Әбекеңдер деп отырғанымыз аға буынның өкілдері. Биыл біреуі 75, екіншісі осы қыркүйек айында 81 жасқа толған Амангелді Бекқожин мен Амангелді Нұғыманов. Екеуі де осы Көкшетау қаласына көшіп келгеннен кейін кездесіп, танысыпты.
«Сыйласаңдар кәріңді – жарылқармын бәріңді» деген қанатты сөз бар. Қарияларымызды сыйлау – ата-бабамыздан бері келе жатқан асыл да ардақты адами қасиеттеріміздің бірі. Осы бір ойлардан туындаған, өзім аса құрметтейтін екі азамат жайлы айта кетуді жөн көріп, қолыма қалам алдым.
Амангелді Бекқожин Алматының ауыл шаруашылығы институтының механизация факультетін тәмамдап, 1965 жылы еңбек жолын Жақсы ауданының Подгорный селосында инженер-бақылаушыдан бастаған болатын. Әбекең облыстағы іргелі шаруашылық – Чкалов ауданындағы Абай атындағы сов-
хозда, Щучье ауданындағы Успено-Юрьевка астық қабылдау кәсіпорнында директор қызметтерін абыроймен атқарып, 1999 жылы Көкшетауға көшіп келіп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында өзінің инженерлік мамандығы бойынша қызметін жалғастырып, зейнеткерлікке шықты. 1980 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. Клара Уахитқызы жеңгемізбен үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан он немере көрді.
Ал, Амангелді Нұғыманов Солтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Сергеев ауданындағы Көктерек ауылының тумасы. Әкесі Сейсенбек ұзақ жылдар колхозда басқарма болып, төсіне Ленин орденін таққан ел ағасы. Шешесі 100-ге келіп, осы Көкшетауда фәниден бақиға көшті. Амангелді Сейсенбекұлы отыз жылдай автокөлік мекемесінде бас бухгалтер болып істеп, абыроймен зейнеткерлікке шыққан. Жұбайы Ермек екеуі 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 9 немере, 3 шөбере көрді.
Бұл Әбекеңдердің достығы, сыйластығы, өнегелі өмір жолдары кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай. Екі зейнеткер бұл өмірдің қызығын да, шыжығын да бірге көріп келеді. Жаратқанның маңдайыңа жазып берген тіршілігінде өмірдің ащы-тұщысын бастан өткеріп, тәттісін таразылап, ауырлық салмағы артқан сайын ширап, ақылы мен парасаттылығы екі жақтап, табандылығын танытатын абырой биігінен көрінген адамдар. «Бұл өлім қайда жоқ, жарқыраған айда жоқ, күркіреген күнде жоқ, өтері өтіп кеткен соң, мың теңгелік қайғыдан бір теңгелік пайда жоқ» деген бабалар сөзін малданып, жан-жағыңды қарманып, сәулелі сөзге алданып, «орнында бар оңалар» деп өзіңді өзің жұбатасың. Екеуінің де тәңір қосқан жарлары Клара Уахитқызы мен Ермек Сыздыққызы бақилық болған…
Бірде Амангелді Сейсенбекұлын сөзге тартқанда мынандай жүрекжарды лебізін білдірген болатын: «Менің адасым Амангелді Бекқожаұлы өзінің аңқылдаған мінезімен, турашылдығымен, жалпы адами қасиеттерімен маған туған інідей болып кетті ғой. Оның парасаттылығымен, ақыл-ойының кеңдігімен жалғыз маған емес, көпшілікке танымал болған, кімге болса да қол үшін беруге дайын азамат екеніне көзім жетті. Ойын-той өз алдына, өлім-жітім, дұғалардан қалмайды. Бұл да оның адамгершілігі».
Міне, Көкшенің арайлап тағы бір таңы атты. Екі қарт жұптарын жазбай Абылай хан даңғылымен Мақтай тауына қарай бет алып келеді. Осы жерде өздері құралпы тағы бір-екі қартпен кездесіп, әдеттегідей жарасымды әңгіме-дүкен құрмақшы…
Совет ХАМИТҰЛЫ,
зейнеткер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.