Озық ұлт пен ел болудың алғышарттары өз қолымызда

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатын біз де бағдарламалық мақала ретінде қабылдадық. Өйткені, ойымызда жүрген маңызды мәселелердің бәріне жауап алдық және алда атқарар жұмыстарымызды, бағыт-бағдарымызды тағы бір түзеп, межеледік.

Президенттің «Елімізде заң мен тәртіп қана үстемдік құруға тиіс» деген тұжырымы баршамыздың арқа сүйер қамалымыз, табан тірер дәйегіміз дер едім. Еліміздің әр тұрғыны өзін ешкімнен кем санамай, заң мен тәртіптің арқасында, адал еңбек етіп, алаңсыз ғұмыр кешіп,маңдай терімен тапқан табысының қызығын көргісі келеді. Елдегі Әділетті  Қазақстанды құруға деген құлшыныс та үлкен қолдауға ие. Президент бастамасымен жаңа экономикалық үлгіге көшудің халықтың әл-ауқатын арыттыруға игі ықпал етеріне де сенім мол. Заң мен тәртіпке сүйенген, қоғамның пікірі еленіп-ескерілген елдің әлемдік қауымдастық алдында да абыройы биік болмақ. Мемлекет басшысыҚазақстанның биыл  бірнеше беделді халықаралық ұйымға төрағалық ететінін атап өтсе, бұл көңілге мақтаныш сезімін ұялататын жайт. Кімнің өз елін төрден көргісі келмейді?!

Экономикамен қатар, елімізде мәдениет пен өнер, әдебиеттің өркендеуіне, халықтың рухани дамуына да баса назар аударылып отырғаны қуантады. Мәселен, биыл Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмысы аяқталады екен. Оған 200-ден астам өзіміздің, 60-қа жуық шет елдердің мамандары жұмылдырылыпты. Бұл – дүниежүзінен елімізге қатысты деректер сараланды деген сөз. Алдағы уақытта ол құнды кітаптар кітапханаларға түсіп, қалың оқырман  қолына тиеді. Сөйтіп, осыған дейін бұрмаланып, тұмшаланып келген талай тарихымыздың шындығы ашылып, ой-сана көкжиегіміз кеңейеріне, еңсеміз тіктеліп, рухымыз түлеріне, соның арқасында Әділетті Қазақстан құруға деген құлшынымыз еселене түсеріне дау жоқ.

«Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді. Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Сонымен қатар тарихшылардың пайымдауынша, Жошы ұлысының іргесі қаланғанына – 800 жыл. Мемлекетіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынды» деп атап өтті Президент.

Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінде «Туған өлке», «Ауыл. Тарих. Тағылым», «Тарих пен тағылым», «Көкшенің асыл перзенттері» сияқты жобалар жұмыс жасайды. Ол жобалар Президент атаған атақтытұлғалар, айтулы даталар жөнінде мазмұнды шаралар өткізіп, өңір, қала бойынша ерен еңбек етіп, өшпес із қалдырған тұлғаларды насихаттайды. Өткен жылы Социалистік Еңбек Ері Есілбай Қадірәлин, өнер қайраткері Орынбасар Жүсіпәлина, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, кітапхана саласының ардагері Алтын Жағыпаровамен жылы жүздесулер өтті. Олар жастарға өздерінің еңбек жолдары, адал еңбектің қадір-қасиеті, әперер абыройы жөнінде кеңінен әңгімеледі. Тыңғылықты зерттеулері, табанды қызметімен ерекшеленген атақты тарихшы Қадіржан Әбуевті еске алу кешінде де ғалымдар халық үшін еткен еңбектің текке кетпесін тілге тиек етіп, дәлелдеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.

Президент өз сұхбатында: «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс» дей келіп, бірқатар жұрттың ұсақ-түйекті талқылауға бүкіл күш-қуатын сарп етіп, жалған сөзге арамтер болатынын айтады. Бұл пікірді оқып отырғанда  әлеуметтік желідегі жөн-жосықсыз айтыс-тартыстар еске түседі. Орынсыз, дәйексіз сөз көп, оны ешбір мәселенің ақ-қарасын білмей қоздату көп. Шынында да, ондай бос сөзге уақыт оздырғанша, бүгінде жаңадан шығып жатқан, үлкен зерттеулердің арқасында жария болып жатқан, тың ойлы, жаңа деректі, сиясы кеппеген кітаптарға неге көңіл аудармасқа? Мемлекет басшысы халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін қасиеттер ретінде еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық, үнемшілдікті атады. Осы қасиеттер қолға алған реформалар мен жобалардың жүзеге асуына, сол арқылы халқымыздың әл-ауқатының жақсара түсуіне кепіл болмақ. Осылайша өз сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев жетістіктерге бастайтын негізгі қасиеттерді алға тартты.

Серік Жетпісқалиев,
Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар