Екі ауданға әкім тағайындалды

Өткен бейсенбі күні облыс әкімі Мәлік Мырзалин жұмыс сапарымен Жарқайың және Астрахан аудандарында болып, жергілікті мәслихаттардың кезектен тыс сессияларына және осы аудандардың актив жиналыстарына қатысты.

Аудандық мәслихаттардың депутаттарының келісімін алғаннан кейін, өңір басшысы актив жиынында осы аудандардың жаңа әкімдерін тағайындады. Облыс әкімі бұған дейін Жарқайың ауданының әкімі болған А.С.Үйсімбаев пен Астрахан ауданының бұрынғы әкімі Т.А.Ерсейітовке алғыс айтып, олардың жаңа қызметтеріне табыс тіледі.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі және аудандық мәслихат депутаттарының бірауыздан қолдауымен ротациялық тәртіп негізінде, облыс әкімінің өкімімен Мұрат Балпан Жарқайың ауданының әкімі және Нұрлан Сейілов Астрахан ауданының әкімі болып тағайындалды.
Аталмыш аудандардың активтерімен кездескен аймақ басшысы жаңа әкімдер мен аудан активтеріне алда тұрған келелі міндеттерді айқындап, нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, өндіріс, шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуды жүктеді. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігі арқылы инвестициялар тарту, ауданда азық-түлік бағасын тұрақтандыру, су тасқынының алдын алу шараларына дайындықты күшейту, жылу маусымын ойдағыдай өткізу және әлеуметтік саланы одан әрі дамытуды тапсырды.
Сондай-ақ, өңір басшысы аудандардың активтерінің алдында тұрған бірқатар міндеттерді белгілеп, нақтылы тапсырмалар жүктеді.

Жарқайың ауданына тағайындалған Мұрат Сағатұлы БАЛПАН 1970 жылы Ақмола облысының Ақкөл ауданында туған, екі жоғары білімі бар. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін және Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1989 жылы Ақкөл ауданындағы «Хлебороб» кеңшарында қарапайым жұмысшы болып бастап, одан әрі Ақмола облысының жергілікті атқару органдарында қызмет атқарған.
Әр жылдары Целиноград ауданы әкімінің аппарат басшысы, Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары болды. 2012 жылдың сәуір айынан бастап, 2014 жылдың маусым айына дейін Бұланды ауданының әкімі болып қызмет атқарды.
2015 жылдан Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметінде болды.

Астрахан ауданына тағайындалған Нұрлан Қазезұлы СЕЙІЛОВ Ақмола облысының Астрахан ауданына қарасты Ұзынкөл селосында 1973 жылы туған. Білімі жоғары. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын Сандықтау ауданындағы «Егін» шаруа қожалығының басшысы болып бастаған.
2011 жылдан бастап Астрахан ауданындағы «СХТ Шілікті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының өндіріс жөніндегі орынбасары, 2014 жылдан бастап осы серіктестіктің директоры болды.
2014 жылдың сәуір айынан бастап Астрахан ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар