Мұрат Бақтиярұлы, Парламент Сенатының депутаты, саясаттану ғылымдарының докторы.
Кең байтақ қасиетті қазақ даласының киелі топырағын басып тұрып, шүкіршілік қылатын күн бүгін! Тәуелсіздігімізге тәу етіп, тағы да бір «Тәуба!.. Тәуба!» дейтін, «өлгенің тірілді, өшкенің жанды» дейтін күн бүгін! Көкірегіңді өксік қыспасын, кек бумасын, керісінше көкірегіңді мақтанышқа толтырып, рухтана түс, қанаттана түс! Мына даласын жауға бермей өткен талайғы бір батыр бабаларымыздың аруақтары аспандап, дәл қазір салауат айтып тұрғаны да анық болар!
Солай да болар! Өйткені, даласын алғызбаймын дегендердің бастарын алған заманалар тылсымынан Ер Махамбет, Хан Кене, Кейкі батыр аруақтары үн қатып, талай да талай бір кезеңдерден бері қазақ деген халықтың жүрегін сыздатып, жанын ауыртып келген болатын. Өршіл жырлы Махамбеттің бас сүйегі өз топырағында қалса, «Кенесары хан мен Кейкі батырдың бас сүйектері қайда қалды?» деген ой әр қазақ баласының көкейінде бұғып жатқаны да анық еді!
Е, қазақ деген халықтың басынан не өтпеді дейсіздер?! Мына байтақ даланың кеңдігі мен ұрпақтарының теңдігін сақтап қалу үшін аттың жалында, түйенің қомында күн кешіп, талай бір жаугершілікті, «ақтабан шұбырындыны» бастан кешіп, орыс отарлаушыларының қорлауын да, коммунистік қызыл империяның өктемдігін де көрді бұл халық! Алайда, өлген жоқ! Алайда, жер бетінен жойылып кеткен жоқ!
Өлмесек бабаларымыздың өрлігі, жойылып кетпесек тағы да сол батыр бабаларымыздың ерлігі болатын біздерді сақтап қалған!
Бабадан бата, атадан өсиет алып өскен ұрпақ емес пе едік?! Тағы да «Тәуба» дейік те, Жаратқанға мың иіліп мінәжат етейік те, батыр бабамыз Кейкінің, Кейкі Көкембайұлының бас сүйегін өзінің туған топырағының қабатына берер сәтте еңсемізді тіктейік те, анау зеңгір көгілдір аспанмен астасып желбіреп тұрған Көк байрағымызға көз тігейік! Көз тігейік те сол Көк байрағымыздың мәңгі желбіреп тұруын тілейік!
Иә, батыр Кейкінің бас сүйегі туған елімізге оралды! Бұл біздің қасіретіміз болса да, ендігі арада қуанышымыз деп қабыл алайық! Өйткені, батырдың бас сүйегі бізге қазақ деген халықтың сынбаған рухы, езілмеген еңсесі мен өрлігі, бүгінгі және келер ұрпаққа мәңгі үлгі болар ерлігі болып оралып тұр! Кейкінің басын шауып алып кеткенімен, халқымыздың тамырын шаба алмады, Кейкі бабамыздың есімі мен ерлігін туған халқының жадынан ешкім де жасыра алмады! Туған халқы ұзақ жылдар бойы өзінің аяулы бір перзентінің бейнесін өз жүректерінде сақтады! Кейкі батыр сол ұзақ жылдар бойы өз туған халқының жүрегінде көмулі жатты!
Атақты батыр, даңқты қолбасшы, көзсіз мерген Кейкі (Нұрмағамбет) Көкембайұлы 1871-ші жылы қазіргі Қостанай облысы Амангелді ауданының Байтума қопасында дүниеге келген екен. Бұрынғыларша айтар болсақ, сүйегі Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құлан қыпшақ руына жатады.
Өз аталары Төрештің Торайғыры мен Жәукенің Сәбденбегі – Кенесары көтерілісінің жүрек жұтқан батырлары болса, ел басына күн туған шақта 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісті бастап, Кейкі шықты ұрыс даласына!
Кешегі Кеңес үкіметі Кейкі батырдың атын атаудан да қорыққан сыңайлы. Өйткені, батыр бабамыз жайлы бірде-бір дерек айтылмады, тарихқа жазылмады. Солай бола тұрса да, өз батыр бабасының есімі мен ерлігін туған халқы өз жүректеріне жазып ұстады. Кейкі батырдың ерлігі жайлы түрлі әңгімелердің өлмей де, өшпей де бүгінгі күнге жетуінің басты сыры да, шыны да осында!
Қайран біздің аталарымыз бен әкелеріміз Кейкі батыр жайлы әңгімелерін бір-бірлеріне сыбырлап қана айтып, бірінің жадына бірі, одан қалды кейінгі ұрпақтары біздің жадымызға да құюмен болғандығын да қайтерсіз?! Сонда солардың түйсіктері түбінде Кейкі батырдың аты аталар, бас сүйегі де табылар, оны іздеп, туған топырағына берер ұрпағы да болар дегенді сезінген-ау, шіркін! Солай болып та отыр!
Халқының жадында сақталып, енді-енді хатқа түсе бастаған Кейкі батыр жайлы ел аузында қалған әңгіменің бір парасы мынау болушы еді!
Нұрмағамбет – Кейкінің азан шақырылып қойған шын есімі осы екен! Батырдың Кейкі атанып кетуі – оның жасынан ен далада аң аулап, құс шалып кісі баласына көп жолаңқырамай, жапан түзде кейкиіп үнемі саяқ жүргендігі деуші еді үлкендеріміз. Өзі балуан денелі, өңі тым суық, ашуланса болды екі көзі оттай жанып кететін, тура да бірбеткей, қайтпас қайсарлығы туа бітті қасиеті болса керек. Тағы да сол туа бітті қасиетінің бірі, зейінді де зерек көңілді Кейкіні көзі көрген қариялар батырдың Торғай даласының ойы мен шұңқырын, жер жағдайы мен бедерін өте жақсы білген еді деседі екен. Және де үнемі табиғат аясында жүргендіктен, күн райының жағдайын алдын ала болжап, біліп отыратындығын айтар еді-ау жарықтықтар!
Батыр бабамыз Құран оқып, бес уақыт намазын да қаза етпеген, ғайбат сөйлемеген, ешкімге қиянат жасамаған әдепті де әділ адамның абзалы болыпты. Құралайды көзге атқан ғажайып қол мергендігі, қамшыгерлігі де, одан қалды өнерпаздығы да қыр қазақтарын сүйсіндірмей қалмайтын.
Кейкі батырға қатысты түп тарихты тарата айтар болсақ, 1916 жылы Торғайда басталған ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Амангелдіні іздеп тауып, Әбдіғаппар хан әскерінің мергендерін басқарып, сол ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Торғай қаласын шабуылдауға және де Құмкешу, Күйік, Батпаққара, Доғал соғыстарының бәріне де қатысқан-ды.
Тарихшыларымыздың бертінгі зерттеу еңбектерінде Кейкі батырдың 1917 жылғы ақпан айының 13-14 аралығында Кислов отрядына қарсы ұрыста жанқиярлық ерен ерлік көрсеткендігі нақтылы дәлелді әрі айғақты деректермен расталып отыр.
1917 жылғы 16 ақпанда Торғай көтерілісшілеріне қарсы полковник Тургеневтің 13-ші атты казак полкі Батпаққараға жетеді де, осы жазалаушы отрядқа Кейкі батырдың жасақшылары 20 ақпанда Құмкешуде бір, 23 ақпанда Доғал-Үрпек бойында екінші рет соққы беріп, патша әскерін шығынға ұшыратып, беттерін қайтарып тастаған болатын. Кейкі батырдың тапқырлығы мен соғысу тәсілдеріне шеберлігі, мүлт жібермейтін мергендігі, жауына жай оғындай тиген ерлігі аңызға айналып, даңқы аса түсті.
Дәуірдің дауылы көтеріліп, замананың астан-кестеңін шығарған зардапты Қазан төңкерісінен кейінгі сол тұста, яғни, 1919 жылдың сәуірінде Амангелді Үдербайұлы мен Қыпшақ хандығының көсемі Әбдіғаппар дүниеден озады. Бұлардың өлімдері де жұмбақ еді. Осы жай Кейкі батырдың өміріне, жан дүниесіне үлкен өзгеріс әкелсе керек.
Несін айтасыз, дүниенің астан-кестеңін шығара келген сол Кеңес өкіметі қазақ сахарасына да небір сұрқия саясатын ала келді. Ең әуелі ұлттың рухы, ақыл есі, иесі болып отырған халқымыздың кез-келген жақсылары мен жайсаңдарын, оқығандары мен білімділерін, қайраткерлері мен сөз бастап, ел ұстарларын баудай қырып, халықты құлдық санамен басқару тәсілін таңдады. Кеңес өкіметі ең әуелі Алаш қайраткерлерін түрлі саяси жаламен ала бастады. Тап жаулары дегенді шығарды. Ауқаттылар мен дәулеттілерді кәмпескелеп, жер аударды. Тағы да несін айтасыз, Кеңес өкіметіндей өз халқына зорлық пен озбырлық жасаған, өз халқын аштан қырған, өз халқын айдаулар мен қамаудың, атып-асудың зұлымдығын әлемдегі бірде-бір мемлекеттің жасамағаны аян.
Өзге біреуді айыптау үшін ендігі біреуді өлтіріп, жалған жала жабу сол кезгі жүйенің үрдісі болды. Бұл жолы да Амангелді батырдың өліміне Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлын кінәлі етті. Тіпті, Міржақыпқа соны мойындатты да!
Кеңес өкіметінің мына сұрқия саясатынан шошынған Кейкі батырдың өзі де, соңынан ерген сарбаздары да аттарынан түспей, қабақтарына қан қатып, кектене түсті. Өйткені, Кеңес өкіметінің «қызылы келіп бір, ағы келіп тағы бір шауып» малын бағып, момын жатқан қыр қазақтарының үрейін ғана кетіріп қойған жоқ, берекелерін алды, ойран салды, қыздарын зорлады, сәл нәрсені сылтауратып ер азаматтарын атып кетіп жатты. Кейкі батыр айтқан сол кезден «ақ орыс та – орыс, қызыл орыс та – орыс» деген сөз қалды.
1919 жылдың жазында алашордалықтар Торғай жеріндегі жергілікті совет өкіметін құлатып, бар билікті өз қолдарына алғандықтан Амангелді Үдербайұлын жақтағандарға қарсы кең көлемде қуғындау шаралары басталып кетіп еді. Бұл қуғындаудың басты нысанасы ең әуелі Кейкі батыр болды. Алайда, әуелден иманды жаралған Кейкі бабамыз Торғай даласына Кеңес өкіметі орныққаннан кейін, енді ешкімге залалым тимесін деген ниетпен өз сарбаздарын толық таратып жібереді. Өзі де бейқам әрі тыныш өмір сүруге көшеді. Не билікке, не саясатқа араласпаса да Кеңес өкіметінің сұрқиялары Кейкі батырды сыртынан аңдып, бағуларын қоймаған еді. Осыны сезген Кейкі де іштей ширақтанып, сақ жүрді.
Батыр бабамыздың соңына түскен аңдушылары Кейкі жайында «ол ел арасын білдіруші, қарақшы, банды» деп жоғары жаққа жалған ақпараттарды тоғытып, жөнелтіп жатты. Өз өкіметінің билігін зорлық-зомбылықпен орнықтыруға бет алған Кеңестің қызылкөз жандайшаптарының асыра сілтеулеріне және де қиянаттарына шыдамаған қорғансыз халықтың бірталайы Кейкі батырды сағалай бастады. Халқына қорған болған Кейкі батырдың төңірегіне жергілікті халықтың топтаса бастауынан үрейлері ұшып, қорқа бастаған Кеңес өкіметінің залымдары енді Кейкі батырды әскери күш қолданып ұстаудың амалдарын ойластырған еді. Тарихи деректер бойынша Кейкі батырдың соңына жансыздар түсіп, оның жатқан-тұрған жері, баратын бағыт-бағдары, жергілікті жерлерде Кейкіні кім қолдайтындықтарына дейін теріліп, құпия деректер жиналған екен.
Алайда, қайткенде де Кейкі батырды қолға түсіру амалына ашық кіріскен Кеңес өкіметінің қарулы отряд жасақтарына батыр алдырмады. Кейкі батыр сол әскери жасақтың біразын қырып салып отырды. Дала батырын қарулы жасақпен ала алмасын сезген олар енді Кейкіні түрлі айла-шарғымен қолға түсіруді ойластырады да, осы ретте «дала комиссары» атанған Әліби Жангелдиннің атынан «Кеңес өкіметі Кейкіні кешіреді» деген хат дайындайды да, оны Торғай даласына белгілі комиссар Александр Токарев Кейкіге жеткізуге тапсырма алады. Тарихи дерек бойынша 1922 жылдың сәуір айының орта тұсынан ауған шақта Торғай қаласының маңындағы әулетті де дәулетті Нұршабайдың үйінде отырып, Токаревтің арам пиғылын сезіп қалған Кейкі батыр Токаревті атып өлтіреді де, төтесімен суыт жүре отырып, есейіп, ержетіп, аттың жалын тартып мінген жастық шағы мен бүкіл саналы ғұмыры өткен өз мекеніне келіп жетеді де, аяқ суытады.
Адам баласының жанын түршіктірер болар да болар бір оқиғаның болғаны да анық. Жалаулының Жыланшыққа құяр сағасында Торғайдан арнайы шыққан Желяевтің жазалаушы отрядының жасақтарымен атыс кезінде Кейкінің жанындағы екі татардың сатқын болып шыққандығын қайтерсіз?! Қайтерсіз де жаныңның қан жылары бар! Сол екеуінің кесірінен Кейкі батыр оққа ұшады. Жауыздық жасалды! Кейкі бабамыздың аяулы жары Ақжан сұлуды шашынан сүйреп далаға алып шығады да, атып өлтіреді. Аяғы ауыр еді анамыздың! Соны сезген жазалаушылардың біреуі Ақжан анамыздың ішін жарып жіберіп, дүниеге санаулы күндерден кейін келгелі тұрған шақанақты ана құрсағынан жұлып тастайды, ұл бала екен! Батырдың інісін де сол арада атып тастайды.
Мына сұмдықты қараңыз! Имансыздар Кейкі батырдың бас сүйегін Торғай қаласының орталық алаңына сырыққа шаншып қойыпты. Ол жеті күн бойы тұрды деседі. Содан кейін бабамыздың бас сүйегін Орынборға, 1926 жылы Қазақстанның астанасы Қызылорда қаласына көшірілуіне байланысты, Петерборға жөнелтіледі де, Петербордағы антропологиялық қордың кунсткамерасына сақтауға беріледі.
Есін бірде жиып, бірде жия алмай жүрсе де халқымыз Кейкідей батыр бабасын ұмытты деп айта алмаймыз. Батырдың бас сүйегін өзінің туған еліне қайтару қазақтың ұзақ жылдардан бері көңіл түпкіріндегі тереңде жатқан ізгі ойы, аңсарлы арманы болушы еді. Бұл мәселе айтылып та, жазылып та жатты. Бұл орайда Қазақстанның экс-премьер-министрі Кәрім Мәсімов Мәскеуде өзінің ресейлік әріптесі Дмитрий Медведевпен кездесу кезінде қазақтың соңғы ханы Кенесары мен Кейкі батырдың бас сүйегін елге қайтару мәселесін алға тартып, қайырлы іс болды.
Сәтін салып, орайы келген сауапты бір іс болды бұл! 2016 жылдың 6 қазан күні Кейкі батырдың бас сүйегі Қазақстанға жеткізілді де,12 қазан күні батыр бабамыздың бас сүйегі антропологиялық сараптама үшін Венгрияға жіберілді.
Кейкі батырдың бас сүйегін толық қалпына келтіру үшін Мажарстанның Жаратылыстану ғылымдары мұражайының арнаулы мамандары мен антрополог ғалымдары ыждаһатты жұмыс жасады. Соның нәтижесінде жасалған ғылыми сараптама қорытындысы да бар. Антропология ғылымының майталмандары, мажарстандық Агнеш Куштар, Шандор Эвингер мен Андраш Биро батырдың бас сүйегіне сараптама жасап, оның қайтыс болған кездегі жасының шамасы мен қандай жағдайда және неден қайтыс болғанын анықтап берді. Біз сол үшін мажарстандық ғалымдарға шынайы алғысымызды айтамыз.
«Біз Кейкі батырдың қалай қайтыс болғанын тарихтан білеміз. Ал, біздің жасаған сараптамадан оның қандай жарақаттар алғанын көруге болады. Оны желкесінен металдан жасалған затпен кем дегенде жеті рет ұрған. Содан сүйегі сынып кеткен. Қатты жарақат алған. Рентгеннен де жарақаттардың барлығы көрініп тұр», – дейді өз сараптамаларында венгрлік ғалымдар.
Иә өткен іс өтті! Өткенге салауат айтып, келер күннің жақсылығын тілер кең пейілімізбен сол өткенге салауат айта отырып, енді Тәуелсіздігіміздің қайырын тілейік, мәңгілік ел болудың жайын ойлайық! Сол ізгі ойымыз бен арман мүддемізді бабалар рухы қолдасын!