Жарайсың, «Мираж»!

Аршалы аудандық мәдениет үйінің «Мираж» халықтық би ұжымы еліміздің оңтүстік астанасы – Алматы қаласында өткен «Алматым жүрегімде» байқауының бас жүлдесін жеңіп алып, облыс мерейін үстем етіп оралды. «Мираж» халықтық би ансамблі соңғы жылдары шығармашылық тұрғыдан біршама өсіп, кемелденіп, репертуар қоры жаңа хореографиялық шығармалармен толысып келе жатқан өнерлі ұжым. 

«Алматым жүрегімде» байқауына аталмыш ұжымды  Виталий Бакшеев  пен Александр Цуп секілді өнерлі азаматтар бастап, өз жетекшіліктерімен алып барды. Республикамыздың әр аймағынан келген шығармашылық ұжымдар өнер көрсеткен сайыста аршалылық ансамбль халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері мен тұрмыстық, патриоттық және достық тақырыптарына қойылған хореографиялық композицияларды мың бұрала, нақыштарына келтіріп орындап шықты. Үлкен еңбек пен табандылықтың, ең бастысы би өнеріне деген қызығушылық пен сүйіспеншіліктің арқасында ұжым өз мерейін асқақтатты.  
Ұжым аудандық көпшілік іс-шараларға, мерекелік концерттерге, шоу-бағдарламаларға белсенді қатысып, облыстық халық шығармашылығы көркемөнерпаздар байқауының лауреаты атағына ие болды. Қазақ биінің әсемдігі мен сұлулығын көрерменіне жарқыратып, ұлттық бояуларымыздың айшықтала түсуіне зор үлес қосып жүрген өнер ұжымы жылдар өткен сайын көркейіп келеді. Алдағы уақытта «Мираж» ансамблі халқымыздың төл өнерін биікке көтеріп, көрермендерінің көзайымына айналады деп сенеміз.
Руслан МАХАНОВ,
Аршалы аудандық
 тілдерді оқыту
орталығының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар