Жаңа өнімдер шығарыла бастады

Өткен сенбі күні облыс әкімі Мәлік Мырзалин кезекті жұмыс сапарымен Степногорск қаласында болып, бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысты, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні мерекесіне тарту ретінде қос өндірістік желіні іске қосты.

Степногорск қаласы экономикасы қарқынды дамып келе жатқан моноқалалардың ішінде көш бастап тұр. Өңірге жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы өнеркәсіп саласының тыныс-тіршілігімен танысты. Аймақ басшысы алдымен этилл спиртін өндіретін «Биокорм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс цехтарын аралап көрді. Кәсіпорын директоры Наталья Лощинскаяның айтуынша, зауыттың қуаты жылына 692 мың литр этилл спирті мен 1200 тонна көмірқышқыл диоксидін өндіруге мүмкіндігі бар.
– Кәсіпорында 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Өнімді негізінен, облыс орталығындағы «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы мен Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы медициналық мекемелер тапсырыс бойынша сатып алады. Бізде өндірілетін өнім еліміз бойынша табиғи жолмен алынатын сапалы спирт болып саналады, – дейді Наталья Лощинская.
Одан әрі өңір басшысы осындағы «Астана-Нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инсектицид шығаратын жаңа желісін іске қосу рәсіміне қатысты. Ұжым алдында құттықтау сөз сөйлеп, қолға алған жобаларына сәттілік тіледі.
Аталған жоба егін шаруашылығымен айналысатын еліміздің астықты өңірлерін аса қажет тыңайтқыштармен, зиянкестерден қорғайтын инсектицидпен қамтамасыз етуге айтарлықтай игі ықпалын тигізетін болады. ТМД елдерінің аумағында дәл қазіргі күні химиялық тыңайтқыштар мен химикаттар шығаратын мұндай ірі кәсіпорын жоқтың қасы. Шетелдік озық технология-мен жұмыс істейтін зауыттың жұмысы түгел автоматтандырылған. Кәсіпорын өнім құйылатын әртүрлі сыйымдылықтағы пластмасса құтыларды да түгел өзі шығарады.
Компания бүгінгі күні егіншілікке қажетті 30-дан астам түрлі химиялық тыңайтқыштар, зиянкестермен күреске арналған химикаттар шығарады. Жыл сайын 15 миллион литр жоғары сапалы гербицид пен пестицид өндіреді. Жаңа желі өнім көлемін 1,5 миллион литрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Осы күні Ұлттық биотехнология орталығының филиалы «Өнеркəсіптік биосинтез «Ғылыми зерттеу институты» серіктестігінің зертханасында Оңтүстік Корея елінің зертханалық қондырғыларымен жабдықталған жабайы аңдардың құтыру вирусына қарсы екпе шығаратын жаңа цех іске қосылды. Серіктестік директоры Дархан Балпановтың айтуынша, Қазақстан нарығындағы екпенің 30 пайызға жуығы осы зертхана үлесінде.
– Ғылыми орталық жануарлар мен аңдардың барлық түрлеріне құтыруға қарсы екпе шығаруды қолға алып отыр. Қазірдің өзінде мамандар 10-ға жуық екпе түрі бойынша жұмыс істеуде. Орталықта 170 адам жұмыс істейді. Олардың көбі білікті мамандар. Елімізде құтыруға қарсы екпе тек бізде шығарылатындықтан, кəсіпорынның болашағы зор екенін сеніммен айтуға болады, – деп атап өтті кәсіпорын басшысы өз сөзінде.
Бұл жолы зертхана мамандары бұл дәрілік препаратты түлкі, қасқыр тәрізді жабайы аңдардың құтыруына қарсы жасап отыр. Оны сондай-ақ, ит жəне мысыққа да егуге болады екен. Ал, орталықтың осыған дейін үй жануарларына арнап шығарған екпесі қазір нарықта саудаға шығарылды. Негізгі тапсырыс беруші Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринария комитеті болып отыр.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақыттан бастап тұтынушыдан өңдеуші мемлекетке айналды. Қазір «Қазақстанда жасалған» өнімдері өзімізді айтпағанда, ептеп өзгелердің де нарығына еніп жатыр. Степногорск қаласындағы өндіріс орындары да осыны мықтап қолға алып отыр.

Аслан Оспанов.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар