Жүректегі жан дүние

Алаштың ақын ұлы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, Тұңғыш Президенті қоры сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының Президенті стипендиясының үш мәрте иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Ақмола облыстық филиалының төрағасы, жерлесіміз – Алмас Темірбайдың өлеңдерінің желісімен құрылған «Алып елім – Алашым!» атты әдеби-музыкалық композициясы көрермен көңілінен шығып келеді.

Қазіргі қазақ театры қандай деңгейде? Заманауи драматургия бүгінгі замана көшіне ілесе алып жатыр ма? Өлмес тақырыптағы, өр рухты замандастарымызды сахнадан қашан көреміз? Неге бізде осындай бітпес сауалдар, жауапсыз сұрақтар көп? Бәрінің түйісер жолы біреу-ақ, ол тығырыққа тірелген руханият, әдебиет, өнер. Демек, бізге тегеуріні қатты жаңа толқын қажет, жаңа драма қажет.
Сондай жақсы бастаманың бірі Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрындағы ағымдағы жылдың 7-ші желтоқсанынан бері репертуардан түспей сахналанып келе жатқан Алаштың ақын ұлы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, Тұңғыш Президенті қоры сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының Президенті стипендиясының үш мәрте иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Ақмола облыстық филиалының төрағасы, жерлес ақынымыз – Алмас Темірбайдың өлеңдерінен құрылған «Алып елім – Алашым!» атты әдеби-музыкалық композициясы. Қойылымның қойылуына театр директоры Мұратбек Оспанов арқау болып ой тастаған болса, түгелдей сахналануы, режиссерлік туынды ретінде халыққа ұсынылуы театрдың талантты жас актерлерінің ұжымдық еңбегі. Әлбетте, осы ретте Медет Хамзин бастаған ұйымшыл жастардың ізденісін атап айта кеткен жөн.
Жалпы, қазақ жұрты сөзге құлақ түрген, сөзге тоқтаған, сөзге құрмет көрсеткен халық. Өлең оқығанда ақындар қауымы ырғаққа салып, пафостық айғаймен жеткізетіні бәрімізге мәлім. Ал, әртістер қауымы өлеңге өзіндік рең қосты. Ақынның шыр-пыр болған жан дүниесін жүрекпен жеткізді. Өлеңге өң берді. Алмастың қоғамдық көзқарасы, адамдық болмысы, азаматтық жеке мені әртістердің алма-кезек оқыған туындылары арқылы көрермендер мен кейіпкерлер арасында көзге көрінбес көпір орнатты. Әр өлеңнің мазмұнына сай атмосфера тудырды. Мектеп бітіріп жатқан түлектердің мектеппен қоштасар сәтіндегі көңіл-күйлері сан құбылып әлеуметтік кедергілермен кездесуге әкеліп соқты. Бұнда тек жастардың табиғатына сай махаббат тақырыбы ғана емес қоғамдық белең алған тасбауырлық аналар, тастанды балалар, шұбарланған тіл, бақталастық, жасандылыққа толы жасанды адамдар, бәрі-бәрі тайға таңба басқандай көрініп тұрды. Дәлірек айтар болсақ, Ақжібек Саттарова, Асланбек Шайсұлтанов, Санжар Ақмағамбетов, Самат Шәймерденов, Гүлнұр Қожанова, Ержан Әубәкіров, Назерке Ерікқызы сынды әртістердің оқыған өлеңдері жауапсыз махаббатқа, іңкәр сезімге, алдамшы үмітке, жаңа тұтанған балауса ғашықтыққа, қызғаныш пен сағынышқа толы болды.
Махаббат тақырыбынан бастау алған музыкалық композиция біртіндеп күрделеніп, ерекше мизансценалық картиналарға құрылған түйткілді өлеңдермен өрістеп отырды. Еркебұлан Төлеуов оқитын «Ең әдемі фотосурет» дейтін өлең реквизитті бутафорлардың көмегімен тілдік мазмұнға сай шешім тапқан. Естелік болып қалған ескі суреттер көз алдымызда ешқандай лэд экранның көмегінсіз-ақ көпшілік сахнадағы әртістердің бет-әлпеті арқылы нанымды, әрі сәтті өрнектелді. Мейрамгүл Апсалямова оқыған «Б/у жүрек сатамын» өлеңі көрермен қауымды еріксіз таңқалдырды. Біріншісі арын, екіншісі жанын, үшіншісі қанын, келесісі тәнін, енді бірі елін, тағы бірі жерін сатамыз деп сандалып жүрген саудагерлер өмірі аяқ астынан кеңсе ішіндегі мәжіліс залына айналып кетті. Ал, Дархан Хасенов оқыған «Ертең – сенбі» өлеңінде біз қағазбастылық пен әлеуметтік желіге шырмалып өмірін өткізіп жатқан қазіргі адамзаттың айна-қатесіз баламасын сахнадан көрдік, тұрмысқа шықпай жүрген қыздардың тағдырына алаңдадық. Сахнаның сәл күңгірттенгені сол еді Гауһар Сенбі есімді актриса «Ана тілдің тағдыры…» деп басталатын «Бәлду-бәлду» өлеңі жүректі тебірентіп жіберді. Асылбек Тәшімов оқыған «Жасанды әйел» өлеңі музыкалық әуеннің ырғағына билей жүріп, шашы да, қасы да, күлкісі де, бетіне бес батпан бояу жаққан түр-түсі де жасанды әйел затын ащы әжуалады.
Егер музыкалық сүйемелдеу болмаса бұл қойылым әдеби-музыкалық композиция болмас та еді. Оқиға ауанына сай жанды дауыста ән салған Зүлкәпіл Батихан, Рашида Ғалымова, Ақмарал Жайлауова, Гүлнұр Қожанова, Медет Хамзин сынды өнерпаздардың да өзіндік үлесі болды. Ән арқылы оқиға өрісін өзгертіп, әуен ырғағына тербеле билеген сәттер адам өміріндегі зымырап жатқан бағалы естеліктердің бір-бір ұшқынындай әсер сыйлады. Дегенмен, оқиғалар арасын ұдайы әнмен жалғау көрерменді жалықтыратынын, әрі бұл ең оңай тәсіл екенін де ескере кеткеніміз жөн. Мәселен, бұның орнына бастан аяқ оқиға ауанын бағалап жүрген ремаркалық Мим кейіпкерін (бұл туралы әңгіме бөлек) пайдаланғаны абзал-ау. Алмас Темірбайдың өлеңіне арқау болған қойылымның қорытындысы ұлттық болмысымыз Отанды сүюге, отбасын сақтауға негізделді. Сахна сыртынан естілген тосын жаңалықтарда елімізде ушығып белең алған ең түйткілді оқиғалар, жан түршігерлік келеңсіздіктерді жария етті. Осы сәтте биікте тұрған шаңырақ біртіндеп аласарып, шаттығы бұзылған үйдей шайқала бастады. Уық болып байланған әртістердің қолындағы ленталар шатысқан шырмауықтай шырмалып, біресе тастанды сәбидей лақтырылып жер-көктің бәрінде шашылып жатты. «Отан – отбасынан басталады» деседі дана халқымыз. «Қайран қазақ нең қалды?!» деп күңіренген актер Медет Хамзин жанарларға жас үйірді, көкіректерге сәуле құйды. Өлең барысында автордың айтқысы келген тексізденген ұл, бетсізденген қыз, шұбарланған тіл мен ұмытылған діл барлығы жетер жеріне жетті, естір құлақ пен көрер көзге көрініп тұрды. Финалда жерде шашылып жатқан шақалақтарға жан біткендей сахна кеңістігін кішкентай балалардың былдырлап айтқан Мемлекеттік әнұраны билеп алды. «Алтын күн аспаным…» деп ән салған сәби дауысы тас бауыр әке мен шарасыз шешенің жүрегіне мейірім ұялатты, әркім өз сәбиін құшағына басып, түгел адамзат болып ортақ қарашаңырақты биікке көтерді.
«Өмір – үлкен аквариум. Адамзат жүзіп жүрген балықтай. Егер жазушы болам десеңдер, аквариумның ішінде бірге жүзбей, сыртынан қара, бағала, көр» – дейтін Роза Мұқанова шеберлік дәрісінде. Міне, осы спектакльдегі Мим кейіпкері барлық оқиғаларды, таласқа түскен тағдырларды ұдайы бақылап, жаны күйініп, жүрегі ауырып жүреді. Демек, Ұлықпан Қайратбекұлы кескіндеген ақ маскалы Мим кейіпкер – осы әдеби композицияның авторы Алмас Темірбайдың прототипі. Ғашықтарға гүл мен шар, адамзатқа махаббат сыйлағысы келетін Мим болмысы – өршіл өлеңімен, рухты жырымен жалын атқан сезім ұсынғысы келіп ұдайы ізденісте жүретін Алмас Темірбайдың дәл өзі.
Бұл «Алып елім – Алашым!» композициясы ешбір диалогсыз өлеңнен-ақ қойылым жасап шығуға болатынын дәлелдесе, шығармашылық кеш пен мерейтойларды ат мінгізіп, шапан жапқызып, кезек-кезек сөз сөйлетпей-ақ осылай жасаса тіптен жарасымды екенін тағы бір аңғартты. Жалпы өлең – әртістердің тіл тазалығын ғана қалыптастырып қоймай, сөз саптауы мен ой қорытуына жол ашатын ең қажетті тәсіл. Өлеңді судыратып айта салып, кейбір сөздерден сүрініп, тілі күрмеліп жатқан әріптестерімізге күніне жарты сағаттан болсын уақыт бөліп, өзі мен өзі көбірек дайындық жасаса екен дейміз. Премьера күні театр директоры Мұратбек Оспановтың өзі айтқанындай «Бұл бастама тек Алмас Темірбаймен үзіліп қалмаса екен. Өңірдегі қаламгерлеріміздің қадіріне жетейік. Бірімізді-біріміз қолдай білейік, жарнамалай жүрейік. Себебі, біз өте азбыз…». Біздің де жұртшылыққа айтарымыз осы.
Нұрислам ӘБДІЛ,
Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар