Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елім дейтін ер еді - АРҚА АЖАРЫ

Елім дейтін ер еді

Елбасымыздың «Туған жер» жобасы аясында туған өлкеміздің тарихы мен сонда туып-өскен тұлғалардың өмір жолы мен қоғамға сіңірген еңбектерін көпшілікке тереңірек таныстыру жұмыстары Қорғалжын ауданында да қолға алына бастады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен биыл Білім күніне орай, аудандағы №2 Дружба орта мектебіне Ақтан Төлеубаевтың есімі берілуіне және білім ошағының кіреберісінде қоғам қайраткері мүсінінің ашылуына орай, салтанатты жиын өткен болатын. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері көптеп қатысты. Сол кезде есіл ердің еңбегі жан-жақты айтылып еді.

Халқымыздың ыстық ықыласы мен шынайы сүйіспеншілігіне бөленген азаматтардың арасында Ақтан Төлеубаевтың жұлдызы қашанда жоғары. Жұртшылық Ақтан Төлеубайұлының қайраткерлік, азаматтық, тұлғалық қасиетінен хабардар болғанымен, жиырмасыншы ғасырда халқымыздың басынан кешкендерінің барлығын бір адамдай көріп, жүрегімен сезінген осынау айрықша жаратылған ұлтжанды азамат туралы тереңірек айтуға бел будым. Тағдыр оны ата-анадан ерте айырды. Соның салдарынан Ақтан Төлеубаев менің әкем Шермұханбет Ахметовпен балалар үйінде тәрбиеленіп, өмір жолына қанаттанды.
Олар – өткен ғасырдың 30-ыншы жылдарының ұрпағы. Өмірдің жақсысын да жаманын да көрді. Құлтума жырлары дәуірімен үндес, егемендікпен еншілес, тәуелсіздікпен тамырлас. Бірақ та сол кездегі кеңес заманы озбырлығынан тайсалмаған Ақтан Төлеубаевтың ел мен жерге деген жүрек лүпілін сезініп, оның рухына бас иеміз.
Кезінде «Литер» газетінде К.Нұртазина: «Алып тұлға өмірден ерте кетті. Ұлы Отан соғысы жеңе алмаған азаматты ауыр дерт жеңді. Ол небәрі 54 жаста еді. Бірақ, өмірінің осы қысқа мерзімінде Ақтан Төлеубаев өз Отанының нағыз азаматы болып, ерен еңбегінің арқасында ұлт мақтанышы дәрежесіне көтерілді. Осындай адамдар қол жетпейтін үлкен жұлдыздар тәрізді, ерте сөнсе де, оның жарық сәулесі әлі де ұзақ шапағатын төгіп тұрады…», – деп жазған еді.
Сондай алмағайып кезеңдерде Ақтан Төлеубаев сынды тұлғалар жанын шүберекке түйіп жүріп, халыққа пайдасы бар-ау деген барлық шаруаға тікелей атсалысты. Жанам деп тұрған қаншама жүрекке от берді. Ол жөнінде кезінде аудандық атқару комитетінің төрағасы лауазымын атқарған Амангелді Ыбырайдың кітабында былай делінген: «Кезінде жақсылық тілеген, қол ұшын беріп, ақыл, кеңес берген аудан басшыларының бірегейі Ақтан Төлеубайұлы еді. Ең алғаш совхоз партия ұйымының хатшылығына да ұсынған сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ақтан Төлеубаев болатын. Осы кісіге әрқашан тағзым етіп, ризашылығымды білдіріп отырамын».
1924 жылы Целиноград облысы Атбасар ауданында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген оның қайраткерлік тұлғасын, адамгершілік келбетін барынша жарқыратып көрсету үшін мына бір тарихи сәттерге барлау жасасақ, артық болмас деп ойлаймын. 1942-1947 жылдар аралығында он сегіз жасқа жаңа толған жас азамат майдан даласында Отан үшін от кешті. Қанды жорықтардың талайын басынан өткізіп, жеңіс мерекесін Чехословакияның астанасы Прага қаласында қарсы алды. Қатарынан екі рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.
Елге оралған соң қажырлы еңбек етті. 1947 жылы партия комитетінің нұсқаушысы, Атбасар аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істеді. Ал, 1950 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Алматы жоғары партия мектебін бітіріп, 1955 жылға дейін Ақмола облыстық партия комитетінің ұсынысымен Целиноград, Атбасар аудандарында атқару комитеттерінің төрағасы болды. Қиындықтан қайыспаған, партия тапсырған қызметтерді зор жауапкершілікпен атқарған жігерлі Ақтан Төлеубайұлы 1955 жылдан 1958 жылға дейін КОКП Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебінде білімін шыңдады. 1963 жылы Алексеев ауданының, ал, 1966 жылы Қорғалжын ауданының партия комитеттерінің бірінші хатшысы лауазымдарында жемісті еңбек етті. Әсіресе, оның соңғы аталған өңірге сіңірген еңбегі орасан зор.
1962 жылы Қорғалжын ауданының егістік көлемі 347 мың гектарға жететін. 12 кеңшары, 29 ұжымшары бар үлкен аудан болатын. Бір шеті мен екінші шетінің арасы 400-500 шақырымдай. Осындай ұлан-байтақ жерде жоғарыда көрсетілген ұжымшарлар мен кеңшарлардың шаруашылықтары орналасқан. Міне, қарасаң көз жетпейтін аймақтағы шаруашылықты, қазіргідей автокөлік, жол жоқ, тек сүрлеу ғана, атпен жүріп басқару, оларды қысы-жазы азық-түлікпен қамтамасыз ету қиынның қиыны болатын. Бұл кейбір жандарға ертегі сияқты болып көрінуі мүмкін. Бірақ, бұл – шындық. Міне, осы аймақты басқару Ақтан Төлеубаевқа жүктелген-ді.
Шөл-шөлейт, құрғақшылық белең алған Қорғалжынның «Қыр» атанған оңтүстік аймағын игеру Қазақстанның, оның ішінде Ақмола облысы басшыларының алдарына қойған негізгі міндеттерінің бірі еді. Ол үшін сол аймақтағы жайылымдарды суландырып, мал басын көбейту қажет болды. «Ақмолаводстрой» тресінің көмегімен мал жайылымдарын суландыру үшін жүздеген бөгеттер мен тоғандар салынды. Кейіннен сол суландырылған аймақта оңтүстік қой совхоздары тресі ашылды. Осы өңірде Ақтан Төлеубаев ағайынды алаламай, алысты жатсынбай, қолынан келген жақсылығын жасады. Жиырма жылдан кейін балалар үйінде бірге тәрбиеленген досы Шермұханбетті кездестіріп, бір қуанса, жұмысын тиянақты етіп, көңілі орнына түсті.
КОКП ХХIII съезінде өзі жауынгерлік міндетін атқарған әскер қолбасшысы маршал И.Коневке съездер залында рапорт беріп, шалғайдағы мал өсіріп жатқан әсіресе, қой шаруашылығындағы малшылардың еңбегіне тоқталып, оларды баспанамен, техникамен қамтамасыз ету, балаларына мектеп-интернат ашу, жоғары оқу орындарында білім алу үшін мүмкіндіктер жасау мәселесін күн тәртібіне қойды. Соның нәтижесінде алпысыншы жылдары оңтүстік қой совхоздары тресі жаңа автокөліктермен жабдықталып, комсомол жастардан шопандар бригадалары жасақталды, оның мүшелері жеңілдікпен жоғары оқу орындарына қабылдана бастады. Аудан орталығында мектеп-интернатының құрылысы басталып, алты айдың ішінде пайдалануға берілді. Міне, 45 жылдан кейін осы білім ошағына Ақтан Төлеубаевтың есімі беріліп отыр.
Мұрағат құжаттарына сүйенсек, ертеде ауылсеріктен құралған Қорғалжын ауданы алпысыншы жылдардан бастап алға қарай дами бастады. Совхоздарда орта мектеп, аурухана, кітапхана, клубтар, сауда орындары ашылып, халыққа қызмет көрсетті. Ақтан Төлеубаев осы ауданға бірінші хатшы болып келген 1966 жылы ел аузында «Қорғалжынның қызыл академиясы» деп аталатын мектеп бес қабатты жаңа мектепке көшті. Сол қызыл мектептің түлегі Әділхан Шабатов Ақтан ағасының қолынан 1972 жылы 2 тамыз күні ауданды басқару тізгінін алып, өмірінің соңғы күндеріне дейін халқына адал қызмет етті.

«Таудай талап адамды биіктерге алып шығады» деген сөздің жаны бар. Ақтан Төлеубаевтың күн-түн демей, аянбай сіңірген еңбегінің нағыз патриоттық үлгісі зор болды және ол бағаланбай қалған жоқ. Бүгіндері оның есімі орта мектепке беріліп, мүсінінің орнатылуы –
рухани мәні бар оқиға. Мемлекетіміздің ертеңі болып саналатын бүгінгі мектеп оқушыларына Ақтан атасындай еліне қалтқысыз қызмет етуді тілейміз. Мен осы арада сәл шегініс жасап, осынау шараны ұйымдастырудың басы-қасында болған, өңірге белгілі басшы, Қорғалжын ауданының құрметті азаматы Қайрат Ақтанұлының еңбегін ерекше айтқанды жөн көріп отырмын. Еліміздің тарихында Ақтан Төлеубайұлының есімі жұлдыздай жарқырап тұр. Қандай қызметте жүрсе де, өзінің азаматтық қайраткерлігімен ел құрметіне ие бола білген оның өмір жолын елжандылықтың мерейлі көрінісі дер едім. «Туған жерге туың тік» деген бабалар өсиетіне адал болып, бар өмірін елінің бақытына арнап, аянбай еңбек еткен тұлғалар туралы айту кейінгі ұрпақ алдындағы патриоттық парызымыз деп білемін.

Мұхит ШЕРМҰХАНҰЛЫ,
партия және еңбек ардагері.
Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар