Досжан Әміров, Ақмола облыстық сотының төрағасы: «Билер соты – тәуелсіз еліміздің сот жүйесінің негізі»

Бүгінгі биліктің бір тармағы болып отырған сот жүйесі өзінің бастауын сонау ежелгі заманда қазақ даласында қалыптасқан билер институтынан алатыны тарихи деректермен негізделген шындық. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген еді. Яғни, әлемнің озық елдерінің санатына қосылып, замана көшімен алға жылжимыз десек, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, оның жақсы жақтарын уақыт талабына сай жаңғыртып пайдалануымыз қажет. Осы орайда, бүгінгі сот билігінің билер институтынан үлгі алар және үйренер  тұстары аз болмаса керек. Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров осы тақырыпта өз ой-пікірлерімен бөліседі. 

– Досжан Сарманқұлұлы, Елбасы мақаласында көтерілген ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен құндылықтарымызды сақтау және жаңғырту сот саласы қызметінде қаншалықты маңызды деп  ойлайсыз және осы бағытта қандай шаруалар атқарып жатырсыздар?
– Ғарыш жылдамдығымен дамып бара жатқан қазіргідей алмағайып заманда бәсекелестікке қабілетті озық отыз елдің санатына қосылуды биік мақсат етіп алдына қойып отырған Қазақстан үшін сондай биіктерге жеткізер әдіс-тәсілдер мен сенімді жолды дәл таңдап, оны жүзеге асырудың мәні өте зор.«Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» – дейді Мемлекет басшысы өз мақаласында. Бүгінде әлемнің ең озық елдеріне айналған Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур сияқты мемлекеттердің жетістіктері осыны айғақтайды. Бұл елдерде бай шикізат көздері жоқ, жер көлемдері де оншалықты үлкен емес, десе де, білім мен біліктіліктерінің және ең бастысы, Елбасы айтқандай ұлттық сананы жаңғыртудың арқасында олар әлемнің ең озық елдерінің қатарына көтеріле алды. Әлемнің ең озық елдерінің қатарындағы жапондарды қараңызшы, олар өздерінің ата-бабадан келе жатқан дәстүрлеріне зор құрметпен қарайды және сол дәстүрлерін ұстанады. Ұлттық дәстүр мен құндылықтарға деген құрмет адамның бойында туған жеріне, еліне деген құрмет пен сүйіспеншілікті орнықтырады. Ал, жақсы істердің бәрі отансүйгіштік қасиеттен бастау алатыны белгілі. Мақалада осы жайлар жан-жақты айтылып, тұжырымдалған.
Елбасы мақаласының негізінде Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәми «Рухани жаңғыру – мәңгілік ел болудың кепілі» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізіп, онда мақалада көтерілген жайлардың маңызы жан-жақты әңгіме болған еді. Қайрат Әбдіразақұлының бұл бастамасын «мың өліп мың тірілген» қазақ елі үшін жанын аямаған бабаларға деген құрметі деп бағалаймыз. Шара барысында қабылданған қарарда облыс-тарда осындай дөңгелек үстелдер, кездесулер ұйымдастыру, даланың дана билерін, Алаш зиялыларын, мәдениет және өнер қайраткерлерін еске алу кештерін өткізу, сонымен қатар, тарихи-танымдық байқаулар ұйымдастыру қарастырылған болатын. Ақмола облыстық соты осы бағытта біраз шаралар өткізді. Ал, қазан айында біз Көкшетау қаласының Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінде оқытушы-профессорлық құрамның және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен рухани жаңғыруға қатысты ғылыми-практикалық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз.
– Қазақ халқының өмірінде маңызды орын алған билер институты  және олардың тәжірибесін сот жүйесінде пайдалану жайында не айтар едіңіз?
– Иә, билер институты қазақ халқының өмірінде зор рөл атқарды. Олар аса қиын, күрделі дауларды ой қисынына жүгініп  екі тарапты да өкпелетпейтіндей етіп асқан шеберлікпен шешіп отырғанын дәлелдейтін ел арасында сақталған аңыз-әңгімелер аз емес. Билер тек қисынды ой мен атадәстүрдің халық мойындаған құндылықтарына ғана емес, сол замандағы ірі саяси тұлғалардың басшылығымен жасалған заңдарға да сүйенді. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Әз-Тәуке ханның «Жеті жарғысы» – бәрі де өз заманының талаптарына сай жасалған заң жинақтары болатын. Осы орайда, бүгінгі тәуелсіз еліміздің сот жүйесі сол ежелден келе жатқан билер институтының заңды жалғасы десе, артық айтқандық болмас. Қазіргі сот жүйесінде кешегі қазақ халқының құқық саласындағы билер сотының мәртебесі мен мәнін айқындайтын бірқатар айшықты қағидаттар мен нормалар сақталған. Мәселен, «Би төрттің құлы: адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік» деген ежелгі билер ұстанған қағидат қазіргі сот жүйесінде де маңызын жойған жоқ. Айтылған ойдың астарлы мағынасынан биікті бағындырып, аққа жаршы болатын бүгінгі күнгі судьяға қойылатын талап деңгейі қандай болуы керектігін ұғуға болады.
Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған мақаласында: «Қазақтың билер соты өзінің шынайылығымен халыққа ең жақын құқықтық орган болған. Құқықтық құрылымы және сот ісін жүргізуде өзіндік қалыптасқан бай тарихы бар, әлемдік үлгідегі классикалық соттарға қай жағынан да үйлесе алатын бірегей сот жүйесі екеніне дүниежүзіндегі ғалымдар нақты көз жеткізді. Қазақ елінің мыңдаған жылдардан бері ғасырдан-ғасырға ұласып келе жатқан мемлекеттік билігінде билер сотының орны ерекше болған. Шынайы халықтық үлгіде құрылып, ежелден елдік әдет-ғұрыпқа негізделген дәстүрлі құқық нормаларын берік ұстанған бұл сот жүйесі ұлттық санамыздағы ұзақ жылғы даму эволюциясында тек әділдік пен ақиқаттың айқын көрінісі ретінде мызғымай келді» деп атап көрсеткен еді.
Қазақтың билері әділ шешімдерімен елді аузына қаратып, дауласқан екі тараптың да көңілінен шығатын жүйелі билігімен ел құрметіне бөленген. Өйткені, олар даулы мәселелерді қарау кезінде барынша ашықтық принципті басшылыққа алып, тараптардың мүмкіндігіне шектеу қоймай екі жақты бітістіруге күш салған. Сондықтан, қазақтың дана билері кәсіби жағынан әбден шыңдалып, тәуелсіз сот билігі ретінде қалыптасты. «Билік айтқан би емес, бітістірген би» деген принцип содан қалса керек. Яғни, билік айтудың мұраты жазықтыны жазалау емес, дауласқан тараптарды бітістіріп, дауды ушықтырмай шешу, ел ішінің бірлігі мен бүтіндігін сақтауға қызмет ету болған. Елбасымыздың сот жүйесінің алдына қойып отырған міндеттері де осымен үндеседі. «Медиация туралы» заң қабылданып, араағайыншылық институтының енгізілуі сот жүйесіндегі  бітімгершілікті дамытуға негізделген маңызды қадам болғаны анық.
Академик Салық Зимановтың төрт тілде шыққан «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» деген кітабында: «Қазақтың билер соты өзіне жүгінген тараптардың дауларын қарастыра отырып, тараптардың арасында, рудың арасындағы бітімгершілікке және бірлікке қол жеткізуге тырысатын. Билер сотының осы асқақ мұраттарының талабына жауап беру үшін билер дала даналарының мектебінен өтуге, алдыңғы ұлы билердің сынынан сүрінбеуге тиіс болған» деп, билер сотының мән-мазмұны мен сыйпатын анық көрсетіп береді.
Қазақтың дәстүрлі құқығындағы билер сотының және ел тұтастығы үшін билердің атқарған қызметінің орасан зор болғанын бағамдаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы билер бүгінгі мемлекеттік биліктің функционалдық қызметтерін толықтай атқарып келді десек, қателеспейміз. Олар атқарушылық, заң шығарушылық, билік айтып ел басқару қызметтерінің барлық түрлеріне араласты. Оған қоса, мемлекеттің ұлттық идеологиясы мен ел бірлігі, әлеуметтік тұрмыс жағдайы туралы даналық ойлар айтып, ел болашағын күнілгері болжады, оған қажетті келелі істерді ынтымақтасып істеудің сара жолын дидактикалық нақыл сөздерімен түйіндеп, халыққа түзу бағыт беріп отырды.
– Билер туралы айтқанда, осы Көкше өңірінен шыққан қарауыл Қанай би бастаған заманында ел-жұртқа танымал болып, үлкен беделге ие болған билер шоғыры еске түседі. Сол билерді насихаттау, олардың ұлағатты істерін бүгінгі ұрпаққа, оның ішінде адам тағдырын тара-
зылаумен айналысып жүрген судьяларға жеткізуде қандай істер жасап жатырсыздар?
– Атақты Абылайды таққа отырғызуға үлкен қызмет жасаған және Орта жүздің төбе биі болған қарауыл Қанай би осы Зеренді өңірін жайлаған екен. Орта жүздің Арғын тайпасының Қарауыл руынан шыққан. Атығай-Қарауылдың бас биі болған. Абылайхан мен Бұқар жыраудың ұсынысымен ол көп жыл Орта жүзде төбе би болған. 1771 жылы үш жүздің басшылары Абылайды хан сайлағанда, Қанайды да ақ киізге орап, қараша би ретінде қатар көтерген екен. Зерек, сезімталдығы жас кезінен қалыптаса бастаған баланың сөз тапқыш алғырлығы ауылдастары арасында кең таралады. Қанай 13-15 жасар кезінен ел, жер, жесір, барымта дауларына араласа бастайды.  
Қазақ арасында есімі кең таралған тағы бір тұлға – Саққұлақ би Ереймен өңірінде өмір кешкен. Оның атасы атақты Бапан би болған. Ел аузында Саққұлақ би айтқан екен деген аңыз әңгімелер біраз сақталған. Өкінішке орай, осы Көкшетау-Қараөткел өңірінен шыққан бізге белгілі 15 бидің өмірі мен айтқан дуалы сөздері бізге көп жете қойған жоқ. Десе де, ел аузында сақталған біраз әңгімелерді жинақтап, атақты билерімізді ел арасында насихаттау, есімдерін ел есінде сақтау бағытында хал-қадерімізше жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бапан би мен Саққұлақ биге арнап туып-өскен өңірі Ерейментаудан ескерткіш ашылды. Осы өңірден шыққан билер жайында бейнеролик түсіруді жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, алдағы жылы облыс соттар жүйесінің құрылуының 95 жылдығына орай сот тарихына арнап кітап шығарсақ, онда билер жайында толымды мәліметтер берсек деген де ой-жоспарымыз бар.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар