Целиноград аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Темірбаев: «Қарттар жүрген жер береке»

 Бүгінгі таңда Целиноград аудандық ардагерлер кеңесінің құрамында 5078 қария бар. Олар өңірдің қоғамдық-саяси, мәдени-әлеуметтік өміріне белсене араласып, өздерінің игі істерімен жастарға өнеге болып жүр. Аталған ұйымның төрағасы Болат Темірбаевпен аудандағы егде адамдардың қал-жағдайы туралы әңгімелескен едік. 

– Болат Жанатайұлы, елімізде жыл сайын өткізілетін егде адамдар мен мүгедектерді қолдау айлығы барысында егде адамдарға шарапатын тигізетін қандай іс-шаралар өткізу жоспарда бар?
– Біз қарт адамдармен үнемі тығыз байланыстамыз. Оларға көмек керек болған жағдайда, әрдайым қол ұшын созуға тырысамыз. Ал, енді қарттарды қолдау айлығында бізге түрлі ұйымдардан, мекемелерден хабарласып, қарияларға қандай көмек-қолдау қажет екенін сұрап, қамқорлықтарын көрсетіп жатады. Осы орайда, «Нұр Есіл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, «Ақмола-Феникс», «Kazyna» акционерлік қоғамдарына, мемлекеттік мекемелер мен мектептердің ұжымдарына алғысымды айтқым келеді. Ауданға қарасты әр селолық округте қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығында өтетін іс-шаралар жоспары бекітілген. Біз де өз тарапымыздан ауылдардың әкімдеріне шалғай елді мекендерде тұратын әлеуметтік жағдайы төмен егде жандарға тиісті  көмек көрсету жайлы хат жолдадық.  Қазан айының орта кезінде 50 адамды жолдамамен «Жұмбақтас» шипажайына жібермекпіз. Бұдан бөлек, аудан орталығында концерттік бағдарламалар, спорттық шаралар да ұйымдастырылады.
– Үлкендердің өнегесі арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу ісі қалай жүргізілуде?
– Арамыздағы ең үлкен ақсақалымыздың жасы биыл 94-ке келсе, ең жасы жетпістер шамасында. Қарттар жүрген жер береке ғой. Біздің ақсақалдар қандай кездесуге, жиынға барса да, іс-шараның сәнін келтіріп, жастарға өздерінің ақыл-кеңестерін айтып отырады. Бүгінде ауданда Ұлы Отан соғысының көзі тірі ардагері біреу ғана. Ол 93 жастағы Николай Алексеевич Николаенко. Ақсақал өзі тұратын Мәншүк ауылындағы клубта жас ұрпақ өкілдерімен кездесу өткізбекші. Ауданда болатын кез-келген іс-шара ардагерлерсіз өтпейді. Солардың бірі ретінде Ақмол ауылының аумағындағы әскери бөлімшеде қарияларымыздың қатысуымен өткен сарбаздарды Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарына салтанатты түрде шақыру рәсімін айтуға болады.  
– Ардагерлер ұйымының атқарып жатқан жұмыстары жайлы кеңірек айтып өтсеңіз.
– Барша қазақстандықтар үшін биылғы жылдың басты оқиғасы «EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі  болғаны сөзсіз. Үш ай бойы Астанада өткен бұл айтулы шараны біздің қарияларымыз да тамашалап, бір жасарып қалды. Сонымен қатар, облыс басшылығының қолдауымен Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және оған теңестірілген азаматтардың, зейнеткерлердің, көпбалалы аналар мен мүгедектердің ауданның елді мекендеріне және Астанаға қатынайтын экспресс-автобустарда тегін жүру жеңілдігін 2017 жылдың аяғына дейін ұзарттық.      
Қазіргі таңда аудан аумағында өмір сүрген билер жайлы толыққанды мәліметтер жиналып, Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен сарбаздардың есімдері мен зираттарын анықтау жөнінде жұмыстар одан әрі жалғасуда. Өткен шілде айында Ресейдің Калуга облысына барып, 1912 жылы Целиноград ауданының Құмсуат ауылында дүниеге келген Тәжітай Нұрқышевтың қабірінен топырақ алып келдік. Батырдың рухына тағзым етуге Жалғызқұдық
ауылына қалың жамағат жиналды.1943 жылы жерленген  жерлес жауынгерден табылған қызыл әскер сарбазы екендігін дәлелдейтін құжат арқылы оның қазақстандық, оның ішінде нақты біздің Целиноград ауданының тумасы екендігі анықталды. Біз ол құжатты аудандық мұражай қорына  табыс еттік. Қазіргі таңда Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігіне қарайтын мұрағатқа жерлесіміз Шәйкен Жауырбаевтың нақты жерленген жерін білу туралы сұрау хат жолдап отырмыз.
 Қоғамымыз қарт адамдарды қанатының астына алып, ұдайы қамқорлық көрсетуі құптарлық іс. Жас ұлғайған сайын адам айналасынан жылылық іздейді. Сол себепті, қарттарды қолдау айлығында барша жерлестерімді осы іске белсене атсалысуға шақырамын.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар