Қарт жауынгер пәтер алып қуанды

Кеше облыс әкімі Мəлік Мырзалин кезекті жұмыс сапарымен Сандықтау ауданында болып, 18 пəтерлі тұрғын үй мен спорттық-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйледі.

Сондай-ақ, бірқатар əлеуметтік-өндірістік нысандарды аралап, аудан активінде өңірдің 2017 жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларын саралап, алдағы міндеттерді белгіледі. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша облыстық бюджеттен бөлінген 105,2 миллион теңгеге Балкашино селосында 18 пәтерлі тұрғын үй салынып пайдалануға берілді. Аудан орталығында ашылған 180 орынды спорттық-сауықтыру кешені 250 миллион теңгеге салынды. Қазір 200 оқушыға арналған жаңа мектеп салынып жатыр. Сандықтау ауданы облыстағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші артып келе жатқан әлеуетті жоғары өңірлердің бірінен саналады. Аудан тұрғындарының тұрмысы жылдан жылға жақсарып келеді. Аймақ басшысы алдымен Сандықтау ауылындағы жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үйінде болды. Мекеме басшысы Əсия Ұлмесекованың айтуына қарағанда 52 бала тәрбиеленуде. Алдағы уақытта күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ол үшін 1,3 миллиард теңге  қаржы қажет екен.
Мекеме басшысының сөзін тыңдай келе, Мəлік Мырзалин облыстық құрылыс жəне білім басқармаларының басшыларына күрделі жөндеу жұмыстарының ауқымы мен қажетті қаржының көлемін нақтылауды тапсырды. Өңір басшысы Балкашино селосында «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде салынған 18 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Тұрғын үй облыстық бюджеттен бөлінген 105,2 миллион теңге қаржыға салынған. Жұмысты  мердігер «Строй Центр Кокшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Бұл ауданда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып отырған алғашқы тұрғын үй. Баспаналы болғандардың арасында балалар үйінің тәрбиеленушілері, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік сала қызметкерлері жəне соғыс ардагерлері бар. Соның бірі Беларусь, Латвия, Литва жəне Польшаны азат етуге қатысқан 91 жастағы соғыс ардагері  Григорий Черевко өңірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықты баспанамен қамтамасыз ету бағытында алға қойған міндеттері мен «Нұрлы жер»  мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатқандығы үшін облыс басшысына алғысын білдірді.
– Көптен күткен қуанышыма қол жеткізіп отырмын. Жаңа екі бөлмелі пәтердің кілтін алдым, – деді соғыс ардагері.
Осы күні аудан орталығында спорттық-сауықтыру кешені ашылды. 180 келушіге арналған кешеннің құрылысына 250 миллион теңге бөлінген.
– Облыста спорттық инфрақұрылымдарды дамытуға зор көңіл бөлінуде. Қазіргі заманғы спорт алаңдары, стадиондар, дене шынықтыру жəне сауықтыру алаңдары салынуда. Жыл басынан бері облыста 35 спорт нысаны пайдалануға берілді. Жастар спортпен шұғылдануға көңіл бөлуде. Бұл жағынан алғанда Сандықтау ауданының спортшылары көш бастап тұр, – деді облыс  әкімі құттықтау сөзінде.
Кешеннің ашылуына қатысқан аймақ басшысы спорт нысанының ішін аралап көрді. Ғимаратта футбол, фитнес алаңдары және жабық бассейн бар. Қазіргі кезде
аудан орталығында 200 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Аудан əкімі Асылбек Исмағамбетов осы мектептің жанында жаңа шағын аудан тұрғызу жоспарланып отырғанын атап өтті. Оған қоса, өңір басшысы аудан орталығында қалпына келтірілген орталық алаңды аралап көрді.
Аудан активінде тұрғындардың ауыз су,  жол және тұрмыстық кейбір мәселелері төңірегінде қойған бірқатар сауалдарына байланысты тиісті орындарға нақты тапсырма берілді. Актив жиналысын қорытындылаған облыс әкімі барлық ірі шаруашылық құрылымдары, басқа да кәсіпорындар әлеуметтік салаға көмек беруге тиістігін қадап айтты. Өңір басшысы өзге де салаларға тоқталып, орын алған кемшіліктерді бірлесе жұмыс істеу арқылы ғана жоюға және жыл соңына дейін барлық салалар бойынша жақсы көрсеткішке қол жеткізуге болатынын ескертті.
Суреттер түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар