Сарғайған жапырақ

Мәриям әженің туған балаларынан еш мейірім көрмей жүргенін жақсы білетін едік. Сол себепті, оған артық ауыз сөз айтпай, ақырын ғана «Әже, сіз де жалғыз емессіз ғой. Балаларыңыз әлі іздеп келеді» деп, тарам-тарам әжім басқан алақандарына қолымызды қойып, жұбатушы едік.

Сол кезде оның жанарына мұң ұялап «Жоқ, менің бағыма күз келгелі қашан. Мен сарғайған жапырақ секілді ешкімге керек емеспін» деп, таяғын ұстап үйіне кететін. Күздің келгеніне көп бола қоймаса да, ауа температурасы күрт төмендеп, күздің қара суығы бойымды тоңдырып барады. Желмен саусылдап түскен сап-сары жапырақтар жерде бүрсіп жатыр. Соларға қарап, бір түрлі мұңайғандай болдым. Осыдан бес жыл бұрын Көкшетаудағы «Жайлау» ықшам ауданында бізге көрші тұрған Мәриям есімді әжейдің сары жапырақтар туралы айтқаны еріксіз есіме түсті.

Ол кісі өзін ылғи да сары жапыраққа ұқсататын. Үнемі біздің үйге келіп, анамның тәтті шайын ішіп отырып, жүрегіндегі бар сырын ақтаратын-ды. Сіңлім екеуіміздің үйдің ішін тазалап, анамызға үнемі қолғабыс етіп жүргенімізді көріп риза болып, «Аналарыңды ешқашан қалдырып кетпеңдер» дейтін бізге. Мәриям әженің (әжейдің есімін өзгертіп алып отырмыз) туған балаларынан еш мейірім көрмей жүргенін жақсы білетін едік. Сол себепті, оған артық ауыз сөз айтпай, ақырын ғана «Әже, сіз де жалғыз емессіз ғой. Балаларыңыз әлі іздеп келеді» деп, тарам-тарам әжім басқан алақандарына қолымызды қойып, жұбатушы едік. Сол кезде оның жанарына мұң ұялап «Жоқ, менің бағыма күз келгелі қашан. Мен сарғайған жапырақ секілді ешкімге керек емеспін» деп, таяғын ұстап үйіне кететін.  
Бір күні жұмыстан келгенімде ас үйден шыққан көрші әженің қуанышты дауысын естіп көңілім жадырап қалды. Ұзақ жылдан кейін үйіне кіші ұлы келіп, анасын өзімен бірге алып кетпекші екен.
–Ұлым мен келінімді, немерелерімді көріп, жасарып қалғандаймын. Маған өздерімен бірге Өскеменге жүр деп отыр. Ол жаққа кетсем мына үй қараусыз қалады ғой, сондықтан, балаларым оны сатып кетейік дейді. Әрі бұл істі жуық арада бітіру керек. Баламның демалысы бітпей тұрып, көшіп алғанымыз дұрыс, – деді әже даусы жарқырай шығып.
Сөйтіп, айналдырған екі-үш күннің ішінде көршіміздің екі бөлмелі пәтерін сатып алушылар да табылып, ақыры әжей балаларымен кететін болып шешілді. Қартайған шағында жалғыз қалдым-ау деген кейуананың бар қорқынышы сейіліп, қуанышы қойнына сыймай, киім-кешегін, әкететін заттарын жинастырып жүр. Баласының да демалысы жақында аяқталатындықтан, оның үстіне пәтерді сатып алған кісілер көшуге шамалы ғана уақыт бергендіктен олар бірер күнде қоныс аударып үлгерулері керек еді.
Мына жақта біз көршілер болып, бір жағынан Мәриям әженің отбасымен қайта қауышқанына, баласы мен немерелерінің жанында бақытты өмір кешетінін ойлап, қуанып жатсақ, ал, екінші жағынан өзге қалаға барғанда ол кісінің армандарына балта шабылмаса екен, қартайған шағында жүзінен күлкі кетпесе екен деп алаңдаулымыз.
Кететін күннен бір күн бұрын әжей анамның шайын ішпей көшпеймін деп, біздің үйге келді. Оның жүрегіндегі баққа көктем келгенін көріп, іштей «дәйім осылай болса екен» деп, кейуананың тілеуін тілегеніміз әлі есімде. Бұрын таяғына сүйеніп, үйден ауыр күрсініп шығатын әжей, бұл жолы бізбен бетімізден сүйіп қоштасты. Ойында дәнеңе жоқ, немерелерін оятып алмайын деп,  пәтерінің есігін ақырын ғана тақылдатты. Есікті ешкім ашпағасын, қоңырауды басып еді, одан да үн жоқ. «Мана ғана үйде боламыз, ешқайда бармаймыз деген сияқты еді, әлде қоңырауды естімей жатыр ма?» деп, қарт қолдары дірілдеп, қалтасынан үйдің кілтін алып шықты. Жүрегі алай-дүлей. Түйсігі бір жамандықты сезгендей. Жаратушыдан  бұрын бастан өткерген сол бір сорақылық тағы қайталанбаса екен деп тілеуде. Саусақтары дір-дір етіп, есікті әрең ашты. Үстелдің үстінде «Бізге ақша керек болғандықтан осылай жасадық. Кешіріңіз» деген сөздер жүрегіне оқтай қадалып, күзгі жапырақтай әжей жерге сұлқ етіп құлап түсті.
Үйі сатылып, барар жері, басар тауы қалмаған ана амалсыздан қарттар үйін паналауға мәжбүр болды. Ар-ұяттан безген баласы мен келіні аналарына бұлай опасыздық жасайды деп кім ойлаған. Әй, мына заманда ешнәрсеге таң қалуға болмайды. Өкінішке орай, дүние-мүліктеріне қызығып, әке-шешелерін тастап кетіп жатқандар қазір аз емес қой. Сондай жандар жұмақтың кілті ананың табанының астында екенін, әкенің қарғысы оқтай тиетінін ұғынса етті.

Сарғайған жапырақ. Оған ұзақ қарап отырып, Мәриям әжейді  еске алдым. «Мен сарғайған жапырақпын» деп, қарт жүрегінің ешкімге қажетсіз болып қалғандығын дәл тауып айтқан сияқты.  

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар