Өмір мен өнерге құштарлық

Кеше «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының ұйымдастыруымен Көкшетауда «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі жастар арасында «Жаңа тұлғалар» атты бірінші облыстық фестиваль болып өтті. 

Игі шара «Бурабай» спорт сарайында тоғыз-құмалақ, үстел теннисі, суда жүзу секілді спорт түрлерінен жарыс өткізуден бастау алды.  14 пен 35 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі жастар  арасында өткен бұл фестивальға облысымыздың барлық аудандарынан 82 үміткер қатысты. Фестивальдың екінші бөлімі облыс орталығындағы «Достар» мәдениет сарайында жалғасып, онда өнерге бейім мүгедек жандар өнер көрсетті. Көкшетаулық жас өнерпаз Гүлден Кәрімова «Әлемге күлкі сыйла» әнін саусақ қимылдары арқылы орындап, көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленсе, Целиноград ауданынан келген Аружан Күсеген қазақ биін әдемі орындап берді.   
 Айта кетейік, шараға толығымен «Шанс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыс әкімінің мүгедектер мәселесі жөніндегі кеңесшісі Василий Шиманский мен «Ақниет» Көкшетау қаласы мүгедектерінің ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, үстел теннисінен спорт шеберіне кандидат Қымбат Досмағамбетова  демеушілік жасады.
Қазылар алқасының төрағасы, «Нұр Отан» партия-
сы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов жеңімпаздарды салтанатты марапаттау кезінде қоғамның тек мүгедектерді қолдау айлығында ғана емес, тағдырдың жазуымен қиын жағдайға тап болған айналадағы адамдарға күн сайын мейірімділікпен қарап, қамқор болу қажеттігін айта келе, партия екінші жыл қатарынан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүмкіндіктерін, өнерге, спортқа деген қабілеттерін ашу мақсатында осындай жарыс ұйымдастырып жатқанын және ол алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. Сондай-ақ, фестиваль жеңімпаздарына дипломдар мен ақшалай және естелік сыйлықтарды табыс етті.
Осы орайда, біз тоғызқұмалақ жарысынан бірінші орын алған бурабайлық Асқар Әсеновты әңгімеге тартқан едік. Ол халқымыздың төл спорт түрімен төртінші сыныптан айналысады екен. Қазір жасы жиырма алтыда. Оқушы кезінде аяқ астынан пайда болған дерт оны мүгедек етсе де, Асқар тағдырдың бұл сынына мойымай, замандастары қатарлы еңбек етіп, отбасының тірегі болып отыр. Бүгінде ол Щучинск қаласындағы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамында цех басшысы болып қызмет етеді. Иә, олардың өнерлеріне, қабілеттеріне қарап, мүмкіндігі шектеулі деп айтуға аузың бармайды екен. Фестиваль қатысушылары кәсіби әнші, биші, спортшы болмаса да, өнерлері жүректі тебірентіп, сезім пернелерін қозғады. Осындай жандарға қарап, адамға өмір сүру үшін кең жүрек пен өмірге деген құштарлық жеткілікті екен ғой деген ой түйдік.

 «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар