Болашақтың айқын бағдары бар

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалин Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде болып, оқытушылар құрамы мен студенттерге лекция оқыды. Өңір басшысы ауыл шаруашылығы, медицина мамандықтары бойынша кадрлардың тапшылығын болдырмау мақсатында қолға алынып жатқан шараларды атап көрсетті. Келер оқу жылы осы білім ордасында медициналық факультет ашу жоспарланған. Жылына 100 студент медициналық мамандықтар бойынша білім алады. Бұл еліміздің солтүстік облыстарындағы тұңғыш факультет болмақшы. Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамына облыстық әкімдік тарапынан үш қызметтік пәтер берілетіні де айтылды.

Облыста жоғары білім беруде бай дәстүр қалыптасқан. Соның ішінде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің алар орны ерекше. Осыдан жарты ғасыр бұрын мұғалімдер институты болып бастау алған бұл оқу орны бүгінде облысымыздың жетекші, маңдайалды білім ордасы, өңіріміздің ғылыми орталығына айналып отыр. Облыс әкімінің осынау білім ордасының оқытушылар құрамы мен студенттерге лекция оқуы осыны анық аңғартады.
Аймақ басшысы алдымен, аталмыш университет ғалымдары мен студенттердің ғылыми шығармашылық жұмыстары ұсынылған көрмені аралап көрді. Одан әрі университеттің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдімүтәліп Әбжаппаров аймақ басшысын жоғары білім ордасының материалдық-техникалық базасымен таныстырды. Осы күні білім ордасы 86 мамандық бойынша кадрлар даярлайды. Оның 53-і бакалавриат, 28-і магистратура және 5-еуі PhD-докторантура мамандықтары. Оған қоса университетте профессорлық оқытушылар ұжымы жұмыс істейді. Олардың арасында 12 академия ғылымдарының мүшесі, 20 ғылым докторы, 80 ғылым кандидаты, 2 PhD докторы, 175 магистрант және «Қазақстан Республикасының жоғары оқу орнының ең үздік оқытушылары» мемлекеттік гранттың иегерлерінің болуы шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беруде оң септігін тигізуде.
Іргелі білім ордасы ұжымының алдында сөйлеген сөзінде аймақ басшысы жоғары білім ордасының облыстың интеллектуалды әлеуетін қалыптастыру және педагог кадрларды дайындау жүйесін жетілдіруде теңдесіз үлес қосып отырғанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында елімізде бейбітшілік пен ұлтаралық келісім орнаған. Осының арқасында нарықтық экономика қалыптасып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші арта түсуде. Биылғы жылы еліміз үшін табысты болды. ТМД елдері арасында бірінші болып, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өткізілді. Одан қалды, Алматы қаласында өткен Дүниежүзілік универсиада да еліміздің мәртебесін асқақтата түсті. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы өзгерту үшін экономика, саяси үрдістерді жаңғырту туралы міндеттер белгілеген болатын. Осы міндеттерді жүзеге асыру тұрғысынан алғанда біздің облыста да ауқымды шаралар қолға алынуда, – дей келе облыс әкімі өңірдің əлеуметтік-экономикалық дамуы жайында айтып берді.
Аймақ басшысы өз сөзінде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, машина жасау, тау-кен металлургия саласындағы жетістіктерге тоқталды. Әсіресе, аграрлы облыс республика бойынша астықтың 25 пайызын өндірсе, жүк көлігін өндірудің 55 пайызына қол жеткізіп отыр. Теміржол саласына қажетті ірі габаритті подшипниктер ТМД елдері бойынша тек біздің облыста ғана шығарылады. Сонымен қатар, өңір басшысы осы күні ауыл шаруашылығы, медицина тәрізді мамандық иелерінің тапшылығын шешу бағытында қолға алынып жатқан шараларды да тілге тиек етті. Оның ішінде келер оқу жылы аталмыш білім ордасының қабырғасында медициналық факультет ашу жоспарланғаны айтылды. Онда жылына 100 студент медициналық мамандықтар бойынша білім алады. Бұл еліміздің солтүстік облыстарындағы тұңғыш факультет болмақшы. Осы күні қолында дипломы бар жас мамандарды жұмысқа орналастыру үлкен проблема болып отырған жайы бар. Сол себепті, аймақ басшысы университеттің ең үздік студенттерін жұмысқа орналастыру бо-йынша байқау жариялау қажеттігін атап өтті. Оған қоса, білім сапасын арттыру үшін университеттің профессорлық-оқытушылық құрамына облыстық әкімдік тарапынан 3 қызметтік пәтер берілетіні де айтылды.
Шараны қорытындылаған аймақ басшысы аталмыш жоғары білім ордасының ең үздік студенттеріне облыс әкімінің гранттарын салтанатты түрде табыс етті.

Аслан Оспанов.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар