«Тіршіліктің» ғасыры

16 қараша 2017 жыл. Ақмола облыстық әкімдігінің қолдауымен алғашқы санының шыға бастағанына 100 жыл толған облыстық «Арқа ажары газетінің мерейтойы салтанатты жағдайда аталып өтті.

«Арқа ажарының» бір ғасырлық тарихына арналған салтанатты шара Көкшетаудағы Абылай ханның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.

«Арқа ажарының» ғасырлық мерейтойының хан бабамыздың рухын құрметтеуден басталуы тегін емес. Өйткені, біз елінің, жерінің қамын жеген тектілердің ұрпағымыз. Тарихымызды бүтіндеп, етек-жеңімізді жинақтап, газетіміздің мерейлі ғасырын тойлау арқылы рухани жаңғыруымыз тәуелсіздіктің арқасында деп білеміз. Сол себепті, біз әркез егемендікті аңсап кеткен, сол үшін күрескен тарихи тұлғаларымызды ұмытпауға тиіспіз. Әсіресе, біздер – көкшеліктер үшін Абылай ханның есімі ерекше қастерлі. Аруақты Абылайды хан көтерген елі «Арқа ажарының» да торқалы тойында күллі қазақ баспасөзінің рухын көкке өрлетті.
Осылайша ғасыр толған газетіміздің дүбірлі думаны Көкшетаудағы үш жүздің басын қосқан батыр бабамыз Абылай хан ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Ертемен алаңға жиналған жұртшылық қауым көтеріңкі көңіл-күйде қауышып, бір-бірін мәдениеттің тойы, қазақ баспасөзінің тойы – «Арқа ажарының» жүз жылдығымен құттықтап жатты. Жас толқыннан бастап, аға буын өкілдері де, ардагерлер қауымы да ұлы ханның рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып, ерекше ықылас танытты.
Иә, газет жылдардың жалды толқынында атауын сан мәрте өзгертсе де, оның бастапқы мақсаты өзгерген жоқ. Дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин кіндігін кескен басылымның айтары мен жазары мұнымен бітпек емес. Газет қашанда идеология құралы болған және солай болып қала береді.

Арқа ажары» газетінің тарихы терең, оның айтары мол. Ғасырлық басылымның мерейтойына орайластырып, редакция ғимаратына газеттің негізін қалаған дауылпаз ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллинге арнап ескерткіш тақта орнатылды. Бұл мерейтойдың есте қаларлық үлкен бір оқиғасы болды.

Ғасырлық тарихы өз алдына көне басылымның мерейтойында Сәкеннің аруағына тағзым етіп, бас ию ұжымның ғана емес, барша ақмолалықтардың да парызы деп білеміз. Себебі, жер-жерде газет ашыла бастағанда дауылпаз ақын Ақмолада «Тіршіліктің» негізін қалады. Талай тарихи кезеңдерді басынан өткерген, қызыл империяның қан тамған құйтырқы саясатын да молынан көрген басылым осы күнге «Арқа ажары» деген атаумен жетіп, облыс аумағында танымалдылығымен ерекшеленеді.
Редакция алдына жиналған газеттің бұрынғы қызметкерлері мен ардагерлері, жер-жерден келген қонақтар мен сөз құдіретінің қыр-сырын түсінген өзге де қауым алдында облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова құттықтау сөз сөйлеп, Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейінің директоры, ақын, Қазақстан Рес-публикасы Мемлекеттік сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лау-
реаты Несіпбек Айтұлымен бірге ескерткіш-тақтаны ашты.
Онда бейнеленген Сәкеннің сұлу да жарқын бейнесі, 1917 жылы осыдан бір ғасыр бұрын Ақмолада «Тіршілік» газетінің негізін қалағаны туралы деректер ендігі арада міндетті түрде өткен-кеткеннің назарын аудартып, көпшілікке өшпес тарих тереңінен ой салып тұрары анық.

«Арқа ажары» газетінің 100 жылдығына арналған салтанатты шара «Көкшетау» мәдениет сарайында «Тіршіліктің» үзілмеген ғұмыры» тақырыбымен жалғасты. Мерейтойға жиналған жұртшылық алдымен мәдениет сарайының фойесінде ұйымдастырылған «Тіршіліктен» бастау алып, ғасырға жалғасқан байырғы басылымның көне тарихынан алуан-алуан сыр шертетін келісті көрмені көріп, тамашалады.

Салтанатты жиынды ашқан «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры, жазушы, драматург Жабал Ерғалиев қазақтың ақиық ақыны Сәкен Сейфуллин негізін қалаған, ғасыр жасаған газеттің басынан небір ауыр жайлар өткендігін, мың өліп, мың тірілген байырғы басылым сондай қиындықтардың бәрінен өтіп, бүгінгі күнге жеткендігін айта келе, заман талабына сай бет-бейнесі мен ішкі мазмұнын өзгерткен газеттің қазіргі жетістіктерінің бәрі тәуелсіздігіміздің жемісі екендігін атап өтті. 1928-1939 жылдар аралығында шыққан «Жаңаарқа», «Колхоз екпіндісі» газеттерінің кейбір сандарының Санкт-Петербург мұрағаттарында сақталғандығын, алдағы уақытта мұрағаттан алып, электронды нұсқасын жасау жоспарланып отырғандығын айтып өтті.
Облыс әкімі Мәлік Мырзалин өңіріміздің бас газеті – «Арқа ажарының» жүз жылдық торқалы тойымен құттықтаған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың құттықтауын оқып берді. (Мемлекеттік хатшының құттықтауы жарияланып отыр). «Өткен ғасырда Сәкен негізін қалаған «Тіршіліктен» бастау алған, ғасыр жасаған газет қазір астаналық облыстың ақпарат айнасы болып отыр. «Арқа ажары» мемлекеттің саясатын, экономикалық, әлеуметтік даму бағдарын халыққа жеткізіп, насихаттайтын республикалық ақпарат құралдары арасында өз орны бар басылым. Газетте өз міндеттерін жақсы түсінетін, кәсіби біліктілігі жоғары журналист мамандар еңбек етеді. Олардың арасында елімізге, өңірімізге аты танымал ақын-жазушылар, қаламгерлер бар. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсетілген елімізді дамыған мемлекеттер санатына жеткізетін міндеттерді халыққа жеткізіп, түсіндіруде «Арқа ажары» газеті үлкен жұмыс атқаруда. Газеттің журналистер ұжымын мерейтойымен құттықтап, еңбектеріне табыс, шығармашылық жетістіктер тілеймін» деген облыс әкімі газет редакциясына жеңіл автокөліктің сертификатын және кілтін табыс етті.
Бұдан кейін облыс әкімі газеттің шығармашылық қызметінде ерекше еңбегі сіңген бірқатар журналистер мен техникалық қызметкерлерге Алғыс хат тапсырды. Алғыс хатпен марапатталғандардың қатарында газеттің бас редакторы Қайырбай Төреғожа, бас редактордың орынбасары Байқал Байәділов, бөлім меңгерушісі Қалкөз Жүсіп, оператор-терушілері Раушан
Омарова мен Ботагөз Тарбақовалар бар.
Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейінің директоры, белгілі ақын Несіпбек Айтов байырғы басылым ұжымын құттықтап, жүрекжарды жылы лебізін білдірді:
–Хан ордасын тіккен қасиетті Көкше жеріндегі бүгінгі ғасыр жасаған басылымның торқалы тойымен баршаңызды құттықтаймын. Өйткені, бұл тек газет ұжымының тойы емес, барша қазақтың тойы. Осыдан жүз жыл бұрын сол бір аласапыран кезеңде қазақ баласына бағыт-бағдар беріп, халықтың мұң-мүддесін қорғау үшін құрылған газет өмірдің небір өткелектерінен өтіп, жаңа заманға жетті. Газет ұжымымен біз әрдайым тығыз байланыста жұмыс істейміз. Сәкен негізін қалаған басылым бізге жақын және қымбат. Сіздер Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген өзекті мәселелер туралы жазып, оны халыққа жеткізіп жүрсіздер. Осыдан 25 жыл бұрын тәуелсіздік аламыз, әлемге әйгілі тәуелсіз ел боламыз деп ойлап па едік. Бүгінгі жетістіктеріміздің бәрі осы тәуелсіздігіміздің арқасында келгендігін естен шығармауымыз керек,–дей келе арқалы ақын Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығын қамтып, теңдесі жоқ еңбегіне арналған «Сыр сандық» атты үш томдық кітапты облыс әкіміне сыйға тартты.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы Арман Бердалин де жүрекжарды жылы лебізін білдіріп, газет ұжымына деген игі тілектерін жолдады. Ол агенттік төрағасы Қайрат Қожамжаровтың сәлемін жеткізіп, газет мерейтойына арналған құттықтау хатын оқып берді.
Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Арын елімізде жүз жылдық торқалы тойын тұңғыш рет өткізіп отырған «Арқа ажары» газетін қазақ журналистикасының қара шаңырағына теңеп, келер жылы өз газеттері де ғасыр тойын тойлайтынын атап өтті. «Арқа ажары» газеті өңірдің ғана емес, еліміздің тарихы туралы танымдық материалдарды көп береді. Тарихсыз ұлттық сана болмайды, ал, ұлттық санасыз ұлт болмайды. Елбасының мақаласында көтерілген ұлттық сана идеясын «Арқа ажары» үнемі жазып, халыққа таратуға сүбелі үлесін қосып келеді.

Газетте істейтін әріптестеріме ауыр да жауапты міндеттерін орындауда шығармашылық табыс тілеймін» деді «Жетісу» газетінің бас редакторы.
–Газет билік пен халықтың арасын жақындастыратын алтын көпір, – деді «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Қаменов, – облыстық «Арқа ажары» газеті республиканың көзі қарақты оқырманына жақсы таныс басылым. Газет тарихы туралы, оның қилы-қилы кезеңдері жайында, осы басылымда жұмыс істеген қаламы қарымды, табиғатынан дарынды қаламгерлер хақында Жылқыбай Жағыпарұлы біздің газетімізде той қарсаңында толымды етіп жазып көрсетті. Облыстық газеттер арасында өзінің тақырыптық, мазмұндық тұрғысынан әрдайым ерекшеленіп тұратын «Арқа ажары» газетінің шығармашылық қуаты мол екендігін жақсы білеміз. Бір ғасырлық тарихы бар басылым елімізбен бірге жасасып, жылнамасын жалықпай жазып келе жатқандығы анық. Негізінде, өзінің төл міндетін толайым атқарып келе жатқан басылым алдағы уақытта да міндеттер межесінен абыроймен көрінетіндігіне сенім мол. Жүз жыл жасаған, жүз жыл бойы халқының сөзін сөйлеп келе жатқан басылымды осы төл мерекесімен құттықтай отырып, алдағы уақытта шығармашылық табыс тілеймін. Бүгінгі той жалғыз қаламгерлердің ғана емес, «Арқа ажарын» сүйіп оқитын оқырман қауымның тойы деп есептесек, жөн болар еді. Бүгін сөз өнерін кәсіп еткен, өз бойларындағы табиғи дархан таланттарымен халқына қызмет еткен шығармашылық ұжымның тойы. Сол тойларың тарқамасын.
Мұнан соң сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бесінші шақырылым депутаты, журналист, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алдан Смайыл құттықтау сөзінде былай деді:
–Қадірменді қауым! Ең алдымен, шыға бастағанына 100 жыл толып отырған облыстық «Арқа ажары» газетінің шығармашылық ұжымы және газет оқырмандары, торқалы тойларыңыз құтты болсын. Бір ғасыр бойы рухани әлеміміздің көкжиегін кеңейтіп, салмақты сөзімен, өрісті ойымен туған халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан абыройы асқақ, беделі биік осы «Арқа ажары» тәрізді газет сирек кездесетін құбылыс екенін айтсақ, артық болмас. Әуел басында Алаштың ардақты перзенті, ақсұңқар ақын Сәкен Сейфуллиннің тұруының өзі қандай ғанибет. Сәкен іргесін қалаған, қанаттандырып ұшырған «Арқа ажары» ғасыр ішінде халқымен бірге жасасып келе жатыр. Сондықтан, бүгінгі той ең алдымен Сәкеннің тойы деп айтатұғын болсақ, артықтығы жоқ. Осы басылымда 1975 жылы Әнуар Ипмағамбетов редактор болды. Қазақ басылымына кәтепті қара нардай зор еңбегі сіңген Әнуар ағамыз бойындағы бар қажыр-қайратын газеттің беделінің көтерілуіне, мазмұндық тұрғыдан жақсаруына жұмсады. Өзі де өте білімді, парасатты адам еді. «Арқа ажарының» толысуына талай-талай тарландардың маңдайдан терін төгіп жүріп еңбек еткендігін білеміз. Шамамыз келгенше білгенімізді бүгін айтуымыз керек. Міне, сол бір кезде облыстық газеттің редакциясы ұлттық рухымызды көтеретін, ұлттық мәдениетімізді өрістететін рухани ордаға айналып еді. Осы дәстүр кейін де жақсы жалғасын тапты. Күні кешегі Октябрь Әлібековтың газет тізгінін ұстаған жылдары «Арқа ажары» газетінің жемісті де жеңісті жылдары болды. Бүгінгі күні қолымыз бірдеңеге жетсе, мен ең алдымен осындай ағаларға рахмет-алғысымды айтқым келеді. Өкеңнің жан жары Рахия Әлібекова хат бөлімінде жұмыс істеді. Сол кездегі көнекөздерден бүгінгі мерейтойға Ілияс Қарағозин, Амангелді Жұмабек, Роза Әйтімова, Райхан Нұрманова, Амантай Кәкен, Бәдуан Имаш, Қазина Нұрқанова тәрізді ардагерлермен қатар, өкшелерін басып келе жатқан Талғат Қасенов пен Талғат Тәшкеевтер қатысып отыр. Газет беделі өссе, осы кісілердің еңбегінің арқасында өсті, абыройы асқақтаса ол да қаншама жылдарын сарп еткен осы кісілердің адал еңбектері.
Ақмола өзінің тарихи атауын 1992 жылы қайтадан алды. Бұл бір ақ түйенің қарны жарылған кезең еді. Ақмоладағы қазіргі Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрының бұрынғы кішкентай ғимараты болатын. Осы жерде ұлттық рухымыз шымырлай қайнап, шымшымдап замандастарымыздың көкірегіне сәуле құйып, тарап жатты. Кейін аумақтық өзгерістерге байланысты «Арқа ажары» жер шоқтығы – Көкшетауға көш бетін түзеді. Газеттің ендігі тағдырына қазақтың қабырғалы қаламгері Жабал Ерғалиев ие болды. Жабал Ерғалиұлы мықты редактор болуымен қатар, мықты сенатор ретінде республика жұртшылығына танылды. Облыстық газеттің жаңаша сипат алуы, өзгеше өріс табуы осындай мықты басшылықтың арқасында.
Сөз соңында Алдан Зейноллаұлы өзінің ел ордасы – Астананың жаңа тарихын қамтып жазған жинағын облыс әкімі Мәлік Мырзалинге тапсырды. Мемлекеттік тарих инс-
титуты директорының орынбасары, профессор Амангелді Қашқымбаевтың мерейтойда сөйлеген сөзі жинақы әрі әсерлі шықты.
– Қымбатты Мәлік Кеңесбайұлы, құрметті мерейтой меймандары, – деп бастады сөзін шешен, – жүз жылдық тарихы бар газеттің ұлттық рухани әлемін шырайландыруға, тілі мен ділін қызғыштай қоруға, тарихын таразылауға қосқан ұшан-теңіз еңбегін бір сәтте толайым айтып шығу тіпті де мүмкін емес. Шынын айтқанда, жүз жыл аз уақыт емес. Газеттің мерейтойын тойлау үлкен оқиға. Ел тіршілігіндегі, оның рухани өміріндегі атаулы күн деп айтсақ, қателеспеспіз. Бүгінгі жүз жылдық мерекесіне солтүстік өңірдегі жергілікті ұлт өкілдерінің рухани жан дүниесінің күре тамырын бүлк-бүлк еткізіп соққызып жатқан басылым жақсы қырынан табылып, толымды табыспен келіп отыр. Мен 1993 жылы қызмет бабымен Шымкент қаласынан Ақмолаға ауыстым. Алғаш келген жылдан бастап осы газетпен бауырласып кеттім. Әлі есімде сол кезде облыстық басылымда «Жас ғалымдар» трибунасы дейтін айдар болатын. Ғылыми ортасы, ғалымдары ат төбеліндей ғана өңірдегі бұл бір тамаша табылған үрдіс екендігі шындық. Жас ғалымдардың ғылыми көкжиегінің кеңеюіне, қанаттануына айтарлықтай жақсы әсер етті. Тоқсаныншы жылдардың басында тыңның эпицентрі атанған өлкеде қазақ драма театрының ашылуы айтары жоқ, үлкен оқиға болды. Театр режиссері, ұлтжанды азамат Жақып Омаровтың кабинетінде ұлт мұратын көксеген талай-талай әңгімелер, пікірталастар өткізілетін. Соның барлығы айналып келгенде қазақ тілінде шығатын жалғыз басылымның қаламгерлерінің қатысуымен өтетін, алдына асқаралы мақсат қойған жиындар еді.
Сөз соңын түйіндей келе, құрметті қауым басылымның шығармашылық ұжымын ғана емес, барлық елді осы бір мерейімізді үстем ететін мерейтоймен шын жүректен құттықтағым келіп тұр. Өйткені, бұл той елдің тойы, ел газетінің тойы. Тойларыңыз мәңгілік тарқамай, елмен бірге ғұмыр кеше бергейсіздер.
Салтанатты жиын соңын түйіндеген басылым басшысы Жабал Ерғалиев газеттің жүз жылдық мерейтойын өткізуге қамқорлық көрсеткен облыс әкімі Мәлік Мырзалинге, еліміздің түкпір-түкпірінен ат сабылтып жеткен мәртебелі меймандарға, басылымды үзбей оқитын оқырмандарға, жалпы газет жанашырларына ізгі тілегін білдірді. Арқа төрінде өзіндік сән-салтанатымен дүбірлетіп өтіп жатқан бұл шара Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отырғандығы тілге тиек етілді. Шын мәнінде газет тарихы аймағымыздың жылнамасы деп айтуға әбден болады. Өйткені, оның уақыт табынан сарғыш тартқан беттерінде әрідегі дәуірдің тынысы естіліп жатыр. Сонау 1917 жылы жарыққа шығып, күні бүгінгі «Арқа ажарына» дейінгі ұзақ жолдан өткен, бүгінгі күні елдің сөзін сөйлер биік мінберге айналған «Арқа ажары» рухани мұрамызға жіті назар аударып, мәңгілік ел болу жолындағы асқаралы міндетін абыроймен өткеріп келеді. Газет бетінде экономикалық реформалар, алуан сипаттағы әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер, индустриалдық-инновациялық жобалар жайында үзбей жариялануда. Ең бастысы, газет редакциясында қызмет істейтін журналистер жалғыз Ақмола өңірінің ғана емес, туған еліміздің тарихын шынайы жазу жолында тер төгуде. Сөз өнерінің құпиясын, қазақ сөзінің дәмін білетін оқырман «Арқа ажары» газеті қызметкерлерінің стиль ерекшелігін, жазу шеберлігін жоғары бағалайтыны бар. Шынында да, жүз жылдық тарихы бар басылымның жастардың кәсіби шеберлігін шыңдаудағы ұстаханасына айналуға әбден хақысы бар екендігі даусыз.
Шығармашылық ұжымды, оқырман қауымды, жалпақ елді қуанышқа бөлеген той барысында алыстан келген меймандар Бурабай өңіріне саяхат жасап, Арқаның ажарымен, тіршіліктің базарымен танысты. Ақ адал ниетпен қонақасы берілді. «Қалам ұстап халқына қызмет еткен қанша жұрт, оқысыншы әрдайым жазғаныңды тамсанып. Тақырыбың көбейсін, жақсылықпен жар салып, атар таңды елменен мәңгі бірге қарсы алып», – деп аттанды меймандар.
Байқал Байәділов,
Қалкөз Жүсіп,
Венера Есқақова,
Ырысалды Шамшиева
арнаулы тілшілер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар