«Бір рет ексең, бес жыл бойы өнім береді»

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға жете көңіл бөлінген.

Бүгінгі таңда астық экспорттауда әлемде алдыңғы қатарлы он елдің санатына кіретін Қазақстан үшін егін шаруашылығын дамытудың маңызы зор. Осы орайда, Шортанды ауданында орналасқан «А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-інің еліміздегі егіншілік саласын өркендетуге елеулі үлес қосып отырғаны ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай. Жақында газет тілшісі аталмыш орталықтың директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Кенже
Абдуллаевпен сұхбаттасып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын сұрап білген еді.

Мұндай бидай тұқымы Америка Құрама Штаттарында бар екен. Жыл сайын орталықта 95 мыңнан астам түрлі дақылдардың үлгілері зерттеледі. Әлемнің 59 елінде өсірілетін түрлі дақылдарды жергілікті жерге жерсіндіру, будандастыру арқылы жаңа өнімді сорт алу бағытында мақсатты жұмыстар атқарылып келеді. Дәнді және бұршақ дақылдарынан басқа тары, қарақұмық, картоп және майлы дақылдардың жаңа сорттарын ойлап шығару бағытында да өнімді жұмыстар жүргізуде. Бүгінгі күнге дейін тарының 20 сорты, картоптың 26 және күнбағыстың 9 сорты шығарылды.

– Еліміздің егіншілік саласын ғылыми тұрғыдан дамытуда сіздің орталықтың қол жеткен жетістіктері ұшан-теңіз. Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасаңыз.
– Аталмыш орталық ғалымдары шығарған дәнді, майлы, бұршақ дақылдары мен екпе шөптің жүздеген сорттарын бүгінде әлемнің көптеген елдерінің диқандары пайдаланып, игілігін көріп отыр. Орталықтың сан салалы қызметі тек жаңа өнім сорттарын шығарумен шектелмейді, егіншілік мәдениетін көтеру, астық сапасы мен өнім көлемін арттыру, топырақ құнарлылығын жақсарту, адам денсаулығына игі ықпалы бар жұғымды дақылдарды өсіру сияқты маңызды шаруалармен де айналысуда.
Өткен ғасырдың 30-шы жылдарының ортасында құрылған Шортанды кентіндегі тәжірибе стансасы егін шаруашылығын дамытуға байланыс-
ты ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын шағын мекеме еді. Мұндай тәжірибе стансалары ол кезде әр өңірде болатын. 1950 жылдардағы тың және тыңайған жерлерді игеру егіншілік ауқымы күрт өскен аймақта егін шаруашылығы мәдениетін көтеріп, дамыту қажеттілігін туындатты. Осылайша 1956 жылы тәжірибе орталығының негізінде Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынышты ғылыми-зерттеу институты құрылды. Институттың ең шарықтап дамыған тұсы академик Александр Иванович Бараевтың есімімен тығыз байланыс-
ты болды. 1972 жылы академик Бараев бастаған ғалымдар тобы жасаған топырақ эрозиясына қарсы шаралар кешені Лениндік сыйлыққа ие болды. Кейінірек орталықтың тағы бір топ ғалымы КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Бұл – Шортанды ғылыми-зерттеу орталығының шарықтап дамып, барша әлемге танылған, даңқ тұғырының шырқау биігіне көтерілген кезі еді.
– Енді тарихтан бүгінгі күнге ойысайық. Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі ретінде еліміздегі егіншілік саласының бүгінгі жай-күйін айтып өтсеңіз.
– Қазіргі таңдағы егін шаруашылығы саласындағы жағдайға келетін болсақ, Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан біздерге біраз міндеттер жүктеліп отыр. Осы күні елімізде егіліп жатқан тұқымның 50 пайызы қазақстандық сорт та, қалған 50 пайызы ресейлік бидай тұқымының үлесінде. Сондықтан, алдағы уақытта отандық үлесті арпа болсын, бидай болсын, 90 пайызға дейін жеткізу көзделген. Осы бағытта біздің ғалымдар беріліп жұмыс істеп жатыр.
Тұқым шаруашылығын алсақ, біздің ғылыми орталық тұқым сорттарын шығаратын ординатор болып саналады. Осы күні еліміздегі егістік алқаптарына себіліп жатқан тұқымның Ақмола облысында 78 пайызы, Солтүстік Қазақстан облысында 49 пайызы және Қостанай облысында 12 пайызы біздің ғалымдар шығарған тұқымдар үлесінде. Дегенмен, отандық тұқым түрлерінің үлесін арттыру үшін, яғни, егістік алқаптарға солтүстікке бейім П1, П2, ПР1, ПР2, ПР3 тұқым түрлерін толық егу үшін ең бастысы уақыт керек.
Осыған орай, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде шаруашылықтардың егістік алқаптарында жаппай 1-2 сортты тұқым себу бойынша карта жасалып жатыр. Бірақ, оны жүзеге асыру үшін біз сияқты ординаторлар егіншілікпен айналысатын шаруаларды тұқыммен жүз пайыз қамтамасыз етуіміз қажет. Ал, оған біздің материалдық-техникалық базамыздың әлсіз болуы мүмкіндік бермей отырған жайы бар. Сондықтан, бізге ең бастысы, сынақ алқабының көлемін ұлғайтып, материалдық-техникалық базаны нығайту қажет. Оған қоса, сынақ-тəжірибе жүргізу үшін шалғысы 1 метрлік «винтаж стаер» комбайны керек. Бұл жағынан Ауыл шаруашылығы министрлігі көмектескелі отыр. Қалай болғанда да алдағы уақытта егістік алқаптарда отандық тұқымның үлесі артатынына сеніміміз мол. Оған жету тек уақыттың еншісінде.
– Соңғы жылдары егістік өнімдерін әртараптандыру туралы көп айтылып жүр. Осы жағынан өзіңіздің пікіріңіз қандай?
– Бүгінгі таңда егін шаруашылығы саласында рапс, жасымық, түрік бұршағы (нут) сияқты жаңа дақылдар егілуде. Осыған дейін 2014 жылы жасымық 20 мың гектарға егілсе, қазір бір ғана Ақмола облысының өзінде 600 мың гектарға жетіп отыр. Нарықта жасымық бағасының бидайдан қымбат болуы себебінен диқандар осы дақыл түрін егуді қолға алуда.
Бұл өнімдердің бағасы бидай құнынан шамамен 4 есеге қымбат. 1 миллиардтан астам халқы бар, жұтынып отырған Үндістан сияқты елдердің рапс пен жасымыққа сұранысы жоғары. Сол себепті, әртараптандыруға көшіп отырған жайымыз бар. Біз соңғы үш-төрт жыл бойы рапс, жасымық, түрік бұршағы дақылына зерттеу жүргізіп келеміз. Бұл дақылдар жоғарыда айтқан үш облыс аумағында өсірілуде. Жасымықтың жаңа сорты мен өсіру технологиясын ойластырып шығардық, онда яғни, қайда, қалай, қай уақытта егу, зиянкестерімен күресу жолдары қамтылған. Қазіргі кезде ол «Астық холдингі» өңірлік ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, «Жер-1» ЖШС тəрізді бірқатар шаруашылықтарда қолданылуда. Жалпы, әртараптандырудың пайдасы зор, ол біріншіден, табыс көзі болса, екінші жағынан, жердің тыңайтылуына мүмкіндік береді.
– Бізден еш артықшылығы жоқ, тіпті, климаты да ұқсас Канада əр гектардан 50 центнерге дейін астық алуда. Ал, бізде неге орташа көрсеткіш 10 центнерден немесе əрі кетсе 15-тен аспайды?
– Қазақстан нарығында отандық тұқым сорттары, оның ішінде біздің орталық ғалымдары шығарған сорттар 4,8 миллион гектар жерге себіліп отыр. Алдағы уақытта оны 6 миллион гектарға дейін ұлғайтуға болады. Алдағы уақытта дейтін себебім, бір тұқым сортын шығару үшін 12 немесе кем дегенде 7-8 жыл кетеді. Осылай жаңа тұқым сорттарын, оның ішіндегі ыстыққа төзімді сорттарды шығарып, нақты өнім алуға болатын еді. Ал, ресейліктер жағдайды баяғыда жасап қойған. Енді АҚШ жəне Канададан біздің өнімнің айырмашылығы, олардың сорттары, технологиясы мен техникасы дұрыс болып тұр. Біздегі мәселе – сортты дұрыстауымыз керек. Технология жағдайын шешуге болады. Технология деген ол тыңайтқыш. Біздегі тыңайтқышқа субсидия беріп жатса, бүкіл ауыл шаруашылығы саласындағы фермерлердің барлығына оны алып берсе, жердің құнары мен өнімділігі артады. Біздің елде де гектарынан 30 центнерге дейін алатын шаруашылықтар бар. Мүлдем аз алатындар да бар. Сондықтан, төмен өнім алатындар орташа көрсеткішке кері əсерін тигізеді.
Астық шығымын арттыру үшін ең бастысы технологиясын сақтау қажет. Бізде астық уақытылы себіліп, уақытылы жиналмайды. Мəселен, ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған Канадада тұқым бар-жоғы 7 күнде себіліп, осыншама уақытта жиналып алынады. Ал, бізде бұл көрсеткіш 20 күнге дейін, тіпті, одан асып кетіп жатады. Бір сөзбен айтқанда, технология барынша толық сақталмайды. Одан қалды, материалдық-техникалық базаның дұрыс болмауы да бар. Бұлар өз кезегінде астықтың шығымы мен сапасына кері әсер етеді.
– АҚШ-та кейінгі кездері бір рет егіп, қатарынан бес жыл орып отыратын астық тұқымы туралы жиі айтылып жүр. Сонда бұл не қылған жетістік?
– Жақында АҚШ-тың Миннесота штатында мен де болдым. Осында көпжылдық бидай өсіру үрдісімен таныстым. Бұл бидайды біздің елге алып келу мəселесі қаралуда. Оған əрине, мамандары, технологиясы бар демекші, тағы да қаржы қажет. Сондықтан, біз Үкімет тарапынан бөлінетін грантқа қатысудамыз. Бұл бидай тұқымының артықшылығына келетін болсақ, оны 1 рет тасты, құнарсыз жерлерге егіп, қатарынан бес жыл орып отырасың. Тамырын 1,5 метрден астам тереңдікке жіберетіндіктен, бұл бидай өсімтал келеді. Өскен жерінде арамшөптер болмайды. Əрине, өнімділігі кəдімгі бидайдан 10 пайызға төмен. Класы да солай. Есесіне көктемде егу жұмыстарын қажет етпейді. Жалпы, күзгі егін орағында түскен пайданың 40 пайызы көктемгі дала жұмыстарына жұмсалатынын ескерсек, 10 миллионнан астам гектар жерін арамшөп басып жатқан біздің елімізде осындай бидай тұқымын өсіру маңызды. Бұл бір жағынан мал жемінің, екінші жағынан арамшөптермен күресу мəселесін шешуге септігін тигізер еді.
– Сөз соңында орталықтың жұмысы мен ғалымдары шығарған астық тұқымдары туралы кеңірек тоқталсаңыз.
– Орталық осы күнге дейін өз тарихында 74 жұмсақ бидай, 15 қатты бидай, 23 арпа және 3 күздік жұмсақ бидай тұқымын шығарды. Кеңес заманында басталған жақсы дәстүр бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Орталық мамандары жергілікті жердің табиғатына, топырақ құнарлылығына, ауа райы жағдайына лайықталған жаңа дақылдардың сорттарын шығару бағытында жемісті жұмыстар жүргізіп келеді. Соңғы бес жылдың ауқымында институт осындай 17 жаңа сорт шығарған. Оның 7-еуі бидай сорттары болса, екеуі арпа, сондай-ақ, күнбағыс, рапс және көпжылдық екпе шөп сорттары. Бүгінде ақмолалық диқандар көп қолданатын «Дамса юбилейный», «Корона», «Астана» сияқты бидай тұқымдары жоғары өнімділігімен де, сапалылығымен де диқан қауымының көңілінен шығып отыр. Өткен жылы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне арнайы бидай сорты шығарылып, сынақтан өткізілген болатын. Биыл бұл сорттың алғашқы өнімі алынды. Бұл бидай сор-
ты басқалармен салыстырғанда, сапасы жоғары болып шықты. Суыққа да төзімді келеді.
Жалпы, жыл сайын орталықта 95 мыңнан астам дақыл үлгілері зерттеледі, 2 мыңнан астам будандастыру жұмыстары жүргізіледі. Әлемнің 59 елінде өсірілетін түрлі дақылдарды жергілікті жерге жерсіндіру, будандастыру арқылы жаңа өнімді сорт алу бағытында мақсатты жұмыстар атқарылып келеді. Дәнді және бұршақ дақылдарынан басқа орталық тары, қарақұмық, картоп және майлы дақылдардың жаңа сорттарын ойлап шығару бағытында да өнімді жұмыстар жүргізуде. Бүгінгі күнге дейін тарының 20 сорты, картоптың 26 және күнбағыстың 9 сорты жасалыпты.
Осындай игі істерді ескере келе, ғылым мен өндірісті тығыз ұштастырып, еліміздің егін шаруашылығы саласын дамытуға елеулі үлес қосып отырған орталықтың әлі де мемлекетіміз бен халыққа берері көп деп білемін.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбатты жүргізген арнаулы тілшіміз
Аслан ОСПАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар