Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ипотека аларда әбден ойланыңыз!.. - АРҚА АЖАРЫ

Ипотека аларда әбден ойланыңыз!..

Ауылдан тәлім-тәрбие, білім алып, ата-анасының көмегімен мамандық иесі атанған жастардың көбі туған жерге қайтпай, қалада қалады. Өзіміз де солай оқу бітірген соң, қалада қалдық. Қалада жұмысқа орналасып, жөнімізді таптық деп өз-өзімізді жұбатып қоямыз. Бірақ, қалада жүрген көбіміздің пәтеріміз жоқ. Біреудің үйін жалдап, ай сайын бәлен мың пәтерақы төлеп тұрамыз. Еңбекақыңның қомақты бөлігін осылайша пәтерге төлеп, қағылған сайын, «неге ипотекаға пәтер алып, кіріп алмаймыз?» деп қиялдаймыз… «Егер осылай жасасам, ақшам бәзбіреуге емес, өз үйіме төленер еді ғой», –
деп бөтен қалтаға кетіп жатқан ақшаны ойлап ішің ашиды.

Бірақ, бір мәселе бар. Кез келген банкке ипотека ресімдейін деп бара қалсаңыз, алатын пәтеріңіздің 30 пайызы мөлшеріндегі алғашқы жарна сұрайды. Қалада жұмыс істеп жүрген қаракөздердің көбі осы 30 пайызды жинақтау үшін тыраштанып, банктен есеп-шот ашып, жинаумен күн өткізуде. Бір таныс құрбым таяуда сол қажетті соманы тауып, жылдам пәтер алуға кірісті. Ұнаған пәтерді сатып алды. Бірақ, «межеге жетер ақша табылды, қалғаны жеңіл болады», – деп ойлаған ойы болмай шықты. Жолдасы екеуі ипотеканы рәсімдеп, үйге кіргеннен бастап бұрынғыдан да қиын мәселелер басталды. Ал, енді ол қандай мәселелер? Оған қалай ұрынбауға болады? Мұндай мәселелердің туындамауы үшін қаржылық сауаты бар таныстарымнан арнайы ақыл-кеңес алғанды жөн санадым. Солардың бірнешеуін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім.

Артық қорыңыз болмаса, ипотека алуға болмайды

Кез келген жүргізуші алыс жолға шығарда артық бір дөңгелек алып шығады. Өйткені, жол бойында күтпеген жағдайлар орын алуы мүмкін. Сол тәрізді ипотека алғанда да алдын ала сақтану қажет екен. Экономистердің мәліметіне сүйенсек, 10 жыл сайын кез-келген отбасында бір қайғылы жай орын алатын көрінеді. Мысалға, әулеттегі ең жақын адамның өмірден озуы, не болмаса ауыр дертке шалдығуы, жұбайлардың біреуі жұмыстан шығып қалуы, жол апатына ұшырауы сияқты жайлар болмауына ешкім кепілдік бере алмайды. Осындай жағдайларда адамға әжептәуір қаражат керек. Ал, банк сіздің жағдайыңызға қарамайды. Нан-суыңа ақша таба алмай жүргенде, ипотекаңыздың үстіне пайыздар күн сайын қосылып, өсе береді. Мұның соңы үйді тартып алумен аяқталуы мүмкін.
Ипотеканы теңгемен алу пайдалы

Біздің елде үйдің бағасы теңгеге байланғаны белгілі. Ал, теңге – соңғы кезде қатты құбылуда. Айталық, сіз айлығыңызды теңгемен аласыз, ал, ипотеканы доллармен ресімдедіңіз делік. Егер осылай істейтін болсаңыз, болашақта доллардың құны жоғарылап, теңге құнсызданып кеткенде қатты ұтыласыз. 2008 жылдан бастап, қазіргі уақытқа дейінгі аралықта теңгенің осылайша құнсыздануының салдарынан доллармен үй алған талай отбасылардың шаңырақтары шайқалды. Сондықтан, доллардан гөрі өзіміздің төл теңгемізбен алған дұрыс болады.

10 жылдан көп уақытқа ипотека алмаңыз

Кез келген банкке ипотека аламын деп барсаңыз 15 жыл, 20 жыл, тіпті, 30 жылға дейінгі аралық мерзімге дейін қуана-қуана ресімдеп береді. Себебі, несиенің мерзімі неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым айына төлейтін сома аз болады деп сендіреді. Айтулары дұрыс, бірақ, сіз айына төлейтін ақшаның көлеміне емес, соңында банкке қаншама миллион теңге қосымша беретініңізді есептеңіз. Мәселен, 30 жылға несие алсаңыз, сіз шамамен 3 үйдің бағасын төлейтін боласыз.

Пайыздық мөлшерлемесі өзгермелі ипотекаға жоламау керек

Мысалға банктің мөлшерлемесі 1 пайызға өзгерді дейік. Бұл анау айтқандай, көп ақша емес сияқты. Бірақ, 5 миллион қарызыңыз 10 жылдан соң 50 миллион теңгеге көбейіп кететінін ескерсеңіз, қанша ұтылатыныңызды бағамдай беріңіз. Қысқасы, пайыздың мөлшері өзгереді дегенді естідіңіз екен, ондай ипотекаға жақындамаңыз.
Кредитіңізді қайта қаржыландыруға рұқсат бермейтін ипотекадан аулақ болыңыз

Уақыт өте, кейбір банктердің несиелік пайызы төмендеуі мүмкін. Сол кезде әлгі мекемеден арзанға қарыз алып, кредитіңізді жауып тастауға болады. Ал, егер оған рұқсат бермейтін банкке тап болсаңыз, барлығы несиесін өте аз пайызбен төлеп жатқанда, сіз баяғыша еселеп төлеумен боласыз.

Банктердің бәрінің ұсыныстарымен танысып шықпай, ипотека рәсімдемеңіз

Сіз жалақыны белгілі бір банктің карточкасы арқылы алатын болсаңыз, сол мекеме сізге көбіне «ұтымды» ұсыныстар айтып, сыртқа шығармауға тырысады. «Басқа банктерге қарағанда, бізде 2 пайызға арзан» деп қызықтырады. Ерінбей, басқа банктерді де аралап көрген жөн. Содан соң шешімді бірден қабылдамаңыз, ешкімнің әсіресе, банк қызметкерлерінің кеңесіне құлақ аспау қажет. Одан да қаржылық сауаты бар дос-жаранмен ақылдасыңыз. Банктерді аралаңыз, мейлінше көп ақпарат жинаңыз. Дұрыс таңдау ертең сіздің миллиондаған теңгені үнемдеуіңізге себеп болады.

Ипотекамен қоса, басқа да төлемдері 25 пайыздан жоғары болса, ондай несиені алмаңыз

Банк қызметкерлері барлық жерде осылай деп сендіріп, 40 пайыздық несиені ұсынуы мүмкін. Бірақ, мұндай ипотеканың еш пайдасы жоқ. Ең көп дегенде, 20-25 пайыздық несиені алуға тырысыңыз. Өйткені, өмірде түрлі жағдай болады. Мәселен, егер сіздің отбасылық табысыңыз айына 1 мың долларды құраса, ипотеканың төлеуге тиісті қарызы 125 мың теңгеден артық болмауы керек.

Ипотека алғанда өміріңізді сақтандыруды ұмытпаңыз

Өмірде түрлі жағдай болады. Жаман айтпай жақсы жоқ дегендей, жазым болуыңыз немесе жұмыс істеу қабілетінен айырылуыңыз мүмкін. Ол кезде ипотеканың қарызын төлеу жұбайыңызға міндеттеледі. Сол себепті, түрлі оқыс жайттардан өміріңізді сақтандырыңыз. Қайғылы жайтқа тап болғанның өзінде, қарызды белгілі уақытқа дейін төлей алатын мүмкіндік болады.

Ипотеканы біреу үшін алмаңыз

Жұрт бай екен деп ойласын деген ниетпен, қымбат пәтерге жүгірмеңіз. Біреудің алдында қалай көріну маңызды емес. Үй өзіңізге ыңғайлы, жаңа болса жетіп жатыр емес пе?!
Үйдің жылдық төлемі – сіздің жылдық табысыңыздан 2,5 есеге артық болса, ипотекадан бас тартқан дұрыс.

Жаңадан үйленген болсаңыз,
ипотека рәсімдеуге асықпаңыз

Бұлай дейтініміз, статистикалық соңғы мәліметтерге жүгінетін болсақ, қаншалықты сүйдім-күйдім десе де, жастардың 40 пайызы ажырасып жатыр. Ал, жалғызбасты адамға ипотека төлеу қиын.

P.S. «Өз үйім – өлең төсегім» дейді қазақ. Иә, әрқайсымыз өз үйіміздің болғанын қалаймыз. Осы мұратқа жетуде ипотека көмектесетіндей көрінеді бізге. Алайда, пәтерді қарыз ақшаға алар алдында дұрыстап ойланып, табысыңызды барынша есептеп барып, шешім қабылдағаныңыз жөн.

Ырысалды ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар