Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақ жазуының тамыры тереңде - АРҚА АЖАРЫ

Қазақ жазуының тамыры тереңде

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жөнінде айтылғаны белгілі. Мұндай қадамға бару қазіргі уақыт талабынан туындап отырған жай. Өйткені, күннен күнге қолданыс ауқымы кеңейіп бара жатқан интернет тілі осы латын әліпбиінде. Сонымен бірге, еліміздің ақпарат аумағында елеулі ықпал етіп отырған орыс тілінің үстемдігінен құтылу үшін де латын әліпбиіне көшудің маңызы зор.

Жалпы, қазақ халқы өз тарихында бірталай жазба әліпбилерін қолданған. Көне түркі жазуы (Оны Орхон-Енисей, руналық жазу деп те атап жүр) біздің заманымыздың V-X ғасырларында қолданылды. Сол кезеңде алып аумақты алып жатқан Түркі қағандығы осы әліпбиді пайдаланғаны тарихтан мәлім. Қазіргі күні археолог ғалымдарымыз сол кезде пайдаланылған көне түркі жазулары жазылған түрлі заттарды табуда. Бұның бәрі қазақ халқының түп-тамырының тереңде екендігін, мәдениеті мен жазуы сонау ерте заманнан бар болғандығын айғақтайды.
Одан кейінгі дәуірде бірнеше ғасыр бойы қазақ халқы араб графикасына негізделген әліпби жүйесін пайдаланып келді. Мұндай жазулар Қарахан әулеті тұсынан X ғасырдан бастап, Ұлы қазан төңкерісіне дейін жалғасты. Армян еліне көшіп барған қыпшақтар қыпшақ тілінде ауқымды діни, заңгерлік және тағы басқа әдебиеттерді қалдырды. Қыпшақ тілінің көне қазақ тілінен айырмашылығы көп болған жоқ . Армян-қыпшақ тілінде жазылған мәтіндерде армян-христиан ұғымдары көп қолданылады. Бұл мәтіндер армян әліпбиімен жазылды. Олардың бүкіл дүние жүзіне тарап кеткен ұрпақтары XIX ғасырдың соңына дейін шаруашылық жазбалары, жеке хаттар, басқа да құжаттар түріндегі деректер қалдырды.
Алғашқы қазақ-кирилл әліпбиін XIX ғасырда Ыбырай Алтынсарин жасап шығарған. Кирилл әліпбиінің негізінде православ миссионерлері діни әдебиет және «орыс-түзем» мектептеріне арнап қазақша «миссионер әліпбиін» жасады. Онда түрлі қосарланып жазылатын және диакритикалық таңбалар қолданылды. «Миссионерлік әліпби» 1917 жылға дейін шектеулі дәрежеде қолданыста болған. Қазақ ежелден мәдениеті дамыған талантты халық. Өткен ғасырда әліпбиін үш рет ауыстырса да, тілі мен мәдениетін жоймай, сақтап қалды. ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынов жасаған араб әліпбиіндегі төте жазуды қолдансақ, 1929-1940 жылдары аралығында латын әрпін қолдандық. Содан кейін кирилл әліпбиіне көштік.
Бүгінде қазақтардың бәрі дерлік латын әліпбиін біледі. Өйткені, мектепте ағылшын, неміс, француз тілдерін оқыған бүгінгі ұрпақ үшін латын әріптері таңсық емес. Сондықтан да, Елбасы бастамасымен қолға алынып отырған латын әліпбиіне көшу қазақтар үшін анау айтқандай қиын болмасы анық. Қазақ халқы бір кезде өзі қолданған латын әліпбиіне ойдағыдай көшіп, заман ағымына сай өз мәдениеті мен тілін, әдебиетін одан әрі дамыта түседі деп сенемін.

Гүлден ӨМІРБЕК,
Көкшетау қаласындағы №2 мектеп-лицейінің мұғалімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар