Сотқа жеткізбей шешуге болады

Облыс орталығындағы Достық үйінде «Этномәдени  бірлестіктер – ұлтаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы медиаторлар» атты тақырыпта дөңгелек үстел мәжілісі болып өтті. 

Кездесудің басты мақсаты Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі аясында Қазақстан Республикасындағы қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге ықпалын тигізетін медиация институтын дамыту болып табылады. Дөңгелек үстел мәжілісін Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы  ғылыми-сараптамалық топтың төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Ардақ Қапышев жүргізіп,  медиацияның шығу тарихы, қазіргі қоғамда медиация институтын дамытудың маңыздылығы туралы әңгімелеп берді.
Ертеде дауларды сотқа жеткізбей, өзара ымыраға келу арқылы шешу шығыс елдерінде кең таралған. Осы орайда, медиация институтының қазақ халқының тарихында да бұрыннан бары, билер институты соның нақты дәлелі екені жиында кеңінен айтылды. Жалпы, медиация екі дауласушы жақтың келісімі негізінде медиатордың көмегімен  өзара тиімді шешімге келу мақсатында дауларды сотқа жеткізбей шешу түрі болып табылады. Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңына сәйкес, медиаторлық шешімді қайта өзгерту мүмкін емес, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша медиация рәсімі қолданылмайды. Медиация жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу кезінде медиация туралы шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Қажет болған жағдайда тараптардың өзара шешімі бойынша медиацияны жүргізу мерзімі күнтізбелік отыз күнге дейін ұзартылуы мүмкін. Қазіргі таңда облыс аумағында 102 медиация кабинеті бар. Аудандарда 15, облыс орталығында 35 медиатор жұмыс істейді. Жыл басынан бері 115 азаматтық іс медиация жолымен шешілген.  
Жиында сөз алған отставкадағы судья, халық медиаторы Ғайша Сыздықова кәсіби емес медиа-
торлар санын арттыру қажеттігін, бұрындары түрлі лауазымды қызметтерде абыройлы еңбек еткен ақсақалдарды медиатор ретінде тіркеуге болады деген пікірін жеткізді. Қазіргі таңда қоғамда үлкен проблемаға айналып отырған ерлі-зайыптылардың ажырасуы секілді мәселелерге ақсақалдардың ақылы керек-ақ.
Одан кейін Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің заңтану кафедрасы профессорының міндетін атқарушы Маржан Мырзаханованың «Білім саласындағы медиация» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалып, жиын соңы еркін пікір алмасуға ұласты.     

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар