Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен үстіміздегі жылдың тоғыз айының жұмыс қорытындысы бойынша баспасөз мәслихаты болып өтті.
Қазан айына дейін Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 66 қылмыстық іс қаралып, бұл көрсеткіш өткен жылғы есептік мерзіммен салыстырғанда 16 іске көбейіп отыр. Қылмыстық істер бойынша 27 жеке ұйғарым шығарылып, алқа билердің қатысуымен 3 сот ісі өткен.
Баспасөз мәслихатында журналистердің қойған сауалдарына жауап берген судья Сергек Баймағамбетовтың айтуынша, сотта қаралған істердің тоқсан пайызынан астамы апелляцияға беріледі екен. Сотталушылардың сот ісі кезінде өзінің қылмысын толық мойындап, судьяның шешімімен келісіп, жазасының бір-екі жылын өтегеннен кейін сот шешіміне шағымдану фактілері де жиі орын алады. Өкінішке орай, жазаға тартылғандардың арасында бір емес, бірнеше мәрте сотталғандардың болуы кейбір жазасын өтеушілердің темір тордың ар жағында отырып түзелмейтінін көрсетеді.
Биыл үздіксіздік қағидасы бойынша 12 іс қаралып, прокурордың шешімімен 3 сот ісі кері қайтарылған. Аталған мерзім ішінде ауданаралық сотта қаралған қылмыстық істердің ішінде Бурабай ауданының Дмитриевка ауылындағы үш бірдей жазықсыз жанды өлтірген екі жасөспірімнің ісі, осы аудандағы жол полициясы қызметкерінің өзінің лауазымын асыра пайдаланып, нашақорлықпен айналысқаны жөніндегі қылмыстық іс қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырғанын айта кетуіміз қажет.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.