Жеті қазынаның бірінің өз жанашырлары тұңғыш рет құмай тазы мен төбет иттердің республикалық көрмесін ұйымдастырды

Өткен жексенбі күні облыс әкімдігінің қолдауымен Краснояр селосының іргесіндегі атшабарда «Қансонар» республикалық аңшылар мен аңшылық шаруашылық субъектілерінің республикалық қауымдастығы тұңғыш рет осындай шара өткізді. 

Көрменің басты мақсаты – ұлттық және аңшы иттерді насихаттау, ит түрлерінің тұқымдарын анықтау, иелерінің арасында байланыс орнату. Осы орайда, алдымен қазақтың ілкі заманнан бері келе жатқан төл иттері – тазы мен төбет туралы айта кеткен ләзім. Қазіргі ғылым мезолит дәуірінде қолға үйретілген ит атаулы екі түрлі жабайы тұқымнан тараған деседі. Оның бірі оңтүстік өңірде шибөріден, солтүстік аймақта қасқырдан тарауы әбден ықтимал. Асылында, тазының шыққан жері Батыс Азияның үстірт даласы деген ұғым бар. Қазақ жеріне тазы тұқымы сонау Сақ заманында келген болуы мүмкін. Бұл ойымызға дәлел ретінде түр-тұлғасы, дене бітімі тазыға әбден ұқсайтын иттердің жартасқа салынған бейнелері. Бағзы заманда жүйрік итті, әсіресе, тазыны жеті қазынаның біріне санаған қазақ халқы оларды жарғақ құлақты және шашақ құлақты деп екіге бөлген.
Кешегі көрме тосын тақырып болатын. Күн сәл желкем, салқын болған соң, әрі тұңғыш рет өткізіліп отырғандықтан, тамашалаушылар аз бола ма деп едік, ит жетектеген, көрмекке ынтық кісі қарамы мол екен. Маң төбеттер, қарындары қабысып, жарауы келіскен жүйрік тазылар әншейінде бұралқы иттер тәрізді бір-біріне алыстан айбат көрсетіп, азу тістерін ақситпайды екен. Құтты иелерінің өзі тәрізді дегдар, салқынқанды.   
Әуелі республикалық көрменің мақсаты мен мұратын айшықтаған салтанатты ашылуы болып өтті. Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев, «Қансонар» республикалық қауымдастығының басқарма төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, ұлт мұрасының насихаттаушысы Қанат Ахметовтер сөз сөйлеп, талапты істің тағылымы жайында тереңнен толғап айтып берді.   
–Біз бұл жұмысты өзіміздің тазы мен төбеттен бастадық. Шынын айту керек, ол кезде жағдайымыз мәз емес еді. Таза тұқымды тазылар некен-саяқ кездескенімен, төбеттер мүлде аз болатын. Енді кешіксек барымыздан да айырылып қалуымыз әбден мүмкін еді,–деді Оралбай Әбдікәрімов.   
Мұнан соң Өзбекстан мен Ресейден келген сарапшылар тазы мен төбеттің дене бітімін, азу тістерін сарапқа салып, қайсысының таза тұқымды, қайсысының дүбара екендігін жақтан тілді айырғандай етіп ажыратып берді. Шынын айтқанда, таза қанды ит ілуде бір ғана кездеседі. Оның себептері де жоқ емес. Мәселен, кешегі кеңес заманында ит түгілі одан зорына да көңіл бөлінбеген. Некен-саяқ сақталғаны жанашыр жандардың арқасында ғана. Қазір республика бойынша таза қанды төбет пен тазы сирек ұшырасады. 1915 жылдың маусым айында өткізілген жиында 165 тазы жиналған болатын. Ал, сол жылдың қыркүйек айында барлық тазының 72-сі ғана асыл тұқымды екендігі анықталды.
Міне, содан бері өңір-өңірлерде асыл тұқымды иттерді анықтау жұмысы жүргізіліп келеді. Краснояр атшабарына Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Астана және өзге де өңірлерден жеткізілген таза қанды иттердің көрмесін өткізу жетінші қазынаның жанашырларының нақты ісі десек, артық айтқандық емес. Алдымен маң төбеттердің тұқымы анықталды.  Көкшетау қаласының тұрғыны Оралбек Қайсанов нешеме жылдан бері төбет тұқымын сұрыптап, жақсартумен айналысып келеді. Шетелдік сарапшылар Оралбектің төбеттеріне жоғары баға берді. Мәселен, Оралбектің Құнар атты төбеті барлық талапқа сай келетін нағыз төбет ит екендігі анықталды. Сондай-ақ, Қарагөз есімді қаншығы да жоғары баға алды. Бір рет қар басқан Қараш есімді қаншығы да қатаң талаптарға сай. Ал, тазылар үшке бөлініп, жас ерекшеліктеріне байланысты  сынға түсті. Түлкі қағудан Астанадан Кәрімқожа есімді азамат әкелген Арзу атты қаншық топ жарса, борсыққа салудан жоғары топтағы Жетісу атты қаншық өжеттілік танытты. Иесі Астана қаласының тұрғыны Азамат Хасенов. Кіші топтағылар арасынан осы Азаматтың Жайна атты тазысы түлкіге салуда алғырлығын аңғартты. Орта топта Астана қаласының тұрғыны Алмас Оралбековтың Енгары, Болат Жаңабековтың Ханы жүлделі орындарға ие болды.         
Сөйтіп, тұңғыш рет ұйымдастырылса да табысты өткен шара ендігі арада тазы мен төбеттің тағын жандыратын сыңайлы. Ел өткенін анықтап жатқан шақта, тіпті, итімізге дейін ие болсақ, айыбы не, ағайын?!.

Суреттерде: ит көрмесінен көріністер.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар