Кәсіби білім беру саласының күңгейі мен көлеңкесі

Көп бейінді кәсіпті меңгерсең, кем болмайсың

–Жақсы комбайншы керек болып тұр,–деген осыдан екі жыл бұрын Зеренді ауданына қарасты Жаң–ауыл ауылындағы шаруа қожалығының жетекшісі Құлан Болатов,–жалпы комбайншы ғана емес, механизаторға да зәруміз.
Кейін бұл зәрулікті талай естідік. Облыс орталығындағы іргелі оқу орнының қосалқы шаруашылығында агроном болып еңбек ететін Бауыржан Молдағалиев та қолынан іс келетін, техника тілін түсінетін механизатордың қат екендігін айтып, себебі мен салдарын саралап берген. Оның ең бастысы, кешегі кеңес заманында табаны тастан таймаған тарланбоздай адал еңбек еткен алдыңғы лектің зейнеткерлік жасқа толғандығы. Кейінгі толқын өтпелі кезеңнің өкпек желіне тап келді. Уақытылы еңбекақы төленбеді, төленгеннің өзі мардымсыз болды. Яғни, «еңбегі еш, тұзы сор» болғандықтан ел ішіндегі механизатор мамандығының қадірі қаша бастады. Оның үстіне дәл сол уақытта еңбекті бағалауға, қадірлеуге ешкімнің мұршасы болмай қалды. Тағы бір себебі, дәл қазіргі уақытта бұл жұмыстардың маусымдық жұмыс болып қалғандығында. Яғни, мықты комбайншы болғаныңмен, жылына ұзаса екі-ақ ай жұмыс істеуің мүмкін. Ал, қалған он айда не істемексің? Жалғыз комбайншы ғана емес, барлық механизатордың жұмысы маусымдық болғалы қашан. Әсіресе, қыс айларындағы шалғайдағы шағын ауылдарда табыс табатын  жұмыс орны жоқ. Сондықтан, техника тізгіндеген еңбек тарландарының тарихи сабақтастығы дамымай қалды.
Бұл даладағы жағдай болса, қалада да көптеген мамандықтар бойынша мықты мамандардың қат екендігі жасырын емес. Қалалық жарнамалық газеттердің беттерінде газ-электрмен дәнекерлеушілер, токарьлар, слесарьлар, мотор жөндеушілер,  кранда жұмыс істейтіндер қажет дейтін құлақтандырулар өріп жүр.
Осы арада тағы бір айта кететін бір ауыз оқшау ой бар. Техниканың маңайында істейтіндер негізінен өзге жұрттың өкілдері. Кез-келген техника жөндеу станцияларына барсаңыз, жергілікті ұлт өкілдерін ілуде бір кездестірер едіңіз. Ауыл шаруашылығы техникаларын былай қойғанда, жеңіл көліктің қосалқы бөлшектерін сататын да солар, салып, оңдап беретін де солар. Тіпті, өзгесін былай қойғанның өзінде, сағат жөндеп отырған қазақ көргендеріңіз бар ма?
Осы бір көптен бері айтылып жүрген көңілсіздеу әңгімені қозғағанда, ұлт бойындағы қабілетті жоққа шығарғымыз келіп отырған жоқ, екі қолына бір күрек таба алмай кәсіпсіз қарап жүрген жастарымыздың жігерін жанып, кәсіби білім алу керектігін айтқымыз келген.
Ал, кәсіби білімнің көкжиегі жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Бүгінгі таңда облыста кәсіби-техникалық білім берумен 39 колледж айналысады. Олардың 30-ы мемлекеттік болса, қалғандары жекеменшік. Осыншама оқу орындарында 94 мамандық пен 139 біліктілік санаты бойынша 21 мыңға жуық білім алушылар тәлім-тәрбие алып жатыр. Осы бағыттағы маңызды жобалар да аз емес. Мәселен, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы аясында 369 білім алушы жаңа кәсіпті игерсе, соның 138-і білім ошақтарынан түлеп ұшып, жұмысқа да орналасып үлгерді. Осы бір шарапаты мол іс өз ауқымын әлі де кеңейту үстінде. Жаңа оқу жылында осы бағдарлама бойынша 210 білім алушы оқуға қабылданып, қазіргі күні болашақ үшін аса қажетті мамандықтарды игеруде.
Әр оқу жылы өткен сайын колледждердегі білім сапасы, тәлім-тәрбие деңгейі де зымыран уақыттың талабына толық жауап берерліктей жетілдірілуде. Көкшетау қаласында үш жоғары колледж болса, Щучинск қаласында бір жоғары колледж бар. Бұл колледждердегі оқу-тәрбие процестерін өзгелерге үлгі етуге әбден боларлықтай. Мәселен, мамандарды жан-жақты, білімді  де білікті кадр ретінде дайындау үшін колледждер өз жұмысын жаңаша оқу жүйесіне байланыс-
тыра отырып, ұйымдастыруда. Облыс колледждері модульдік жүйенің тиімді элементтерін сәтті пайдалана отырып, дуальді оқу жүйесін батыл енгізуде. Міне, осындай білім беру саласындағы ілкімді жаңалықтар жүзеге асырыла отырып, жаңаша сипат алғанда түлектердің де жұмыс берушінің талғамынан шығатындығы белгілі. Дуальді оқыту жүйесіне көшкен колледж-
дер соңғы үш жылдың ішінде 23-ке жетті. Олар дайындайтын мамандықтар да саналуан. Мәселен, металлургия және машина құрылысы, сервистік қызмет көрсету, көпсалалы көлік жүйесі, құрылыс, тау-кен өндірісі және ауыл шаруашылығы.     
Ағымдағы жылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын жүзеге асыру бағытында жаппай кәсіпкерлікті және еңбекке орналастырудың тиімділігін арттыруға арналған 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде облыс колледждерінде жұмысшы мамандығына дайындау үшін 1190 адам қабылданған. Негізінде, колледждердің модульдік білім беру бағдарламаларын оқу процесіне енгізу бойынша қабылданатын кешенді шаралар құзыретті мамандар даярлауға ойысып отыр. Осы ұлан-ғайыр жұмысты атқару «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 77-ші қадамында да белгіленген. Ендігі арада жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлар даярлайтын колледждердің оқыту-өндірістік шеберханалары мен зертханаларын жарақтандыру өте көкейтесті мәселе. Шынында да, оқу базасының өндірістік талаптарға сай болуы, болашақ мамандардың нақты жағдайларға тез бейімделуіне айрықша әсер етпей ме? Ал, облыстағы кәсіби-техникалық білім беретін колледждердің өзекті бір мәселесі – материалдық-техникалық базаны заман талабына сай қайта жаңғырту болып отыр. Айталық, кейбір колледждердің тәжірибелік шеберханаларында ескі үлгідегі астық комбайндары мен тракторлардың құрылысы оқытылуда. Мұны оқып шыққан білім алушылар қалай еңбек етпек? Бұл күнде сау тамтығы қалмаған ескі «Енисей» комбайндары қазір астық алқаптарында жоқ қой. Облыстық білім басқармасы кәсіби-техникалық білім беру бөлімінің басшысы Бекжан Сәдуақасовтың айтуына қарағанда, әлі де мұндай ескірген материалдық-техникалық базаның 40 пайызға жуығын жаңғырту қажет.
Енді бір өзекті мәселе техникалық және кәсіптік білімнің аралас мамандықтар арқылы кең бейінді кадрлар даярлау мәселесі. Шынтуайтында, кең бейінді жұмысшы біліктілігі бойынша дайындалатын мамандар бір жұмыс орнында жұмыстың әлденеше түрін орындай алады. Бұл жай айналып келгенде олардың жұмысқа орналасуын жеңілдетіп, тіпті, жоғары жалақы алуға мүмкіндік тудырады. Сондай-ақ, колледжде білім алушылардың өндірістік оқу кезеңін еңбек өтіліне қосу, жергілікті өкілетті органдармен келісе отырып, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруді қамтамасыз ету және қажетінше жатақханаларға орналастыру жұмысшы мамандығының беделін көтере түсер еді. Біздің өңірде білім алушылардың 64 пайызы тегін оқып жатқанымен, жатақхана мәселесі әлі де туындап отыр. Барлық колледждердің 24 жатақханасы болғанымен, әсіресе, шалғайдан келген білім алушыларды оңтайлы орналас-
тыруда белгілі бір қиындықтар тудырып отырғаны тағы рас. Мұндай мәселе Көкшетау және Степногорск қалаларында туындап отыр.
Бүгінгі таңда техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның айы оңынан туып тұрған заман. Түптің түбінде бір озса, ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жабықпай техника меңгерген адам озады.  «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жаңа жобасының көздеп отырғаны да осы. Осы жобаның еліміздің экономикасын бұдан әрі дамытуға тигізер ықпалы өте зор. Неге десеңіз, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын сәтті жүзеге асыру үшін мыңдаған білікті техникалық кәсіби мамандар дайындалып жатыр. Ал, қоғамның өзі тудырып отырған сұранысты күні ертең облыстағы 39 колледж қанағаттандыруға толық мүмкіндігі бар.    

Білім мен тәжірибе ұштастырыла жүргізілгенде…

Дуальді оқыту жүйесі дегеніміз – ең алдымен теорияны нақты өндіріспен ұштастыру оқыту технологиясы. Арыдағы тарихына аз-кем үңілсек, алғаш Германияда пайда болып, негізін қаланғанын айта кетуге болар еді. Қашанда өз ісіне аса мұқият қарайтын неміс ағайын дуальді оқыту жүйесінің кәсіби мамандар даярлаудағы тиімділігі мен нәтижелілігі аса зор екендігін өздерінің күнделікті тәжірибесінде дәлелдеп берген. Оларда білім алушылар негізгі уақытының үштен екі бөлігін өндірістен қол үзбей оқиды екен, ал, қалған уақытының үшінші бөлігін білімге жұмсайды. Бұл жүйенің негізгі мақсаты – техникалық-кәсіптік оқу орындарының жұмыс беруші жеке секторындағы шаруашылық ұжымдарымен серіктес ретінде бірлесе отырып, нарық заманында бәсекелестікке төтеп беруге қабілетті жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды меңгеруге дайын жұмысшы мамандарын даярлау.
Ауыл шаруашылығы – халық шаруашылығының салмағы мол саласы. Оның міндеті де көпке белгілі. Сондықтан, әріден өрбітудің қажеті жоқ деп ойлаймыз. Дегенмен, осы салаға білікті мамандар даярлау мәселесі оң шешімін тауып отырғандығын айта кетуіміз керек. Мәселен, Щучинск қаласындағы экология және орман шаруашылығы колледжінің нақты жұмысы «Республикадағы дуальді оқыту жүйесінің стратегиялық альянсы» жобасы шеңберінде сапалы инженер педагогтарды даярлап жатқан оқу орны өзінің оң тәжірибелерімен ерекшеленеді. Колледж негізінде «Ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу және техникалық қызмет көрсету» мамандығы ашылып отыр. Бүгінгі күні колледждің Михаил Перминов, Валерий Щипан, Вячеслав Уткин тәрізді оқытушылары мен Виктор Быченко сынды өндірістік оқу шебері Германияның Харзенвинкель қаласындағы AkademuClass өндірістік-оқыту орталығында біліктіліктерін жетілдіріп келді. Оқу тобының жетекшісі Сергей Бутовтың басшылығымен «Jaguar» мал азығын бастыратын комбайнға техникалық қызмет көрсету ерекшеліктерімен танысты. Танысып қана қойған жоқ, жаңа техниканың құрылысын меңгеріп, үйреніп алды. Колледж оқытушыларының ендігі бір мақсат-мұраты Германиядағы кәсіптік-техникалық кадрлар даярлаудағы озық үлгілерді, тиімді тәжірибелерді меңгеру болатын. Нақтылы өндірістік жағдайларға бейімделген, жұмыс орнында дағды мен білімді тікелей игеруге бағытталған практикалық сағаттардың оқыту бағдарламасына барынша үйлесімділікпен біріктірілген білікті мамандарды даярлау қазіргі кезде дуальді оқыту жүйесі деген атпен  белгілі болып отыр. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда жалпы еңбек нарығында жоғары білікті мамандар тапшылығы сезіліп отыр. Қалыптасқан жағдайдың негізгі себептерінің бірі білім беру үрдісін ұйымдастыру, жас маманның бойында тәжірибелік дағдыны қалыптастыру, теориялық білім берудің өндірістік жағдайлардан алшақтап кетуінде. Егер теория мен тәжірибенің арасындағы алшақтық білім ошағында жойылмаса, онда бұл мәселемен жұмыс берушінің өзі күресуге тура келеді.  
Бүгінгі күннің болмысы еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлау. Осыған байланыс-
ты ең басты міндет – мемлекеттік құрылымдардың күшін біріктіріп, жұмыс берушілер мен оқу орындары бірлесіп білім мен тәжірибені қатар ұштастыру. Дуальді жүйе бойынша оқыту өзара байланысты жетілдіре түспек.
Экология және орман шаруашылығы колледжінің Германиямен екі арадағы өзара тәжірибе алмасуы өте тиімді болып отыр. Колледж оқытушылары Fricke Claass диллер орталығында болып, тәжірибеден өткізілуде. Бұл арада өндірістік шеберлердің бай тәжірибесін бөлісе отырып, жұмыс істейді. Курс бағдарламасы барынша ауқымды әрі өте тиімді.
«Серпін» –
серпінді жоба

Ізгі мұраттарды көздеп, ілкімді жүзеге асырыла бастаған «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бүгінде еліміздегі ең танымал әлеуметтік бастамалардың бірі болып саналады. Қазір халықтың жобаға деген қызығушылығы орасан зор. Бұл жоба жастардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыс табуына зор мүмкіндік берері сөзсіз. Алайда, қалың көпшіліктің көкейінде әлі де бірқатар са-
уалдар жоқ емес. Олар әсіресе, жобаға қатысу шарттары, оқу орындары мен мамандықтар, білім гранттарының қалай бөлінетіндігі төңірегінде болып отыр. Негізі бұл жобаның екі маңызды тұсы бар. Біріншісі – экономикалық. Қазіргі таңда еліміздің 9 өңірінде бала туу деңгейі төмен және сыртқы жаққа көшіп-қону басым болғандықтан, кадр тапшылығы сезіле бастады. Бұл мәселенің өзектілігі жылдан-жылға ушығып барады. Алдағы жылдарда индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында іске қосылатын өндірістерде жұмыс күшінің тапшылығы айрықша байқалады. «Серпін-2050» жобасы арқылы сол өңірлерге халық саны көп облыстардан жастарды әкеліп, жергілікті оқу орындарында қажет мамандықтар бо-
йынша білім беріп, сол жерде жұмысқа қалдыру арқылы кадр мәселесін шешу. Екінші маңызы – әлеуметтік проблемаларды шешу. Республикамыздың 5 облысында бала туу деңгейі өте жоғары, тұрғындар саны жылдан-жылға қарқынды өсуде. Аталмыш өңірлерде мектеп бітіруші түлектердің жергілікті жерде оқуға түсуі қиын және мамандық алғаннан кейін басым көпшілігі жұмыссыздар қатарын көбейтеді. Жоба арқылы осы 5 облыста мектеп бітірген жастарға жоғарыда аталған 9 өңірдегі оқу орындарына «Серпіннің» арнайы гранты бөлінеді. Сонымен қатар, қосымша әлеуметтік көмек көрсетіліп, оқыған өңірлерде қоныстап қалған жағдайда 100 пайыз жұмысқа орналасуға мүмкіншілік жасалады.
Біздің облысымызда «Серпін» жобасы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. 2014-2015 оқу жылдарында Зеренді ауданындағы Шағалалы селосындағы агробизнес колледжі оңтүстік өңірден келген 75 білім алушыны қабылдады. Щучинск қаласындағы экология және орман шаруашылығы колледжінде 25 жас білім алуда. Сондай-ақ, осы қаладағы жоғары колледжде 25 оқушы оқыса, Қатаркөл селосындағы ауыл шаруашылығы колледжінде де 25 білім алушы бағдарлама бойынша білім алып, кәсіп меңгеруде. Ал, Целиноград ауданына қарасты Новоишимка селосындағы №9 агротехникалық колледжде 50 адам оқиды.
Жаңа 2016-2017 оқу жылдарында да жоғарыдағы аталған колледж-
дерге ұзын-ырғасы 133 білім алушы оқуға қабылданды. Жыл өткен сайын еліміздің оңтүстігінен келіп, білім алушылар саны өсе түсуде. Мәселен, 2017-2018 оқу жылдары Бурабайдағы Қатаркөл колледжіне 20 адам, Зеренді ауданындағы Шағалалы агробизнес колледжіне 115 адам, Көкшетау қаласындағы көп бейінді азаматтық қорғау колледжіне 20 адам, Шортанды ауданындағы Бозайғыр селосындағы №5 агротехникалық колледжге 5 адам қабылданса, өзге де бірқатар кәсіптік-техникалық оқу орындарына оқуға түсіп, білім алып жатқандар қатары аз емес. Білім алушылар жатақханамен, ай сайын төленетін шәкіртақымен, ыстық аспен және қысқы киім-кешекпен қамтамасыз етіледі. Жоғарыда аталған колледждерде тәрбие жұмысының қызғылықты шараларды қамтитын жоспары түзілген. Жалғыз білім ғана емес, білім алушы жастардың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға да айрықша мән беріліп отыр.
«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» бағдарламасы бо-
йынша білім алған студенттердің алғашқы легі 2017 жылдың ақпан айында үлкен өмірге жолдама алды. Шағалалы селосындағы агробизнес колледжінен 63 түлек, Щучинск қаласындағы экология және орман шаруашылығы колледжінен 19 түлек өздері қалаған мамандықты меңгеріп, жүрек қалауы бойынша еңбек етпек. Сөз арасында 2016-2017 оқу жылдарында жоғарыда аталған бағдарлама бойынша білім алған 109 жастың 80 пайызға жуығы өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасты. Олар негізінен Астана қаласы мен Ақмола облысында еңбек етуді ұйғарып отыр.  
Арасында жоғары оқу орындарына түсіп, білімін жетілдіруді дұрыс көргендер де, республика Қарулы Күштері қатарында азаматтық борышын өтеуге аттанғандар да бар. Егер осындай себептерді ескерсек, колледжден кейін үлкен өмірден өз орындарын табуы жүз пайыз болып есептелер еді.
Енді «Серпін» жобасы бойынша білім алған түлектердің кейбір проблемаларын да айта кеткеніміз жөн болар. Оның ішінде ең маңыздысы, түлектердің өз мамандықтары бо-
йынша жұмысқа орналасқанымен, тұрғын үй мәселесі шешімін таппай отыр. Ендігі бір мәселе, біздің колледждердің мамандарының оңтүстіктегі қалың елді аралап, кәсіби бағдар бойынша жарнама жасауына жолсапар шығыны ескерілмеген.
Қорыта айтқанда, жастар белгілі бір кәсіпті игеруге ынталы. Ол үшін тамаша жағдай тудырылып отыр. Осы бір мүмкіндікті шалғайдағы шағын ауылдардың жастары да қалт жібермесе деген тілеу бар.
Суреттерді түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар