«Тыныстың» тынымсыз ырғағы

Көкшетау қаласындағы   «Тыныс» акционерлік қоғамы еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірінен саналады. Бүгінгі таңда осы зауытта шығарылатын полиэтилен құбырлары, авиация, темір жол, мұнай салаларына қажетті қосалқы бөлшектер мен күштік құрылымдарға арналған бронежилеттер тапсырыс берушілер тарапынан жақсы баға алып, сұранысқа ие болуда.

  Зауыт Ақмола облысында машина жасау ісінің көш басында тұр. Қазақстан Республикасы Үкіметінің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының өнеркәсіпті әртараптандыру бағытын жүзеге асыру мақсатында жұмыс істеп келе жатқан, жарты ғасырдан астам тарихы бар «Тыныс» акционерлік қоғамы 2003 жылы «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясының құрамына енді. Бұл – кәсіпорынның келешегін айқындап, алдағы жоспарларын жүзеге асыруға жол ашты. Кейін араға бір жыл салып, яғни, 2004 жылы акционерлік қоғамға халықаралық «TUY CERT» компаниясының сапа менеджменті жүйесіндегі «ISO 9001:2000» сертификаты тапсырылды. Бұл сол кезде үлкен жетістік болатын.
Зауыт 56 жылда өз өнімін үздіксіз шығарып, өнімнің жаңа түрлері мен кәсіпорын жұмысының жаңа бағытын игерді. Бұны зауытты салып, пайдалануға берген, әрі саналы ғұмырын осы кәсіпорынға арнаған жұмысшылардың баға жетпес еңбегі деп білеміз. Өз еңбектерімен құрметке ие болғандардың есімдері зауыт өмірінде басты орын алады.  Күні кеше зауыт басшылығында іскер ұйымдастырушы Қуаныш Рыспаевты алмастырған жаңа бас директор Қайрат Қалманбаев бүгінгі таңда «Тыныс» акционерлік қоғамы көп салалы кәсіпорын екенін айтады. Оның құрамына авиация өнімдерін, өрт сөндіру құралдарын, полиэтилен құбырын жасау, газдалған қалып арқылы құю, әскери және азаматтық противогаздар, Қарулы Күштер жабдықтарын, темір жолдың электр жүйесі үшін тетіктер, сұйық зат шығынын есептеу аспаптары, медициналық қондырғылар, газды жабатын арматура жасау бөлімшелері кіреді. Соңғы жылдары мұнайгаз және темір жол секторындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық компанияларының қажеттілігі үшін өнімдердің үлкен тізімі игерілді. Авиациялық өнімнің негізгі тұтынушылары – Ресей мен Беларусьтің авиажасау және авиажөндеу кәсіпорындары. Кәсіпорынның өнімін сату саясаты ішкі және сыртқы нарықтарға бағытталған. Бір кездері авиациялық өнімдерге сұраныс азая бастағандықтан, кәсіпорын отандық компаниялардың сұранысы бо-йынша жұмыс істеуге біртіндеп көшуді қолға алады. Мұның да сол кезде дұрыс қадам болғанына осы күні көз жеткізуге болады.
Қазіргі уақытта «Тыныс» республикамыздың экономикалық өміріне белсене қатысушы кәсіпорын ретінде де танымал. Осы күні «Қазақстан темір жолы», «Қазмұнайгаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақ-телеком», «Қазтрансойл», «Қазтрансгаз», «KEGOK» акционерлік қоғамдары сияқты ірі компанияларға өнімдерін жеткізеді. Сондай-ақ, «Улан-Уде авиация зауыты» ашық акционерлік қоғамы, «Қазан тікұшақ зауыты» ашық акционерлік қоғамы және «МИГ» РСК» ашық акционерлік қоғамымен әріптестік байланыс нығайып келеді.
Өндірістің жалпы көлеміндегі авиациялық өнім экспортының үлесі 47 пайызды құрайды. «Тыныс» тауар өндіру көрсеткіштерін сатылап өсіріп келеді. Зауытта өндіріс көлемінің көрсеткіштері, кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығы сияқты өсудің оң әрі тұрақты жолы бар. Мәселен, 2005 жылы ол 501 миллион теңге деңгейінде болса, 2010 жылы 2,6 миллиард теңгеге жетіп, 523 пайыздық өсімді құрады. Ал, 2011 жылы 2010 жылға қарағанда 139 пайыздық көрсеткіш қамтамасыз етілді. Әр адамға шаққандағы еңбек өнімділігі 2005 жылғы 833 мың теңгенің орнына 2011 жылы 5967 мың теңгеге көтерілді. 2017 жылдың бірінші тоқсанында 666,7 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 121 пайыз болып отыр. Сондай-ақ, 2009 жылдан бері сату көлемі де үш есе өссе, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 654,4 миллион теңгені құрады. Мұның өзі зауыттың дұрыс жолмен келе жатқанын білдірсе керек.
Соңғы кездері «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамынан тапсырыс көптеп түсуде. Оған қоса, Қарулы Күштерге қажетті бронжилет шығарылуда. Зауытта адам ресурстарын басқаруды ұйымдастыру бойынша жұмысшылар мен инженерлік-техникалық мамандарды  тиімді саралау жұмысына бағыттайтын бірқатар шаралар жасалып отыр. Осының бәрі зауыт шығарған өнімнің сапасына оң әсерін тигізуде. Бүгінгі күні кәсіпорын өзінің қаржылық-шаруашылық қызметін тұрақтандырып, тек қана кіріспен жұмыс істеп келеді.
Тағы бір айта кетерлігі, кәсіпорынның өз сынақ орталығы бар. Онда барлық өнімдер қатаң сынақтан өтеді. Оған қоса, әскери қабылдау институты жұмыс істейді. ISO 9001 халықаралық стандартына сәйкес 2004 жылы «TUV NORD» неміс компаниясында сертификатталған сапа менеджмент жүйесі тиімді жұмыс атқарды. «Тыныс» акционерлік қоғамы отандық және халықаралық көрмелерге қатысқаны үшін марапатталды. Технологиялық үдерістердің қазіргі заманғы деңгейі мен мамандардың жоғары кәсіби шеберлігі шығарылатын өнім өндірісінің қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Қоғам стратегиясы ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Осының нәтижесінде өндіріс жаңғыртылып,  әртараптандырылды. Жұмыстың жаңа бағыты игерілді. Мұндай жобалардың бірі – 2005 жылы жүзеге асырылған су және газ құбырлары үшін диаметрі 10-нан 250 миллиметрге дейінгі «Полиэтилендік құбыр өндірісі» инвестициялық жобасы болып табылады.
Жоба республика тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Желіні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі іске қосқан болатын. Полиэтилен құбырының сапасы алдыңғы қатарлы
КРАУС МАФФАЙ неміс өндірушісінің қондырғыларымен қамтамасыз етіледі. Цехтарды аралау кезінде қызу еңбек пен озық технологияны меңгерген зауыт өнімін әлемдік деңгейдегі бәсекелестікке көтеруге ұмтылып жатқан қазақ жастарының талпынысына риза болған Мемлекет басшысы  табанды еңбектің тамаша үлгісін танығанын айтып, ризашылығын білдірген еді.
2009-2010 жылдары «Полиэтилендік құбыр өндірісі» жобалары жүзеге асырылып, диаметрі 110-нан 1000 миллиметрге дейінгі полиэтилен құбырлары шығарыла бастады. Осындай игі істердің арқасында 2011 жылы «Тыныс» акционерлік қоғамы «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы еншілес компаниялары арасында «Ең үздік ұжымдық келісім-шарт» аталымы бойынша 1-ші дәрежелі дипломмен марапатталды.
2012 жылдың төртінші тоқсанында акционерлік қоғам «Бронежилет өндірісі» инвестициялық жобасын жүзеге асырды. Осы мақсатта зауытта бронежилет тігетін орын ұйымдастырылды. Арнайы бөлме жөнделіп, қондырғылар орнатылды. Қосымша 80 жаңа жұмыс орны ашылды. Технология трансферті шеңберінде жұмысшылар бронежилет тігудің оқуынан өтіп, өндіріс технологиясын ойдағыдай игерді.
Зауыт 2013 жылдан бастап, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне алғашқы 2000 дана бронды жилеттерді жеткізген еді. 2014 жылы «Тыныс» акционерлік қоғамы ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында республикалық «Парыз» байқауында «Ең үздік ұжымдық келісім-шарт» аталымы бойынша 3-ші орыннан көрінді. Ал, 2015 жылы кәсіпорынның айы оңынан туды десек те болады.  Осы жылы зауыт «Табыстың көрсеткіштері» критерийлері бойынша «Сала көшбасшысы 2015» ұлттық сертификатына лайық деп танылса, арада көп уақыт өтпей жұмыс берушілердің «Сенім-2015» еңбек қорғау және қауіпсіздігі республикалық байқауында «Еңбекті қорғаудағы үздік қызмет» аталымында жеңімпаз атанды.
2016 жылы «Тыныс» акционерлік қоғамы  IV халықаралық «KADEX-2016»  қару-жарақ пен әскери техника көрмесінде бронды жилеттердің бірнеше түрін ұсынған болатын. Осында бұл отандық өнімнің сапасына жоғары баға берді. Оған қоса, зауытта танк шлемофондарын дайындау ретке келтіріле бастады. Қорғаныс керек-жарақтарының жазғы және қысқы нұсқалары бронды машиналардың экипаж мүшелері арасында ішкі байланысты және сыртқы байланысқа шығуды қамтамасыз етеді. Айта берсек, тыныстықтардың тынымсыз жұмысы соңғы жылдары «жылына 1 мың тоннаға дейін газдалған модельдер бойынша құю өндірісін игеру» және «матаға жатпайтын материалдар өндірісі» инвестициялық жобаларының жүзеге асырылуы-на да игі ықпалын тигізуде. Су өтпейтін, иілгіш, матаға жатпайтын синтетикалық материалға «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен мұнайгаз компаниясы тапсырыс беруде.
Бүкіл әлемде, оның ішінде біздің елімізде де кез-келген кәсіпорынның қызметі тек жоғары өндірістік көрсеткіштермен ғана бағаланбайды. Қаржылай түскен пайдамен бірге, техникалық қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік және корпоративтік жауапкершілік сияқты көптеген көрсеткіштер алдымен ескеріледі. Осы орайда, «Тыныс» АҚ тарапынан қолға алынып отырған мұндай қадамдар Елбасы Жолдауында айтылған өнеркәсіпті өрге бастыру ісіне өзіндік қомақты үлес болып қосылары айқын.   
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар