Даңғаза әннен зеріккен жоқсыз ба?!.

Жуырда қызымның жасқа толғанын атап өтуге лайықты орын іздеу үшін біраз кафелерді аралап көрген едік. Солардың бірінде естіген мына бір жайт құлағыма түрпідей тиді. 

Біз мейрамхана әкімшісімен сөйлесіп тұрғанымызда жанымызға бір ер адам келіп, ондағы залдың неше адамға лайықталғанын, музыканттың бар-жоғын сұрады. Шамасы ол да біз секілді тойын өткізгісі келіп жүргендердің бірі шығар деп ойладым ішімнен. Біраз жайдың басын ашып алғаннан кейін әлгі адам осындағы музыканттың репертуарында қандай әндердің барын сұрап, егер тек қазақша әндер ғана болса, бұл жерді жалға алмайтынын айтып салды. Оның уәжіне қарағанда, қазіргі жас-
тар қазақша әндерге мүлде билегілері келмейді, тойында шетелдің әні шырқалмаса, қонақтарының дегбірі қашады екен. Сол арада клиенттен айырылып, қаржыдан қағылып қаламын деп жанталасқан мейрамхана әкімшісі: «Сіздің айтқаныңыздай болады. Шетелдің әндерін ғана қоямыз. Бізге сеніңіз», – деп сол адамның асты-үстіне түсті де қалды.
Шынымды айтайын, әлгі азаматтың бойынан қазақ әндеріне деген менсінбеушілікті байқап, қатты  қапаландым. «Жастар неге қазақша әндерден жиренеді?» деген сұрақ әлі күнге дейін санама маза бермейді. Қазіргі күні біразы шетелдің даңғырлаған әуенін тыңдап, билегенді ұнататыны жасырын емес. Қазір ешбір  той шетелдің әнінсіз өтпейді. Оны айтасыз, қарттардың өзі тойларда «Oppa gangnam style» секілді шетелдің қайдағы жоқ мағынасыз, арзанқол әндеріне қылмыңдап билейтінін көзіміз талай көрді. Бұл да біздің мәдениетіміздің төмендеп бара жатқанының бір белгісі емес пе?!
Мені неге бұлай шыр-пыр болып отыр дейтін шығарсыздар. Өйткені, жаңағы әнге түсірілген бейнебаяннан адам шошиды. Әншінің  жартылай жалаңаш қыздармен билеп жүріп айтқан әніне түсірілген бейнебаян сырт көзге тым ерсі көрінеді. Ал, енді соған біздің жастарымызды былай қоя тұрып, қарттарымыздың есіріп билегені мәдениетімізге мүлде жат қылық. Шетелдің әндеріне билегенше, халқымыздың дәстүрлі немесе эстрада әншілерінің құлақ құрышын қандырар әдемі әндеріне неге билеп, көңіл көтермеске?!
Той өткізіп жүрген асабалардың, мейрамханалардағы музыканттардың құлақтарына алтын сырға, алдағы уақытта осы айтылған уәжімізді ескеріп, қазақ әндерінің шашбауын көтеріп жүрсеңіздер разы болар едік. Қазақ әндеріне ешкім билегісі келмейді деп, өзімізді өзіміз кері тарта берсек, қара да тұрыңыз, ертеңгі күні солай болады да! Сондықтан да, мәдениетімізге жат нәрселерден бойымызды аулақ ұстап, салтымызға сай дүниелерден рухани азық алайық.   
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар