Ақмола облысы «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы қоғамдық бірлестігі, облыстық оқу-әдістемелік орталығының мұрындық болуымен және облыстық білім басқармасының қолдауымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні аясында, Көкшетау қаласындағы дарынды балаларға арналған №3 мектеп-интернатында облыстық «Бала би» шешендік өнер сайысын ұйымдастырды.
«Бала би» интеллектуалды шешендік өнер сайы-
сы қазақы ортада білімді әрі шешен сөйлейтін балалардың буынын қалыптастыру арқылы болашақ ел зиялыларын тәрбиелеуді көздейді. Қазіргі таңда оқушыларымыз батыстың әндері мен киноларын көріп өскендіктен және басқа да факторлардың әсерінен таза әдеби қазақ тілінде сөйлеуге қиналады. Тіпті, қоғамдық орындарда әліпбидің қазақы әріптерін бұрмалап сөйлейтін адамдардың саны аз еместігін күнделікті өмірден де, теледидардан да көріп жүргеніміз жасырын емес. Осы орайда, «Бала би» шешендік өнер сайысының ұйымдастырылуы әбден орынды деп санаймыз, – дейді байқау ұйымдастырушылары.
От ауызды, орақ тілді бала шешен атану үшін облысымыздың Ақкөл, Астрахан, Аршалы, Бурабай, Зеренді, Еңбекшілдер, Есіл, Егіндікөл, Жақсы, Целиноград аудандарынан және облыс орталығының өзінен жалпы саны 16 топ, 32 оқушы қатысты. Сөздің салмағын біліп, мірдің оғындай дөп тигізетін ұландардың сайысында ақыл жастан деді ме, кім білсін, қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшірудің тиімді жақтары, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын орындау барысында жасұландықтардың қосар үлесі, «Алаш» қозғалысының негізгі жетістігі тақырыптарында пікір алмасылды.
Cайыстың қорытындысы бойынша I орынды Бурабай ауданы Атамекен ауылынан келген «Жауһар» тобы жеңіп алды. II орын қалалық №3 дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының «Қара қылды қақ жарған» тобына бұйырса, үздік үштікті түйіндеу Аршалы ауылынан келген «Болашақ» тобының еншісіне жазылыпты. Ал, «Үздік төреші» деген атты Зеренді ауданы, Шағалалы ауылы орта мектебінің ұстазы Нұрбота Сүлейменова иемденді.
Қымбат-Ай ТОЙЛЫБАЙ.