Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тиімділігі жұмысынан көрінуде - АРҚА АЖАРЫ

Тиімділігі жұмысынан көрінуде

Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турында биылғы жылдың наурыз айында Қараөзек ауылында құрылған «Әлихан-Әмір» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің  алғашқы аяқалысымен таныстық. 

Аталмыш кооператив көктемнен бері Көкшетаудың сүт зауыттарына 500 тоннадан астам сүт тапсырды. Қазір олар сүт өңдейтін кәсіпорындарға күн сайын 2,5 тонна сүт жеткізіп тұрады. Жаз айларында тапсырылатын өнімнің күнделікті көлемі 7 тоннаға дейін жеткен. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі Елтай, Бірлестік, Қызылағаш, Қараөзек, Васильковка, Дөңгілағаш және Нұрлыкөш ауылдарының тұрғындарынан қабылдаған сүтті «Milk Project» және «Natige» серіктестіктеріне өткізеді. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамы аталмыш кооператив мүшелерін «Ырыс» бағдарламасы бойынша сүт бағытындағы мал сатып алу үшін қаржыландырған көрінеді. Сондай-ақ, кооператив қордан несие алып, модульді сүт қабылдайтын пункт сатып алыпты. Сүтті салқындататын бұл пункт жеңілдетілген жүйе арқылы сатып алынған. Жүйеде мемлекет тарапынан бөлінетін инвестициялық субсидия есепке кірді. Қордың несиесін қамтамасыз ету үшін сүт қабылдайтын пункт кепілдікке қойылды.
«Әлихан-Әмір» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Құнанбай Серғазинов өз сөзінде кооператив сүтті өзінің отыз бір мүшесінен және маңайдағы ауылдардың екі жүз отбасынан қабылдайтындарын айтып өтті.
– 2004 жылы жұмыссыз қалып, жұбайым екеуіміз сүт жинау жұмысын қолға алдық. Алғашында сүтті жеңіл машинамен Көкшетаудағы сүт зауытына тасымалдадық. Кейін сүт таситын үлкен автокөлік сатып алдым. Сол жылдары қолдағы мал басы аз болды. Сүт өткізуде де қиындық туындайтын. Биыл бес адам 6 пайызбен несие алып, ірі қара мал сатып алды. Несие екі жарым жылдан кейін жеті жылдың ішінде қайтарылады. Көкшетаудың өңдеуші кәсіпорындарына сүт жеткізуді сәуір айынан бастадық. Сүтті жүргізушілер Жақсылық Кәрімов, Данияр мен Дархан Серғазиновтар тасымалдайды. Бүгінгі таңда кооперативте екі сүт танкері, сүт тасымалдайтын төрт автокөлік бар. Елтай ауылына орнатылған 2 мың литрлік сүт танкерінің құны 5 миллион теңге тұрады. Оның тең жартысы мемлекет тарапынан субсидияланды. Қыс айларында да сүт қабылдаймыз. Қараөзек ауылында сүт қабылдайтын үш тонналық танкер тұр. Алдағы уақытта тағы бір сүт тасымалдайтын автокөлікті ауыл шаруашылығын қолдау қорының несиелік қолдауымен сатып аламыз деп жоспарлап отырмыз,– деді кооператив төрағасы. Қараөзек ауылында тұратын жеке кәсіпкер Қабиден Емматов ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан бөлінген 4 миллион теңге несиеге 16 бас ірі қара сатып алыпты. Оның он шақтысы қашар. Қазір жеті сауын сиырдан күніне 100 литр сүт өндіріліп, бір литрі 80 теңгеден сатылады.
– Бұрын екі сиырым болған еді. Бүгінгі күні ірі қара басы көбейді. Сауын сиырларды Гүлжан Бәскенова сияқты абысындар сауады. Шөпті ауылдастарыммен бірігіп шабамын. Ескі техникаларым бар. Жемді сатып аламыз. Сүт өндірумен қатар мал бордақылап, ет те өткіземіз,– дейді Қабиден Емматов. Ал, Елтай ауылында тұратын Мереке Аушақымовтың қорасындағы сегіз бас сауын сиыр сауын аппаратымен сауылатынын көзіміз шалды. Көкшетау қаласында орналасқан «Natige» серіктестігі филиалы басшысының орынбасары Өстай Әбумхан өз сөзінде «Әлихан-Әмір» кооперативімен құрылған кезінен бастап жұмыс істеп келе жатқандарын атап өтті.
  – Сүттің сапасы бізді қанағаттандырады, көрсеткіштері де жақсы. Ақысын әр апта сайын төлейміз. Бұл ауыл тұрғындары үшін үлкен көмек. Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының өзге де кооперативтерімен бірге жұмыс істеуге дайынбыз. Сүт зауытының қуаттылығы шикізатты көп көлемде қабылдауға мүмкіндік береді,–дейді филиал басшысының орынбасары. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы Ақмола филиалы директорының орынбасары Абзал Кенжеахметовтың айтуынша, облыста қордың қатысуымен 38 кооператив құрылып, бір мыңнан астам шағын шаруашылық біріктірілген. Оның 25-і сүт, 13-і ет бағытында жұмыс істейді. Өңірде кооперативтерді және олардың қатысушыларын қаржыландыруға 700 миллион теңге қарастырылған. Жалпы, облыс бойынша барлық несие бағдарламалары арқылы 2 миллиард теңгеге жуық қаржы ауыл жобаларына бағытталды. Бұл жұмыс «2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылуда. Кооперативке әрбір ауыл тұрғыны кіре алады. Кооператив мүшелерінің кепілдігі бойынша сүтті мал шаруашылығы бағытына 6 миллион теңге, ет бағытына 4 миллион теңге несие беріледі. Тұрғындар үшін тиімді бағдарлама 2021 жылға дейін жалғасып, ауылдың жағдайын жақсартуға өз септігін тигізбекші.

Зеренді ауданы.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар