абылай ханы», драматург Думан Рамазанның Болат Ұзақов сахналаған «Кенесары Күнімжаны» азуын айға білеген, исі қазақты ел етуді көксеген аруақты бабаларымыздың ерлігін паш ететін болса, бүгінгі заманның тақырыбы да талай толғанған. Соның бірі әрі бірегейі ретінде жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтің Мұрат Оспанов сахналаған «Жан шырылын» айрықша бөліп айта кетуге болады. Бұл шығармада бүгінгі заманның қасіреті ашып көрсетіледі. Тақырыбы айтып тұрғандай, талай жанның шырқыраған жан шырылы бұл. Сондай-ақ, драматургтың «Қилы кезең» атты тарихи драмасы да зор табыспен өтті. Жалғыз Көкшетауда ғана емес, республикамыздың көптеген театрларында қойылды. Осының барлығы көрерменнің көкірегіне өзгеше ой салатын, тәрбиелік мәні зор, тағылымды дүниелер.  Алдағы уақытта да осы бағытта шығармашылық қуатымызды тас-түйін біріктіре отырып, кірпияз көрерменнің ойы-нан шығатын, ойынан шығып қана қоймай ой салатын дүниелерді ұсынатын боламыз.
 – Енді сол көпшілік көрерменге ұсынар жаңа қойылымдар туралы таратып айтсаңыз.
–Театрдың көркемдік кеңесінде ақылдаса келе, біз маусым шымылдығын Сая Қасымбектің «Бала кімдікі?» комедиясымен ашуды жөн көріп отырмыз. Сәрсенбінің сәтті күні, яғни, қазан айының 11-і осы қойылым сахналанады.

 

Комедияның қоюшы режиссері Мұратбек Оспанов. Жеңіл жанрды таңдап алуымыздың өзіндік себептері де бар. Бәлкім күнделікті қарбалас тіршіліктің қамымен қажып жүрген көрермен көңілін көтеру үшін де күлкілі дүниелер артық болмас. Бірақ, күлкінің де алуан түрі бар екендігін әркім біледі. Жалпы күле білудің өзі бір өнер. Күлдіре отырып ойландырсақ, күлдіре отырып толғандырсақ деген ниет те. Қоғамдағы қаны шығып тұрған мәселелерді, ұлт бойындағы аракідік болса да кездесіп жататын келеңсіздіктерді күле отырып көрсетсек бұл әншейінгі дарақы күлкі емес, ойлы көрерменнің көкірегінде иненің жасуындай әсер қалса, жеңіске жеткеніміз. Ал, сахнадағы жеңіс оңай болмайтындығы белгілі. Біздің еңбегіміздің нәтижесі жалғыз-жарым өнер иесінің еңбегі емес, тұтас ұжымның еңбегі.
Кейде көрермен сахнадағы актерлерді түстеп танып, олардың өнері мен талантын таразы басына тартып, өз бағасын беріп жатқанымен, жарық берушіден бастап, әрлеуші, шаштараз, киім тігуші, суретшіге дейінгі қаншама адамның қосқан үлесін пайымдай бермейтін де болар. Ал, актердің басты тұлға екендігі дау тудырмайды. Биыл Алматы қаласындағы эстрада-цирк колледжінің бір топ түлегі қатарымызға қосылып жатыр. Олар белгілі тәлімгер Рашида Хаджиеваның шеберханасынан өткен түлектер. Театрдың бір ерекшелігі, актерлерді талғап-таңдап алатындығында. Біз бойына да, ойына да қараймыз. Жаңағы түлектерді көркемдік кеңес көріп, бойларындағы талант ұшқынын бағалап алды. Алдағы уақытта бұған дейін өзіндік дәстүрі қалыптасқан, толысқан ұжымға қосылып, ортақ іске өз үлестерін қосады деген үміт бар.
–Жаңа маусымда қойылатын премьералар туралы толығырақ айта кетсеңіз.
–Жаңа «Бала кімдікі?» комедиясын айттым. Одан соң екінші дайындап жатқанымыз балалар мен жасөспірімдерге арналған қойылым. «Алтын айдарлы бала» деп аталады. Авторы драматург Райхан Ыбыраева, қоюшы режиссері Фархадбек Қанафин. Жас толқынды қамтитын дүние жалғыз бұл емес, «Алтын айдарлы балаға» қоса, Эрнст Теодор Амадей Гофманның ертегісі «Жаңғақ шаққышты» да кішкентай көрермендеріміздің назарына ұсынамыз. Бұл қойылымның қоюшы режиссері Болат Абдрахманов. Қарттар күнін де естен шығарған жоқпыз. Аға буынға арнап Иззат Сұлтановтың «Отбасылық құпия» комедиясын, «Сыған серенадасын», «Еріккеннің ермегі» фантастикалық комедияларын дайындап, сахналайтын боламыз.
Сондай-ақ, мерекелік концерттер өз деңгейінде өткізілетін болады. Халықтың көңілін серпілту үшін оның да керек екендігі ешқандай дау тудырмайды. Ақсүйек өнердің ауқымы жалғыз өз ұлтымызды ғана емес, өзге тілді көрермендерді де қамтитынын сөз арасында сыналап жеткізе кеткеніміз жөн шығар. Біздің театрда алдағы уақытта тұрақты түрде ілеспе аударма жұмыс істейтін болады. Демек, ұлтты ұйыстырар ұлағатты істің барлығы ұлтына қарамастан барша көрермендерімізге мәлім болады деген сөз ғой бұл. Оның үстіне тілегі бір болғанымен, тілі басқа жұрт та қазақ халқының өткен тарихы болсын, бүгінгі жасампаз кейпі болсын хабардар болғаны әбден жөн ғой.
–Бүгінгі таңда ұлт санасын ояту, жастарымызды жасампаздыққа тәрбиелеу, отансүйгіштік қасиеттерді дарыту мәселесі айрықша қойылып отыр. Осы орайда, қандай шаруалар атқармақсыздар?
–Иә, бұл өте өзекті мәселе. Бұл арада айта кететін бір дүние, біз жақсы драмалық шығармаларға зәруміз. Маусымдық репертуарды дайындаған кезде жан-жаққа хабарласып, жанды шығармалар іздейтінімізді жасырудың қажеті жоқ. Сондықтан, бүгінгі күннің тақырыбын, қоғам үшін қажетті, жастардың тәрибесі барысында кәдеге асатын, тұздығы татымды, сүйекті шығармаларды іздестірудеміз. Шығармашылық дегеннің өзі осы жоқ іздеген жолаушыдай ізденуден тұратын шығар. Алдағы уақытта бұл да біз ескеретін, жалғыз біз ғана емес, қалам ұстаған ат төбеліндей қауым ескеретін күрделі тақырып.
–Құрметті Төлеубай Көңбайұлы, өзіңіз арқылы барша ұжымға алдағы жаңа маусымда шығармашылық табыс тілейміз.     

Әңгімелескен Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар