Кеше Көкшетауда облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі аймақтық комиссияның отырысы болып өтті.
Облыста рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жан-жақты, тиянақты жұмыс жүргізілуде. Бағдарлама жұмысы негізінен төрт сала бойынша іріктеліп алынған. Олар «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» және «Рухани қазына» деп аталады. Соңғы бағыттағы жұмыс халқымыздың сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, туған өлкенің тарихы мен мәдениетін, тұрғындардың рухани тұрғыдан кемелденуін қамтиды. Бұл жұмыстардың бәрін үйлестіріп отырған облыстық мәдениет басқармасы. Отырыс барысында алдымен басқарма басшысы Сәуле Бөрібаева нақты деректермен көмкерілген баяндама жасап, бүгінгі таңда атқарып жатқан алуан жұмыстары жайлы таратып айтып берді. Баяндамашының уәжіне қарағанда, қазірдің өзінде бірқатар көрсеткіштер бойынша респуб-
ликада алдыңғы қатардамыз.
Өңірімізде инфрақұрылымдық және әлеуметтік-мәдени тақырыптарды қамтитын 74 жоба қабылданып, мақұлданған. Бұл жобалар үш базалық бағытта жұмыс істейді. Таратып айтатұғын болсақ, «Туған жер – туған ел» бағыты бойынша 68 жоба, «Қасиетті Қазақстан» тақырыбында
2 жоба, «Қазақстанның мәдени жетістіктері» бағытында 4 жоба қолға алынған. Бұл жобаларға 2 миллиард 647 миллион 469 мың теңге бөлініп отыр. Жыл соңына дейін 178,3 миллион теңгені қамтитын 34 жоба жүзеге асырылмақшы. Тұрғындарды қамту 133 мың адамға жетпек. 74 жобаның 32-сі мәдениет басқармасының салалық бөлімшелері арқылы жүзеге асырылады. Қалған жобаларды облыс аудандары мен облыстық білім, спорт мекемелері қолға алған.
Алға қойған негізгі мақсаттардың бірі – саланы жаңғырту. Бұл мәселені шешу үшін ауыл-селолық жерлердегі мәдениет ошағын қалпына келтіруге жергілікті бизнес өкілдері қол ұшын беруде. Атап айтатын болсақ, Жарқайың ауданында халық шаруашылығы орталығы мен мәдени қызмет көрсететін орталық жаңғыртылуда. Бұл жобаның демеушісі Балғабай Қабжанов басшылық ететін «Костычево» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік 50 миллион теңге қаражат бөліп, осы шаруаны қолына алып отыр. Целиноград ауданына қарасты Зеленый Гай селосындағы мәдениет ошағына да Иван Сауэр жетекшілік ететін «Родина агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 93 миллион теңге қаражат бөліп отыр. Мұндай мысалдар аз емес. Тұтастай алғанда селолық клуб үйлері мен кітапханаларға жергілікті бизнес өкілдері 150 миллион теңгеден астам қаражат бөлгендігін айтатұғын болсақ, қаншалықты көмек көрсетіліп жатқандығы айқындала түсер еді. Клуб үйлері мен кітапханаларға қоса музейлерді жаңғырту жөнінде облыстық бағдарлама қабылданған болатын. Осы бағдарлама шеңберінде қомақты жұмыс атқарылуда.
Қазақстанның қасиетті жерлері тізіміне біздің облыстан 10 нысан енгізіліп отыр. Олардың ішінде Ерейментау ауданындағы Құмай ескерткіші, Целиноград ауданындағы Қабанбай батыр кесенесі, Беспақыр мазары, Бытығай кесенесі тәрізді киелі орындар бар. Бүгінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Бытығай кесенесін қалпына келтіруге қаржы бөлу мәселесін қарастыруда.
Облыста тарихи ескерткіштердің маңайын абаттандыру мәселесіне зор көңіл бөлінуде. Абаттандырумен қоса ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары да қоса жүргізілуде. Айталық, Уәли хан мазарына демеушілер тарапынан 6,5 миллион теңге қаржы бөлінсе, Көкшетау қаласындағы Ақан сері, Біржан сал ескерткіштері жөндеуден өткізілді. Шоқан Уәлиханов ескерткішін қалпына келтіру жұмыстары атқарылды. Бұл жұмыстарға
20 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалды.
Республикалық деңгейдегі үш музыкалық жоба айрықша назар аударуға тұрарлық. Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған осы топырақтың ерекшелігін ескере отырып, облыстық филармония бірнеше жобаларды жүзеге асыруда. Соның бірі «Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау» деп аталатын аймақаралық фестивалі. Әнсүйер қауым тарапынан бұл шара оң бағасын алды. Фестивальға Астана, Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарының дәстүрлі әншілері қатысып, тамаша өнер көрсетті. Фестивальдің қорытындысын түйіндеген дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасеновтың жинағы жарық көрді. Жинақтың тұсаукесері Көкшетау мен Алматы қалаларында өткізілді. Сондай-ақ, «Көкшетау – тал бесігім» деп аталатын классикалық музыка фестивалінің даңқы алысқа жайылғандығын айта кетуіміз керек. Сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан халық өнерін қастерлеуге арналған «Ғасырлар үні» фольклорлық-этнографиялық фестивалі де табысты дүниенің бірі.
Ұзақ мерзімді республикалық деңгейдегі әдеби жобалардың да көпшілік тарапынан қызығушылық туғызатыны айқын. Осы орайда, облыстық әдебиет және өнер музейі қолға алған «Жас тұлпар» жобасы ел ішіндегі таланттардың еңбектерін шығарып, есімдерін әйгілеуде. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Алаш қайраткерлері – өлке тарихында» деп аталатын өлкенің өткенін зерделейтін жоба жұмысының арқасында отыздан астам Алаш қайраткерлерінің ерлік істері, өнегелі өмірлері, қайраткерлік кейіптері зерделеніп, зерттелу үстінде.
Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау және пайдалану орталығының директоры Қуаныш Шақшақов өз сөзінде өңірдегі атқарылып жатқан істері жайлы толық айтып шықты.
Аймақтық комиссия отырысын қорытындылаған облыс әкімі Мәлік
Мырзалин әлі де болса жобаларды пысықтау, мазмұндық тұрғыдан байыту, әр іске елдің назарын аударып, санасын оятатын серпіні болу керектігі тұрғысында тиісті сала басшыларына жеке-жеке тапсырмалар берді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.