«WorldSkils»-ке қатысып келді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Абу-Даби қаласында өткен «WorldSkils» халықаралық чемпионатының қатысушыларымен кездесу болып өтті.

Шара барысында сөз алған облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Бекжан Сәдуақасов халықаралық чемпионатқа қатысып келген жерлестерімізге облыстық білім басқармасының атынан ризашылық білдіріп, жүлдегерлер қатарына ілінбесе де, халықаралық деңгейдегі додада бақ сынап келгендерінің өзі үлкен жетістік екенін жеткізді. Айта кетейік, үстіміздегі жылдың қазан айында Абу-Дабиге қазақстандық делегацияның құрамында барған ақмолалық команда осы жылдың мамыр айында Астана қаласында өткен «WorldSkils» ұлттық чемпионатына, Ресейде өткен «WorldSkils» чемпионатына да қатысып, жүлделі орындарды және де халықаралық жарысқа қатысу мәртебесін иеленген болатын.
Краснояр селосындағы №3 агротехникалық колледжінің білім алушысы Валерий Онищенко өзінің тәлімгері Ержан Қасымовпен бірге Біріккен Араб Әмірліктерінде «Сантехника және жылу жүргізу» бағыты бойынша, Көкшетау қаласындағы №1 құрылыс-техникалық колледжінің білім алушысы Анна Могулова тәлімгері Балдырған Құсайыновамен «Молярлық-декоративтік жұмыс» тақырыбында жобаларын қорғады. Валерий Онищенко 29 қатысушының ішінен 12-ші орынға қол жеткізсе, Анна Могулова да өз жобасын жақсы нәтижемен қорғап шыққан.
Аталған додаға елімізден 23 қатысушы, 21 тәлімгер-сарапшы барған. Жалпы есеп бойынша, Қазақстан, Дания, Гонконг елдерін, Біріккен Араб Әмірліктерін басып озып, 24-інші орыннан көрінді.
Кездесу барысында өздерінің алған әсерлерімен бөліскен чемпионат қатысушылары мұндай жарыстарда білім, тәжірибе, тиянақты дайындықпен қатар, ағылшын тілін білу маңызды екенін айтып, журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар