«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың төрағалығымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі мақсаты – қазақстандықтардың ойы мен санасының жаңа моделін қалыптастыру» тақырыбында партиялық тыңдаулар өтті.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асып жатқандығын бәріміз жақсы білеміз. Қазіргі күні осы бағытта бірқатар жоспарлар бекітіліп, іс-шаралар жүзеге асуда, – дей келе, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары біздің облысымызда да Елбасы мақаласында көтерілген міндеттерді жүзеге асыру бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатқандығын атап өтті.
«Өрлеу» біліктілікті көтеру орталығы» АҚ-ы облыстық филиалының директоры, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Еркін Исімбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан және жоспарланған жұмыстар жайында баяндап берді. Оның айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 4 кіші бағдарламалар жасалған. Атап айтқанда, «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен» және «Ақпарат толқыны». Бұл бағдарламалар жай қағаз жүзінде жасалып қоймай, нақты қаржы көздерімен және атқарылу мерзімі көрсетіле отырып бекітілген. Мәселен, «Тәрбие және білім» бағдарламасына 2,186,6 миллиард теңге бөлінген. Осы бағдарлама шеңберінде қазіргі күні 24 жоба қолға алынуда. Ал, «Рухани қазына» бағдарламасына 2,6 миллиард теңге қарастырылып, 77 жобаны жүзеге асыру көзделген. 4,9 миллиард теңге қарастырылған «Атамекен» бағдарламасы шеңберінде ірі 4 жоба жүзеге асырылмақшы. «Ақпарат толқыны» бағдарламасын жүзеге асыруға 120,5 миллион теңге қаржы қарастырылып, 13 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева «Рухани қазына» кіші бағдарламасы жайында жан-жақты айтып берді. Осы бағдарлама шеңберінде облысымызда 74 инфрақұрылымдық және әлеуметтік-мәдени жобалар мен шаралар қарастырылған. Бұл жобалар 3 бағыт бойынша жұмыс жасайды. Атап айтқанда: «Туған жер – туған ел», «Қасиетті Қазақстан» және «Қазақстанның мәдени жетістіктері». Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін жалпы ауқымы 2 миллиард 647 миллион 469 мың теңге қаржы қарастырылып отыр. Осы 74 жобаның 32-сін облыстық мәдениет басқармасының құрылымдары жүзеге асырса, 33-ін қалалық және аудандық мәдениет бөлімдері, 6-уын Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, 3-уін облыстық мұрағат және құжаттандыру басқармасы іске асыратын болады.
Баяндамашының мәлімдеуінше, қолға алынған жобаларды жүзеге асырудың нақты қадамдары айқындалып, бекітілген. Мәселен, музейлерге келетін адамдар санын жыл сайын 5 пайыздан көтеріп отыру, музейлерді интернет желісіне қосу көлемін де жыл сайын арттыру, кітапхана оқырмандары қатарын өсіру көзделген. Сондай-ақ, жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын шығару, туған өлке жайында жазылған мақалалар жариялау сияқты шаралар да қарастырылған. Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын археологиялық зерттеу экспедициялары қатарын көбейту, жыл сайын әр өңірде осындай үш экспедиция ұйымдастырып отыру жоспарланған.
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының хатшысы Марал Жақыпова «Атамекен» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында қандай шаруалар қолға алынып жатқанын әңгімеледі. Бағдарлама «Жомарт жүрек» және «Әлеуметтік бастамалар картасы» деп аталатын екі бағытта жүзеге асырылады. «Жомарт жүрек» бағдары туған жерін дамытуға жалпы көпшілікті, бизнес құрылымы өкілдерін, үкіметтік емес ұйымдарды тартуға негізделген. Қазіргі күні осы бағдар бойынша 914 демеуші кәсіпкерлер мәліметтер базасына енгізіліп отыр. Қайырымдылықпен айналысатындар туралы мәліметтер базасы үнемі жаңартылып, жаңа есімдермен толығып отырады және тоқсан сайын олар атқарған жұмыстарға мониторинг жасалады. Ал, «Әлеуметтік бастамалар картасы» бағдары тізбесіне 47 әлеуметтік ынталы бастама енгізілген. Оның ішінде құрылыс, жолдарды жөндеу, әлеуметтік нысандарды жаңғырту сияқты жұмыстар бар. Биылғы жылы осы бастамалардың 37-сі жүзеге асырылды. Қалған 10-ы келесі жылы атқарылатын болады. Жеке әріптестердің осы жобаларды жүзеге асыру үшін салған қаржыларының көлемі 5,2 миллиард теңге болып отыр.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Кәрімованың айтуынша, «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасының негізгі мақсаты рухани жаңғыру бағытындағы атқарылып жатқан шаралар туралы ақпарттандыру, оны халыққа жеткізуге қатысатын ақпараттық құрылымдарды құру. Өңірлік басылымдарда «Рухани жаңғыру» тақырыбын қозғайтын арнайы айдарлар ашылып, жұмыс жүргізілуде. 18 тамыздан 30 қазан аралығында жергілікті басылымдарда осы тақырыпта 1919 материал жарияланған.
Мәжілісті қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов атқарылған істер мен шаралардың санын көрсетумен ғана шектелмей, ол шаралардың нақты нәтижелі болуына қол жеткізу қажеттігіне назар аударды.
Қалкөз Жүсіп.