Сақ болыңыз! Алаяқтыққа арбалып қалмаңыз!

Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметтеріне қарағанда интернет арқылы жасалатын алаяқтардың құрбаны болғандар қатары жыл санап көбейіп келеді.

Бұған «OLX», «Крыша KZ» сияқты танымал жарнамалық сайттардың қосып жатқан «үлестері» аз емес көрінеді. Биылғы жылдың тамыз айында Көкшетау қаласының тұрғыны белгісіз біреудің  15 миллион теңге ақшасын алдап алғанын айтып шағымданды. Зәбір көрушінің айтуынша, облыс орталығынан пәтер сатып алмақ болған ол «OLX» сайтынан арзан пәтер көріп жарнамада көрсетілген телефонмен пәтер иесімен сөйлеседі. Пәтер иесімін деп таныстырған бейтаныс өзінің Ресейде тұратынын айтып, толық есеп айырысқан жағдайда ғана мұнда келіп, үйін көрсете алатынын ескертеді. Бейтаныс адамға қомақты ақшасын бере салуға келіспеген сатып алушыға ол ватсап арқылы ақшасының барлығын дәлелдеу үшін өз қызының атына ақша аударып, түбіршектің көшірмесін салып жіберуін сұрайды. Бұған келіскен көкшетаулық 15 миллион теңгені өзінің қызының атына аударып, түбіршекті ватсапқа салады. Содан арада бір жеті өткенде қызының атындағы ақша зым-зия жоғалады. Осылай жиған-тергенінен әп-сәтте айырылып, сан соғып қалған азамат полицияға шағымданған. Қазір алаяқ іздестірілуде.Көкшетау қаласында тұратын алпыстың асқарына шыққан азамат үш жүз мың теңге жоғалғанын айтып полицияға шағымданды. Кейін анықталғанындай, қылмыс жасаған оның таныс келіншегі болып шықты.Қазақ «шығасыға иесі басшы» дейді. Бір-екі теңге емес, бақандай 300 мың теңгесі жоғалған азаматтың айтуынша, кәртішкесі үнемі қалтасында болған. Дегенмен, ақшасы жоғалар күні ол таныс келіншекпен бірге отырып арақ ішкен. Құқық қорғаушылар тексере келгенде, ұрлықты басқа емес, оның таныс келіншегі жасағанын анықтады. Арақ ішіп, масаң тартқан азамат үстел басында көзі ілініп кетеді. Осыны пайдаланған келіншек қалтасынан кәртішкесін алып, банкоматтан қолма-қол ақшаға айналдырады. Содан кейін қалтасына қайта салып қояды. Тексере келгенде, әлгі келіншектің бұл азаматтың ақшасын бұрын да осылай ұрлағаны белгілі болды. Қазір оның үстінен қылмыстық іс қозғалуда.
Топтаманы дайындаған
Қалкөз КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар