Интернет-алаяқтық қылмыстар көбейіп барады

Мемлекет басшысының 2021 жылғы 15 қазандағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес құқық қорғау органдары мен олардың қызметкерлерінің  жұмыс тиімділігінің тұрақты негізгі өлшемі халықтың сенімі болып табылады.

Облысымыздағы қылмыс жасаған тұлғалардың статистикасы мен қылмыстың жай-күйін талдау құқық бұзушылықтың алдын алу субъектілері тарапынан профилактикалық іс-шаралардың жеткіліксіз қабылданғанын көрсетеді. Елдегі қылмыс деңгейі экономиканың, саясаттың, мәдениеттің, әлеуметтік саланың жағдайына тікелей байланысты және халықтың өмір сүру сапасының маңызды көрсеткіші болып табылады. Қылмыстың деңгейі белгілі бір жерде адам өмірінің қауіпсіздігін бағалау үшін пайдаланылуы мүмкін. «Ақмола облысында соңғы жылдары қылмыс деңгейі төмендеп келеді. Егер 2019 жылға дейін Ақмола облысында он мың тұрғынға шаққанда 159-дан астам қылмыс жасалса, 2020 жылдан бастап бұл көрсеткіш 104-ке, ал өткен жылы 65-ке дейін төмендеген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнің Ақмола облысы бойынша департаментінің бастығы Ақыл Қарпықпаевтың қатысуымен өткен жыл қорытындысы туралы брифингте айтылды.

Осы саладағы жағдайды бағалау үшін жасалған қылмыстар саны бойынша аймақтардағы ахуал келтірілген. Ағымдағы жылы облыста 2022 жылмен салыстырғанда 5318-ден 5084-ке дейін түскен қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы санының 4,4 пайызға төмендеуі байқалған. Басқа облыстармен салыстырғанда қылмыс жағдайы бойынша Ақмола облысы он бірінші орында болса, тіркелген қылмыстардың 45,8 пайызы Көкшетау және Степногорск қалаларында, қалған 54,2 пайызы аудандарда орын алған. Целиноград ауданында қылмыстық жағдай басым болып, бұл оның астанаға жақын орналасуымен түсіндірілді, 2022 жылмен салыстырғанда бұл ауданда қылмыс 3,5 пайызға өскен.

Биылғы жылы бопсалау әрекеті көбейген. Тек, Көкшетау қаласында ғана бұл 81,8 пайызды көрсеткен. Статистикалық мәліметтерді саралайтын болсақ, Ақмола облысы бопсалау фактілерін тіркеуде республика бойынша алдыңғы орында тұрса, еліміздің ең ірі мегаполисі Алматыда қырық бір қылмыс тіркелген. Ал, Интернет-алаяқтықтың тіркелу динамикасына ретроспективті талдау жасағанда құқық бұзушылықтың бұл түрісоңғы бес жыл ішіндеқарқын алып келе жатқаны белгілі болды. 2022 жылдың өзінде тіркелген алаяқтық қылмыстың жалпы санының 71,3 пайызынинтернет-алаяқтық құраған.Бұл қылмыстың телекоммуникациялық және компьютерлік технологияларға жылдам көшкенін көрсетеді. Айта кету керек, Ақмола облысы республика көлемінде интернет-алаяқтықты тіркеу бойынша алтыншы орында, сондықтан,алаяқтық фактілерін азайту мақсатында полиция органдары түрлі профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Интернет-алаяқтық жасаудың ең көп тараған әдістері OLX сайттары, банктерден қоңырау шалу, несие өтінімдері, Instagram, Wheels сайтында қосалқы бөлшектерге тапсырыс беру, желілік маркетинг арқылы ақшаны жылжыту, әлеуметтік желілер арқылы тауарларға тапсырыс беру. Жүргізіліп жатқан алдын алу шараларына қарамастан, адамдар өздерінің жеке деректерін (жеке басын куәландыратын құжаттар мен банк карталары) және ақшаларын қылмыскерлердің қолына сенімді түрде жіберуді жалғастыруда. Өзіңізді осындай қауіптерден қорғау үшін онлайн тіркемелеріңізге қауіпсіз құпия сөздерді пайдалануды, электрондық хаттардағы күдікті сілтемелерді немесе тіркемелерді ашу кезінде абай болуды және құрылғыларыңыздағы бағдарламалық құралды жаңартуды ұсынамыз.

Ақмола облысы тұрғындарының ең маңызды әлеуметтік мәселесі – мас күйінде жасалған қылмыстардың белең алуы. Дәл осы кезде сезім тұмшаланып, қорқыныш жоғалады, бірақ, сонымен бірге агрессия күшейеді. Кейін адам жасаған ісіне қатты өкінеді, бірақ, көбінесе бәрі кеш, жағдайды түзету мүмкін емес. Қылмыстық әрекеттердің едәуір бөлігі: ұрлық, денсаулыққа зиян келтіру, кісі өлтіру алкогольді ішімдік ішу кезінде жасалады. Бұл қылмыстардың көбін жұмыссыздар, негізінен, ер адамдар жасайтынын ескерген жөн. Статистика алаңдатарлық күйінде қалып отыр. 2023 жылы Ақмола облысы алкогольдік және есірткілік мас күйінде жасалған қылмыстар саны бойынша республикада екінші орында болды. Бірінші орында Астана тұр. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық барлық әлеуметтік топтарда бар, ол табыс деңгейіне, білімі мен қоғамдағы жағдайына қарамастан кездеседі. Статистикалық мәліметтер көрсеткеніндей, былтыр өткен жылдармен салыстырғанда отбасылық-тұрмыстық салада қылмыстар 1,5 пайызға өскен. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатайтылды. Осылайша елімізде қылмыстық және әкімшілік кодекстерге отандық тирандардың жауапкершілігін күшейтетін түзетулер енгізілді.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар