Құтқару – қиын жұмыс

Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының Көкшетау қалалық құтқару бөлімшесінде Құтқарушы күніне орай, баспасөз туры ұйымдастырылды. 

Оған қатысқан журналистер Бірлік шағын ауданы мен Қопа көлінің жағасында және облыс орталығының іргесіндегі Садовый ауылында құтқарушылардың бір күндік  қам-қарекетімен танысты.
– Өзгенің  өміріне арашашы бола отырып, өзінің өміріне қауіп төндіретін қиын мамандықтың иелері күн сайын жұмыс күнін осындай жаттығулардан бастайды. Олар үшін теорияның алмағынан тәжірибенің салмағы басым. Жетілу жолы – жаттығу  тағы да жаттығу. Одан соң жыл сайын ел аумағында, көбінесе Алатаудың баурайында, өзге әріптестерімізбен өткізілетін тәжірибе-сынақ алаңдарындағы іс-шараларды айтуға болады. Біздер «Шынықсаң шымыр боларсың» деген сөзді ісімен дәлелдеп жүрген жандардың қатарынанбыз, – деді өз сөзінде баспасөз турының мақсатымен таныстырған бөлімше басшысының орынбасары Талғат Айтпаев.
Өздерінің бір күндік жұмыс күнінің қалай өтетіндігін бес саусақтай білетін құтқарушылар алдымен,  суға кеткен жандарға көмектің қалай  көрсетілетіндігін іс-тәжірибе  жүзінде көрсетті. Осы мекемеде 10 жылдан бері қызмет  атқарып келе жатқан сүңгуірші Алишер Фирсов:
– Бұл  мамандықты таңдаудағы басты мақсатым әуелден біреу еді. Ол – зардап шегушіге көмек қолын созу, әрі күткен көмекті күттірмей тез арада көрсету. Қиыншылығын қатты сезінбейтінім де содан болар, – дейді.
«Ит – адамның  досы» деп  қазақ тегін айтпаса керек. Құтқарушының қолынан келмейтін кейбір қиын жерлерге бара алатын қызметтік иттердің  бұл салаға тигізер қолғабысы мол. Қазір бұл мекемеде олардың саны төртеу.  Ит те құтқарушылардың өздеріндей үлкен дайындықтан өтіп, шынайы шынықтырудың арқасында шыңдалады.  Арлан атты  2 жасар итті баптайтын кинолог Қанат Жұқашевтің айтуынша, бұл досының   басқа қызметтердегі иттерден айырмашылығы,  адам баласын қандай жағдай болса да тістемеуінде. Яғни, ол тек көмек көрсетіп, басқа зиянды әрекет жасамайтындай болып жаттықтырылады. Ал, нағыз құтқарушы итті баптауға шамамен екі жылдан артық уақыт қажет. 12 жыл кинолог болып қызмет атқарған Қанаттың өз мамандығына мұншалық мән беруіне таудай талабының  ықпалы зор болыпты. Кинологтың сенімді серігі ит болса, сол иттің тілін табудың жолы сабыр деп білемін дейді ол. Бірлік шағын ауданына барған барша БАҚ өкілдерін  қызметтік иттердің  тапсырмаларды мүлтіксіз орындаудағы сенімділігі сүйсінтті.
Садовый ауылында болғанымызда да құтқарушы альпинистер өз орындарынан табылды.  Биік,  жақпарлы құздан төмен түсіп, келген іздерімен оған қайта өрледі. Әскерде азаматтық борышын өтеп жүріп, құтқарушы альпинистің қызметіне қызығушылығы артқан Азамат Есқановтың да таңдап алған  саласына  сіңісе білуіне жоғарыда есімдері аталған өзге әріптестері секілді біреуге қол ұшын беру парызы әсер еткен сыңайлы. Жігіттің азаматтық сыңайы, сөз саптауы соған саяды. Апат табиғаттың айтып келмейтін тылсым сыры десек, оған қарсы тұру оңай шаруа емес. Бір күнде көргеніміз де, ақылға түйгеніміз де осы болды. Құтқарушы – қызықты  да қауіпті мамандық, құтқару – қиын  жұмыс.

 Қымбат-Ай ТОЙЛЫБАЙ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар